САБЫРЖАННЫҢ СЫРЫ

Оның атасы Сұлтан есімі елге мәлім, аты алысқа тараған кісі еді. Сонау 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, туған жерін дүр сілкіндірген. Ал, оқушы Сабыржан сабақтан босаған жазғы демалысында атасының қасында болып, дала тірлігіне кішкене кезінен әбден қаныққан-ды. Тіпті атасымен бірге талай қаланы аралап, сауықтыру орындарына барса да, ауылдағы қозы-лақтарын сағынатын. Бұл оның келешегін ауыл шаруашылығымен сабақтастырып, осы саланың белді маманы болуына септігін тигізді.


Рас, әкесі Қыдырсиық та фельдшерлік қызметіне орай ауылдарды жиі аралайтын. Бүгінде еткен еңбегінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің шаттығына кенеліп отырған қадірменді қарт кезінде талайдың дертіне дауа тауып, көпшіліктің құрметіне кенелген.
Содан да болар, Сабыржан Алматыдағы малдәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірген соң ешқайда алаңдамастан ауылға тартты. Өзінің Қиғашына оралды. Дер кезінде келіпті. «Қайта құру» деген солақай саясат жүріп жатқан-ды. Талай жылдар бойы тап-тұйнақтай қалыптасқан жүйенің қабырғасы шытынап, іргесі сөгіле бастаған. Жаңаны ойлап тауып үлгермей, ескіні бұзу жақсылыққа әкелсін бе? Ақыры, соның соңы кеңестік кезеңнің күйреуіне соқтырған жоқ па?
Ал, Сабыржан ауылға келген сәтінде «Коммунизм жолы» кеңшарына ферма зоотехнигі болып жұмысқа орналасты. Алған білімін орнымен жұмсап, ұтымды пайдаланып, шаруашылықтың шашырап кетпеуін көздеді. Жастығына қарамай іскерлігімен көзге түсті. Содан да шығар, алты айдан соң сол кеңшардың бас зоотехнигі атанды.

Арада тағы да аз ғана уақыт өтті. Жас маман да тындырымдылығымен, ұйымдастырғыш қабілетімен төңірегіне әбден танылды. Енді ол аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигіне жоғарылатылды. Көтерілген қызметімен бірге жүктелген жауапкершілік те еселеп артты. Енді оған күллі өңірдің таусылмайтын қым-қиғаш тірлігіне жауап беруге тура келді.
Бұл еліміздің тәуелсіздігін жариялап, дамудың нарықтық қатынастарын таңдаған кезі-тін. Тосын жаңалықты адам бойына шапшаң сіңіру оңай болып па? Әсіресе, шаруашылықтарды жекешелендіруге жұртшылық шошына қарады. Бұрынғы ортақ мүлік енді әркімнің еншісінде кеткені ме? Қолын қолдай, аяғын аяқтай бөліп алғаны ма?
Әрине, байырғы мамандар іргелі шаруашылықтарды сақтап қалуға ұмтылды. Сол шақта ғой, облыстың жеңіл өнеркәсіп саласының сұранысы бойынша ақ жүнді құйрықты қой тұқымын шығаруға мемлекеттік тапсырыс түсетіні. Оның іргелі істі бастауға көп септігі тиді. Өйткені, осы шараны жүзеге асыруға «Құрманғазы» кеңшарының еділбай типті қой малы таңдалды. Бұл жұмысты «Оңтүстік-батыс ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ғылыми-зерттеу институтының Атырау филиалымен бірлесіп жасау ұсынылды. Ал, бас зоотехник лауазымына тағы да Сабыржан бекітілді. Бұл оның толымды тәжірибесімен әбден танымал болған кезі еді.
Сайып келгенде, осы кеңшар негізінде 1998 жылы «Құрманғазы» өндірістік кооперативі құрылды. Алғашқы төрағасы Харес Биляшев еді. Іске жетік, шаруаға мығым, жастарға ақылшы азамат болатын. Екеуі бірлесіп енді ғана құрылған ұжым мүшелерін жұмыстың жаңа жүйесіне, шаруашылық жүргізудің тың тәсілдеріне үйретті. Оның үстіне, бұл құрылымға жүктелген міндет те өзгеше-тін. Өйткені, оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2002 жылғы 19 наурызда  асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі берілген. Содан осы бағытта жұмыс басталды.
Төккен тер, еткен еңбек оң нәтижесін көрсетті. Қой мен түйе малы асыл тұқымға айналды. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары да жалғаса берді. Ал, Сабыржан Сұлтанов осы ізденістерінің нәтижесінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Селекциялық жетістіктері ретінде алты патентке ие болды.
Сабыржан Қыдырсиықұлы – тумысынан сыршыл жігіт, арманшыл адам. «Шіркін-ай, – деп толғанады ол, – туған жерімнің түтіні түзу ұшып, ауылым ажарланса екен. Ғұмыр бойы төрт түліктің соңына еріп, дала төсін шарлаған малшылардың да өркениет мәйегін көретін кезі жетті. Олар да қаладағы ағайын тәрізді табиғи газ бен таза суға қол жеткізіп, жарықпен қамтылып, тақтайдай тегіс жолмен жүрсе жарасымды емес пе? Әрқайсысы шаруасын шалқытып, байлыққа белшесінен батса ғой. Шұрайлы жердің шаруагерлерінің оған толық құқы да бар».
Осы орайда ол облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат кезінде сайлауалды бағдарламасына Утера-Котеявка тас жолын салуды енгізген-ді. Қазір мұнда құрылыс жүріп жатыр. Елді мекен тұрғындарын кәсіпке тарту үшін Дыңғызыл селосында несие серіктестігін құрды. Ол ауылдастарының арзан несиеге қол жеткізуіне септігін тигізді.
Мен оны отыз жылдай уақыттан бері білемін. Екеуіміз ауданның екі шетінде қос кооперативке жетекшілік етеміз. Арамызда ешқашан бақталастық болған емес, күншілдік орын алған жоқ. Бұрынғыша аралас-құралас жүреміз. Оның үстіне, қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, қалжыңдайтын да ретіміз бар.
Отбасын да жақсы танимын. Әйелі Зоя – өте жайлы жан. Ертеде Мәшһүр Жүсіп «Кімнің әйелі жақсы болса, жұмақ соның үйінде» деген екен. Расында да, солай. Еш қабақ шытыспайтын ерлі-зайыптылар  Айнұр мен Батырхан есімді ұл-қыз өсірді. Бүгінде Айнұры Білім және ғылым министрлігінде жауапты жұмыста. Ал, Батырханы – жанында менеджер. Ертеңгі күні ісін жалғастыратын ізбасары. Сабыржанның өзі бойына даланың дархандығын дарытып, қазақтың кеңдігін сіңірсе, балалары да осындай қасиеттерімен дараланады.
Осы әріптесіміз бүгінде 50 жасқа толып отыр. Ердің жасы ғой. «Не тындырдым?» деп кейінге қарауға да, «Не тындырам?» деп келешекке көз жүгіртуге де болады.  «Ер болсаң – еліңмен» дегендей, өскен ортаңда абыройың асқақ, беделің биік болғанға не жетсін, шіркін! Ендеше, сол шырқау шыңнан табыла бер, достым.
Жеңіс ӘБІЛҚАЙЫРОВ,
 «Мақаш» атындағы өндірістік кооператив төрағасы,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз