Тіл тұғырлығы – ұлт мәртебесі
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыру – бүгінде зор мақсат. Мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарға тиісті сала басшылары, тіл жанашырлары мен филолог, ғалымдар ғана жауап беруі тиісті емес, бұл баршаға ортақ міндет болуы керек. Тіл саясатының жүйелі жүзеге асырылуына осы елдің әр азаматы жауапты болғаны дұрыс. Сонда ғана мемлекеттік тілдің тұғырлылығы артары сөзсіз.
Атырау қаласындағы «Дина сауда-өндірістік компания» ЖШС осынау маңызды мәселеге бей-жай қарамайды. Тиісті заңдылықтар шеңберінде сауда орындарындағы жарнамалар мен билбордтарда мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуына баса назар аударылып келеді. Мәселен, сауда орны аумағындағы жарнамалардың барлығы қазақша жазылады. Кәсіпкер орысшасын жазуға ынталы болса, міндетті түрде ең бірінші мемлекеттік тілдегі нұсқаның жазылуына басымдық беріліп отыр.
Сондай-ақ қазақтың ақын-жазушыларының, атақты тұлға-лардың ұлттық құндылықтарға байланысты тәрбиелік тағылымы мол сөздері жазылған билбордтар орнатылды. Бұл жұмыс оншақты жылдан бері басты назарға алынып келеді.
Бүгінгі басты жаңалық, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жалпы ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәріптеу мақсатында қолөнершілерге арналған арнайы орталық алаң жасақтап жатырмыз. Бұл жерде пішіні киіз үй секілді нысан салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған бұл орталық жаз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда қолөнершілерге тегін орындар ұсынылады. Ауыл-аймақтан келген бармағынан бал тамған шеберлердің басы қосылып, әркім өздері ұсынған қолөнер бұйымдарын жұртшылыққа сата алады. Бұл алаңда ана тіліміздің құндылығын дәріптейтін жұмыстар жүргізіледі. Өйткені, тілдің тұғырлылығы – ұлтымыздың мәртебесі.
Нұрлан ШАЛҚЫБАЙҰЛЫ,
«Дина сауда-өндірістік компания» ЖШС директоры