Жарнама
Қоғам

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ

«Қазақ поэзиясының аса көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынқызы туралы осы эссе-естелікті жазу өзімнің қаламгерлік борышым, інілік парызым деп түсіндім. Бұл ұлтымыздың ұлы ақыны туралы алдағы күндерде жазылар естеліктердің алғашқысы болар», — деп толғанады автор.
Ақынмен алғаш танысқан күнінен бастап, өмірінің соңына дейінгі туған бауырдай араласқан қимас шақтардың естелігі көңілге мұң ұялатары анық. Алайда, соңынан сағынып іздейтін, жүрегі сыздап еске алатын жұртың болғаны қандай қуаныш! Осыны ойлағанда көңіліміз биіктеп кеткендей болды. Фариза ақынның жан дүниесіне бойлап, оның шабытты шақтарының, өмірдің күйбеңінен қажыған кездерінің, ойып түсер алмас қылыштай өлеңдерімен тасып, қуаттанған сәттерінің куәсі болған Өтеген Оралбайұлы осы кітап арқылы барша қазақ жұртына үлкен жүк артып отырған іспетті. Ол алдағы уақытта Фариза Оңғарсыноваға қатысты деректерге салғырт қарамай, оны тарихи құнды жәдігер деп қарап, құрметтеуге шақырады. Бұл эссе-естелікте Фариза апамыз қазақтың аса талантты ақыны Меңдекеш Сатыбалдиевпен ағалы-қарындастай боп араласқаны жайлы айтылып, екеуара жарасымды әзілдері келтірілген.
«Сол кездесуде Меңдекеш аға Фариза қарындасына еркелеп: «Ай, Фариза, мен соңғы кездері өлең жаза алмай жүрмін, қаламым жүрмей қойды, маған оншақты өлең қарызға берсеңші, кейін қайтарармын», — деп әзілдегенін, оған Фариза қарындасының: «Ту, Меңдекеш аға, сіз де айтасыз-ау, мен де жаза алмай жүрмін, қайта қарызды мен сізден сұрайын деп жүр едім», — деп жауап қайтарып, екеуі де мәз болып күлгенін әлі ұмытқан жоқпын. Аға мен қарындастың ақжарқын әзілдері сондай жарасып тұр еді»,- деген жолдар шынайылығымен баурап алады.
Ақынның туған халқына жарасымды назбен еркелеуінің бір көрінісін автор жинақта сәтті келтіріпті. «Бір жолы Орал қаласына ұшақпен ұшып шықтық. Жол бастаушы – еліміздің сол кездегі Мемлекеттік хатшысы, апамның өзі «Даладай дархан» деп арнайы мақала жазған Оралбай Әбдікәрімов. Мен сол Мемлекеттік хатшының кеңесшісі едім.
Күз айы болатын, күн де суық, ұшақтың іші де өте салқын екен. Ерте кіргендер ұшақтағы жамылғыны тегіс таратып алған, апам жаурай бастады. Басы артық жамылғы жоқ. Апам мені дауыстап шақырды: «Айт, ана Оралбайға, мен қазір түсіп қаламын, тоқтатсын самолетті», — деді ашуланып. Айттым Орекеңе. Кеңпейіл ағамыз кеңкілдеп күліп: «Өйтпесе Фариза бола ма, дереу жамылғы табыңдар, сол оңай, самолетті тоқтатқаннан», — деді. Кейін бір отырыста осыны айтып, елдің қыран-топан күлгені бар. «Ұшып келе жатқан самолеттен түсіп қаламын деп қорқытқан адамды бірінші рет көрдім» деп сол жерде отырған Оралбай аға да рахаттана күлген».
«Текті өнердің Тұмары» – поэзия падишасына сөзбен өріліп, мәңгіге қойылған ескерткіш.
«Келер жылы Жоғарғы Кеңеске жаңадан сайлау өтетін болып, Елбасының Жарлығы шықты. Мен тағы да өзім өткен аудандардан Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа үміткер болып тіркелуге дайындалдым. Елдегі жігіттер де тас-түйін болып қамданып, «қашан келесің» деп күтіп отырды. Апам да үміткер болып тіркелетін болыпты деген хабар жетті. Және ол кісі мен өткен аудандардан, менің округімнен тіркелетін болып, облыс басшылығымен келіскен болып шықты. Елдегі жігіттер: «Бұл – жарыс қой, апамыз ренжімесін, біз дайынбыз, сен де түсе бер» деп ұсыныстарын қызу білдірді.
Мен Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына келіп, бастамашыл топтың адамдарымен кездесіп, бәріне рахмет айтып: «апам түсіп жатыр, ол кісімен жағаласып алдын орағаным ыңғайсыз болар, жолымды сол кісіге беремін» деп өз жоспарымнан бас тарттым. Марқұм апам менің осы шешіміме өмір бойы риза болып, реті келген жердің бәрінде айтумен өтті», — бұл дегеніңіз кісіліктің де көз жетпес заңғары ғой, шіркін! Барлық шығармашылықпен айналысатын өнер адамдары осындай қасиетке ие болса ғой! Онда Мұқағали «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» деп күңіренбес еді-ау деп ойлайсың осы жолдарды оқып отырып.
Жинақта «Суреттер сөйлейді» айдарымен Фариза апамыздың әр жылдары түскен суреттері топтастырылыпты. Ол да жанға бір шуақ шашқандай әсер қалдырады.
Автордың ақын шығармашылығы туралы жазған «Серпер сезім», «Жырында желтоқсанның мінезі бар» мақалалары да Фариза ақын туралы көп мәлімет берері анық. «Апамның дүниеден өткенін естігенде» жан толғанысы және «Апа деп жаздым арзу-жыр» өлеңі кім-кімнің де көзіне жас үйірері анық.
«Жаныңды жырмен демейсің,
Амалың қайсы, не дейсің?
Қуанып тапқан қазағың,
Құлазып қалды дегейсің,
Дегейсің, жұртым, дегейсің», – иә, бұл өзі айтқандай, қырық екі жыл бойына «апалап» соңынан ерген, қиын күнде қамқоршысы, өзі кеткенде жоқтаушысы бола білген Кісіліктің сөзі. Ақынның жыл толу рәсімінде жерлестеріне баға жетпес қазына – эссе-естелік жинағын тарту еткен Өтеген Оралбайұлының бұл кітабы ақынның мәңгілік ғұмырының айғағындай.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button