«…Тезірек үйге барғымыз келеді»
Өңірде су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, төтенше жағдай кезінде тұрғындарды көшіретін қауіпсіз жерлер де дайындалып қойылған еді. APEC PetroTechnic жоғарғы колледжінің ғимаратында орналасқан эвакуациялық бекеттің біріне жуырда Махамбет ауданының Талдыкөл ауылының тұрғындары уақытша қоныстандырылды. Он бес күннен бері осы мекен-жайды қоныс еткен ауыл халқының бүгінгі жағдайы қалай? Біз осы сауалға жауап іздеп, аталған нысанға арнайы барған едік.
Ананың ақ батасы
Уақытша паналау ғимаратына келгенімізде тұрғындар кешкі асқа бара жатыр екен. Осы сәтті – асханадағы қарбаласты фототілші Ерлан Алтыбаев лезде аппаратының «нысанасына» алып жатты. Журналистердің келгенінен сезіктенді ме, әңгімеге тартқанымызда тұрғындар бірден көсіліп, сөйлеп кете қойған жоқ. Көбі әріден қашқақтады.
Аспаз Айнұр Сәтмағамбетованың айтуынша, асханадағы жұмыс таңғы сағат 5-тен басталады. Үш мезгіл тамақ әзірленеді.
– «Береке түбі – бірлікте» дейді ғой, қиындық артта қалып, адамдар аман-есен үйлеріне барса екен дейміз. Бізге де қамкөңіл адамдардың көңілін табу оңай емес. Барымызша ауылын сағынған халыққа үйдің бауырсағын, ас-суын әзірлейміз. Кейбірі дәмді асқа алғыс білдірсе, қуанып қаламыз, — деген аспаз бұған дейін Құлсары тұрғындарына қызмет еткендерін баяндады.
Асханада Талдыкөл ауылының тұрғыны, 82 жастағы ақ жаулықты ана Ұштап Мұханованы жолықтырдық. Кейуана эвакопунктте 15 күннен бері жатыр екен.
–Ауылымыз судың ортасында қалғасын іс басында жүрген азаматтар әйелдер мен балаларды қауіпсіз аймаққа әкелді. Келіндер мен немерелерім бар. Ешқандай шағымым жоқ, мына аспаздарға ризамын, күніне үш мезгіл тамағымызды пісіріп-түсіріп береді… Ең бастысы, дүрбелеңге салынбай, сабыр мен төзімге берік болайық! Қиындықтың тұманы сейіліп, бұлт астынан күн шықсын деймін, — деген ана көпшілікке ақ батасын берді.
Береке түбі – бірлікте
«Дана халқымыз «Күш – бірлікте» деп бекер айтпаса керек. Ынтымағымыз, бірлігіміз мықты болса, кез-келген қиыншылық еңсеріледі». Оқу орнын уақытша паналаған тұрғындар «су тасқынының қаупі сейіліп, тезірек үйімізге оралсақ екен!» деген тілектерін білдіріп жатты.
Тұрғындардың жатын бөлмелерін де көрейік деп ғимараттың жоғарғы қабатына көтерілгенбіз. APEC PetroTechnic жоғарғы колледжінің коменданты Қарлығаш Имағамбетованы сол жерден жолықтырдық.
–Иә, сын сағатта бірлесе әрекет етіп жатқан жағдайымыз бар. Қазір мұнда 217 адам болса, оның 137-сі бала. Мүмкіндігі шектеулі 9 адам бар. Кейбірі мамырдың 13-де келсе, қалғандары мамырдың 25-күні осында қоныстанды. Тұрғындарға барлық жағдай жасалуда. Полиция және медициналық қызметкерлер де кезекшілікпен қызмет көрсетеді, — деді ол.
Коменданттың жол көрсетуімен жатын бөлмелерді аралап шықтық. Әр отбасы бір-бірінен бөлінбей, жеке бөлмелерге орналастырылған. Тазалық шаралары уақытында жүргізіліп отырғаны байқалады. Айнала ұқыпты жинастырылған.
Балаларға арналған ойын бөлмесі де жасақталып қойылыпты. Бөлмедегі алаңсыз балақайлар ауылдары судың қоршауында қалғанынан бейхабар. Асыр салып ойнап жүр. Әйтеуір, жақын адамдарының қасында болғанына мәз.
–Біз осы жерде ойнаймыз. Қасымда анам және ағам бар. Үйімді сағындым, бірақ осыннан көп жаңа дос таптым, — дейді біз сөзге тартқан Мадияр есімді балақай.
Бір жағадан бас…
Қиын-қыстау күндерде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» қазақтың қанында бар қасиет қой. Олай дейтініміз, Түркістаннан келген құтқарушылар да осында жүр екен. Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің психологтары Гүлфариза Бақытбекова мен Ақмарал Өмірәлиева Атырауда сәуірдің 26-нан бері қызмет етіп жатқан көрінеді.
