ТІЛ БІЛІМІНІҢ БІЛГІРІ
Бұлардың бәрі жастарды болашаққа ұмтылдыру жолында, оларға терең білім беруде жан аямай еңбек етті. Құсекең осылардың бел ортасында болып, көптеген ұйымдастырушылық жұмыстар атқарды. Тіл біліміне байланысты облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларды өткізуге мұрындық болды.
Біз – Құсекен Шәукенұлының шәкірттерінің біріміз. Орал педагогика институтын үздік дипломмен бітіріп, облыс мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып мол тәжірибе жинаған жас мұғалім небары 30 жасында жоғары оқу орнына, сол кездегі Гурьев педагогика институтына оқытушы болып келгенде, біз үшінші курс студенті едік. Құсекең бізге тіл білімінің бір үлкен саласы – «Синтаксистен» лекция оқыды.
1961 жылы алғашқы түлектер болып, қанаттанып жан-жаққа еңбек жолына аттанғанда, Құсекең ұстазымыз әрқашан есімізде, санамызда тұрды. Институтты 37 студент болып бітірген едік. Олардың бәрінің де мұғалімдік негізгі мамандығымен жұмыс істегендерін білемін. Тек бірен-сарандары ғана партия-совет органдарында қызмет атқарды. Мектепте жастарға білім беру жолына бағыт алғандар ұлағатты ағамыздың шәкіртпен қарым-қатынас жасау тәсілдерін қолданғандары сөзсіз. Біз де солардың бірі едік. Басқа курстастардан бір ерекшелігіміз – мектепте жиырма шақты жыл жұмыс істеп келгеннен кейін, Гурьев педагогика институтында ұстазбен бірге қанаттас еңбек еткендігіміз. Әдебиеттен дәріс оқысақ та, әр уақытта Құсекең ағамыздың ақыл-кеңестерімен жүрдік. Оның айтқандарын орындадық. Әртүрлі қиын жағдайларда аға көмегіне жүгіндік. Ғылыми жұмысқа ауысқанда, Құсекең бізбен мол ақыл-ойларымен бөлісті. Уақыт қандай жүйрік. Бір орнында тұрмайды екен. Енді ойлап қарасақ, ағамызбен 30 жылдай қатар еңбек етіппіз.
Құсекең ғалым-профессорлығымен қатар, декан, кафедра меңгерушілігін де атқарған. Қазақ тілінің теориясы кафедрасын меңгерген жылдары оның өз қарауындағы қызметкерлерге де, қазақ әдебиеті кафедрасына деген қарым-қатынасы да ерекше еді. Қазір бәріміз де ұстазымыз Құсекеңнің шекпенінен шыққандармыз деп айта аламыз.
Құсекен Шәукенұлы – ұлттық тіліміздің облыстағы ең жанашыры. Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда облыстарында жұмыс істеп жатқан талай шәкірттері Құсекеңнің ұлттық тілімізге байланысты ұстанымымен жүреді. Кешегі қазақ тіліне деген шабуыл, «қазақ тілі ұлттық тіл болудан қалады, енді барлық кезде орыс тілі басымдық алады, әйтпесе коммунизм құра алмаймыз» деген сөздің сандырақ екенін Құсекең сол кездің өзінде-ақ білді. Қазақ тілінің болашағы зор екеніне сенді. Ұстаздың бұл сенімі дұрыс болғандығын өмірдің өзі көрсетті.
Ұлттық тілге қарсы қандай сөз айтылса да, тіл тағдырына озбырлық жасағандардың сөздеріне Құсекең жымия күліп қана қойып, өзінің жүрегіндегі үлкен қарсылығын білдірді. Алпысыншы жылдары Атырау институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі де жұмысын тоқтатып, тілімізге зауал төнген кездегі оның қабырғасы қалай қайысқанын көп адамдар біле бермейді. Бұл қазақ халқының басынан өткен трагедияны Құсекең жан-жүрегінен өткізіп, өзінің ішкі дүниесінің бір сырқатына айналдырды. 1989 жылы қазақ халқының зиялы қауымы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің әсерінен селт етіп оянып, тіліміздің құрып бара жатқандығын, ұлттық намыстың аяққа тапталып бара жатқандығын сезініп, бас көтере бастаған кезде, облыста ең бірінші болып қуанған адам Құсекең еді. Ол өзінің ежелгі арманының орындалуына жол ашылғандығын сезді, ұлттық тілімізді өзінің дертіне айналдырса, сол дерттен құлан-таза жазылып шығуға бағыт алып құлшынды. Тілімізге байланысты өткен Алматыдағы үлкен ұйымдастыру жиналысына қатысты. Онда қабылданған шешімді жан дүниесімен құптады. Ол шешім барлық облыстарда «Қазақ тілі» қоғамдарын құру еді. Мұндай қоғам Атырауда да құрылды.
Құсекен Шәуенұлының білгірлігімен басқарған жанашыр топпен балабақшаларда ата-аналардың жиналысын өткізіп, орыс тілінде тәрбие беретін әрбір балабақшада бір-бір қазақ топтарын аштырдық, орыс мектептерінде қазақ кластарына оқушылар қабылдауын мәселе етіп көтердік. Барлық аудандарда, мекемелерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылды.
Облыстық, қалалық, мекемелерде өткізілген жиналыстарда басты көтерілген мәселе қазақ тілінің болашағы, оның қолдану аясын кеңейту, тілімізге ерекше мән беру болды. Мекемелерден іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізілуін талап еттік. Осы үлкен жұмыстардың бәрінде Құсекеңнің ұстаздық ақылы бірінші орында тұрды. Тілге байланысты алғашқы қозғалыс осындай болып, алғашқы дән егілді, алғашқы шыбықтар отырғызылды. Қазір бұл істеріміз қаулап өсіп, бәйтеректер жеміс бере бастағаны егемендік алған еліміздің күш алуына жасалған бір мәнді іс-әрекет деп білеміз.
Бұл айтылғандардың бәрін былай қойғанда, Құсекен Шәукенұлы – ғұлама ғалым еді. Оның қаламынан өзінің стихиясы болып есептелетін синтаксис ғылыми саласында жазған көптеген еңбектері бұған дәлел. Осы ғылыми еңбектердің негізінде ол кандидаттық және докторлық диссертациялар жазып, ғылыми орталарда қорғап шықты. Ол – филология ғылымының кандидаты, әрі – филология ғылымының докторлық дәрежелеріне ие болды. Ғылыми ұғымында доктор деген сөз белгілі бір ғылым саласында жаңалық ашу болатын болса, Құсекең синтаксистің талай аспектілерінің тылсым құпияларын қолға ұстатқандай етіп жарқырата көрсеткенін ғалымдар ұжымы жақсы білді.
Құсекеңнің он беске тарта кітаптары мен монографиялары бар. Ал, енді тіл проблемасына байланысты жазылған мақалалары қаншама! Осындай ғылыми еңбектермен қатар, тек осы университетте жұмыс істеген жарты ғасырдан аса мезгілді қайда қоямыз? Қаншама шәкірт оның алдынан дәріс алды…
Құсекен Шәукенұлын қазақ тіл біліміне шексіз үлес қосқан ұлағатты ғалым деп білеміз. Сондықтан, оның есімі қазақ тіл білімінің білгірлері Сауранбаевтың, Балақаевтың, Қордабаевтың, Аманжоловтың, Кеңесбаевтың, Сыздықованың қатарында аталады.
Қадыр ЖҮСІП,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Атырау қаласы.