ЫНТЫМАҚ – ЫРЫС БАСТАУЫ

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы өтті. Облыстық мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестік мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында айтқан тапсырмалары мен міндеттерін орындау және облысымызда ұлтаралық татулықты нығайту бағытында атқарылған істер жайында айтылды.

Ағымдағы жылы жүзеге асқан жұмыстарға тоқталған Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиев діни конфессия, этномәдени бірлестік өкілдерінің бейбіт-шілік пен келісімде өмір сүруі – Елбасы жүргізген саясаттың айқын нәтижесі екендігін ерекшелеп айтты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басты идеясы – «Менің елім – Мәңгілік Ел». Сондықтан да, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» күн тәртібімен өтті. Ал, 2015 жыл, ешбір асыра айтусыз, Қазақстан халқы үшін өзінің ауқымы жағынан біздің қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының сипаты мен бағыты алдағы көп жылдарға айқындалып, жоспарлар жасалған тарихи жыл болды. Облыстың қоғамдық өмірінде Ассамблея жанынан құрылған «Алтын Шаңырақ» аналар кеңесінің де мән-маңызы ерекше. «Бала тәрбиесі ана сүтімен қалыптасады» деген халық қағидасына сүйене отырып, ана, апаларымыздың өмірлік тәжірибесін, сонымен қатар, асыл қасиеттерін жастарға жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бойынша аналар кеңесі айтулы қызмет атқаруда», – деді Еркін Қадырғалиев.

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жамиляш Хасанованың Ассамблея жұмысына ғалым-мамандар тартуда белсенді жұмыс атқарып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, Еркін Қадырғалиев республика көлемінде бастау алған «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» жобасының маңыздылығына тоқталды.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс көлемінде ірі кәсіпорындар мен мекемелерде құрылған қоғамдық келісім кеңестерінің қалың бұқараны, яғни халықты ортақ мүддеге топтастырушы, әлеуметтік бастамалардың ұйытқысы ретінде рөлі ерекше. Осы құрылымдар арқылы Ассамблеяның қызметіне жаңадан мыңнан астам белсенді отандастарымыз тартылуда. Облыстық Ассамблеяның жастар қанаты да белсенді қызметімен танылып келеді. Әртүрлі мәдени-ағарту сипатындағы іс-шаралар, бұқаралық акциялар мен кездесулер жастардың қызығушылығын арттырып, достық қарым-қатынастардың беки түсуіне ықпал етуде. Бұл ретте «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік» сияқты әлеуметтік маңызды жобалар биыл да өз жалғасын табуда. Этносаралық тақырыпта қалам тербейтін жетекші журналистер мен сарапшылар клубы да ел бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтуға сүбелі үлесін қосып, Ассамблеяның қоғам алдында рөлін арттыра түсуде, – деді Ассамблея төрағасының орынбасары.

Сессия барысында сөз алған этномәдени бірлестік өкілдері мен Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығының Атырау облыстық филиалының төрағасы Өтепберген Әлімгереев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Жәмиға Таңатарова, «Ембімұнайгаз» АҚ қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Артур Кендер өз салаларында аймақтағы ұлтаралық татулықты дамыту бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Мәселен, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы жайында Өтепберген Әлімгерейұлы бүгінде көрші Ресейдің Астрахан өңірінде жетпіс мыңнан астам қандастарымыз тұратынын және олар ұлттық рухани құндылығымыздан қол үзіп қалмас үшін тығыз байланыста жұмыс жасайтындарын айтты.

«Ембімұнайгаз» АҚ-нан келген неміс ұлтының өкілі Артур Кендер кәсіпорын жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің маңыздылығына тоқталды. «Компаниямызда қазақ, орыс, кәріс, татар, украин, неміс, грек, әзірбайжан, армян ұлттарының өкілдері бір шаңырақтың баласындай ауызбіршілікте еңбек етуде. Кәсіпорын облысымыздың әлеуметік саласын дамытуға айтарлықтай атсалысып келеді. Айталық, ауыр дертке шалдыққан балаларға канис-терапия (иттің көмегімен емдеу) арқылы ем жүргізетін «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне өткен екі жыл қатарынан қаржылай көмектестік. Және бұдан басқа ауқымды әлеуметтік жобаларға атсалысып келеміз», – деген ол әлеуметтік салаға қолдау көрсету өңірдегі тұрақтылықты сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, ертеңгі күнге деген сенімін орнықтыратынымен түсіндірді.

Жиынға қатысқан Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көп ұлтты қазақстандық келісімге бүгінде дүние жүзі елдері қызыға қарайтынын атап айтты.

– Бірлігі баянды Қазақстанның әлем елдері арасында орны ерекше. Оған күні кеше ғана Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания, Франция елдеріне барған сапары дәлел бола алады. Украинадағы, Египет пен Ирактағы, Сирия мен Ливиядағы жағдайды қараңыз. Басынан бірлігі тайған елдің экономикасы да құлдырайтынын, дамудан қаншама жылға кенже қалатынын көрсетіп отыр. Ал, біздің Елбасымыз еліміз көпұлтты болса да іштегі тыныштықты сақтап, тұрғындардың қамсыз әрекет етуі үшін барлық жағдай жасауда, – деген аймақ басшысы этносаралық келісім мен татулығымыздың нығаюы жолында белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында облыстық «Атырау» газетінің аға тілшісі Мәлике Қуанышева, Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облыстық филиалы ғылыми бөлімінің аға сарапшысы, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе, «Тхоньил» этномәдени бірлестігі жастар қанатының өкілі Шин Вера және облыстық Ассамблея хатшылығының бас маманы Мәншүк Маменовалар бар.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз