Жарнама
Қоғам

Тілегіміз – тыныштық

Қазіргідей қысыл-таяң кезде, бүкіл әлем пандемия салдарынан туындаған қиындықтарды еңсеріп, аурумен күресуге мәжбүр болып жатқан шақта Қырғызстан мемлекетінің ішінде осындай жағдайдың орын алуы – үлкен трагедия.

Қазақта «аспанымыз ашық болсын» деген сөз бар. Бұл тіркесті күнделікті өмірде жиі айтып, қолданғанымызбен, мәнін терең түсіне де алмайтын сыңайлымыз. Олай дейтін себебім, ықылым заманнан сөз қадірін терең түсінген қазақ халқының осынау сөзінің астарында ұлттық мүдде —   бейбіт өмірді аңсау жатыр.

Бейбіт өмір – ел тілегі, халық арманы. Қазақстан – біртұтас ел. Мұнда бір ғана халық, Қазақстан халқы өмір сүреді. Ал, біз секілді өзге ұлт өкілдері біртұтас халықты құрайды. Бізге керегі – тек тыныштық.

Мен қайғыны да, қиындықты да басынан кешірген ұлттың өкілімін. Шағын ғана Шешенстан республикасындағы түрлі деңгейдегі қақтығыстар болғаны бәрімізге аян. Қантөгістер, соғыстар, берекетсіздіктер. Ал, қазір ше? Ахуал тұрақталды. Бұл билік басына дұрыс адамның келуі маңызды екенін көрсетеді. Шешенстандағы жағдай – соның шынайы мысалы.

Жалпы, тарихтан да белгілі, соғыспен ештеңе шешілмейді. Ешбір соғыс жақсылық, жаңалық әкелген жоқ, тек зардабын тигізіп, кісі өлімі, елдің күйреуі сынды нәтижеге жетті. Саяси стратегтер де бұл тәсілдің тиімсіз екенін мойындайды. Мұсылман халықтарының негізгі өмірлік ұстанымы да – бейбітшілік пен тыныштық. Сондықтан да бауырлас қырғыз еліндегі жағдай соғыспен емес, бейбіт жолмен, заң аясында шешілсе деп тілейміз.

Айырқалпақты ағайындардың бүгінгі ахуалын көру – өте қиын. 1944 жылы шешен-ингуш ұлтының өкілдері орта Азияға депортацияланған кезде, Қазақстанға және Қырғызстанға бөлінді. Сол себепті де бұл халықтың басындағы қиын жағдайға жанымыз ашып, жүрегіміз ауыруда. Қалай дегенде қазіргі уақытта ең маңыздысы – ел ішіндегі тыныштықты сақтау, соғысқа жол бермеу.

Осы тұста айта кетейін, «Ассамблея не үшін керек, оны тарату қажет» деген пікірлер жиі айтылуда. Осы сөзді айтушылар ел ішіне іріткі түсер болса, жағдайдың қалай ушығып, қиындап кететінін білмейтіндер. Жасырмаймыз, ел ішінде тұрмыстық деңгейде жеке адамдардың өзара келіспей қалған кездері болды. Дегенмен, оны өршітуге жол берілмеді. Әрқашан ел бірлігі мен тұтастығын сақтауды негізгі принципіне балаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген саясатының нәтижесінде аспанымыз ашық. Осы бейбіт тірліктен айырмағай!   

Зелимхан ЗУБАРИЕВ,

«Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button