– Қазақ халқы жаттың өзін жақынға айналдырған емес пе? Сондықтан «осындай кезеңде бірлігімізді көрсетуіміз керек» деген азаматтық ұстанымдамыз. Осыған дейін үйлері суға кеткен құлсарылықтарға психологиялық тұрғыдан көмек көрсеткенбіз. Қазір Талдыкөл ауылының халқымен сұхбаттасып, сабырға шақырып отырмыз. Олар тезірек үйлеріне кеткісі келетінін айтады, — деді психолог мамандар.
Осы тұста ауыл тұрғыны көп балалы ана Қарлығаш Рысқалиева ауылда балабақша қызметкері екенін, мұнда екі келіні және немересімен келгенін айтып жатты. Оның аяқтарынан тік тұрып қызмет етіп жүрген колледж қызметкерлеріне, еріктілерге айтар алғысы зор екен.
–Жағдайымыз жақсы. Тамағымыз пісірулі, төсегіміз салулы… Енді тек ауылымызды қоршаған судың беті қайтсын деп тілеп отырмыз. Құдайға шүкір, әзірге баспаналарымыз судан аман. Ер адамдарымыз «ауылды суға кетірмейміз» деп күні-түні бөгет биіктету жұмыстарында жүр. Олардан қазіргі жағдайды естіп, біліп отырмыз, — деді ауыл тұрғыны.
Кешкі астың уақыты ұзартылса…
Ал, Тәжібаева Нұрай есімді келіншек Атырауда жұмыс жасайтын көрінеді. Ол сол күнгі кешкі асқа үлгермей қалыпты.
–Кешкі асты 18.30-ға дейін ішіп болуымыз керек. Осында мен сияқты жұмыстан 19.00-де келетін адамдар бар. Біз «кешкі ас уақытын 19.30-ға дейін ұзартса екен» деген өтініш айтқымыз келеді. Өйткені, өзіңіз көріп тұрғандай, мұнда уақ бала-шаға көп. Ерте ауқаттанып алғасын, аулада ойнап келіп, тағы тамақ сұрайды. Осы жағдайлар ескерілсе, — деді ол.
Тұрғындардың айтуынша, мұндағы жүкті аналарды «Аман-саулық» емханасына уақытша бекітіп қойған. «Емхана қызметкерлері сау болсын, кезекшілік сайын денсаулығымызды тексеріп, мазаланып тұрған жоқпыз ба, көңіл-күйіміз қалай, соның бәрін сұрап жатады» деді сұхбаттасушыларымыз.
Иә, табиғаттың тосын құбылысы ел-жұртты жан-жаққа бас сауғалауға мәжбүр етті. Су ортасында қалған Талдыкөл ауылының тұрғындары да амалсыз APEC PetroTechnic жоғарғы колледжін уақытша паналауға мәжбүр болды. Алайда, біз сөйлескен ауылдың үлкен аналары «Бірлік түбі – береке» деген, бұл сынақ та бітер. Егініміз бітік шығып, еліміз молшылыққа кенелер. Әрбір қиындықтың соңы жақсылыққа ұласады деп ырымдаймыз!» деді бірауыздан.
Расында, бұл бейнеттің де уақытша екені даусыз. Қазіргі уақытта ең бастысы – азаматтарымыздың, халқымыздың амандығы. Орын алып жатқан қиыншылықтың бәрі уақытша екені анық. Қолда барын бөлісіп, бір-біріне қамқор, тілеулес болған еліміз аман болсын!
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ
Әйгерім ЖӘРДЕМҚЫЗЫ,
гуманитарлық көмек пунктінің жетекшісі:
–Гуманитарлық көмек пункті Атырау қаласындағы Әбілқайыр хан көшесі, 79 мекен-жайда орналасқан.
Өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың бірі Жылыой ауданына қолұшын созу мақсатында бірнеше мәрте фура және жүк вагонымен азық-түлік, гигиеналық заттар, төсек орындары және құрал-жабдықтар жіберілді. Ахуал қиындап, су басқан кезде көмек Теңіз қалашығына тікұшақ арқылы жөнелтілді. Бұдан бөлек, Махамбет пен Индер ауданы да гуманитарлық көмекпен қамтылды.
Бүгінгі таңда ахуалға байланысты пунктте азық-түлік қоры, құрал-саймандар жинақталған. Ал, қаладағы эвакуациялық пункттерге орналасқан тұрғындарға қандай да бір көмек қажет болған жағдайда, еріктілер жедел түрде керек заттарын тауып жеткізуде.
Осы істерді атқару шараларына жалпы саны 250 ерікті бір мезгілде қатысты. Қазір тұрақты түрде 20-ға жуық волонтер еңбек етуде.