ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлер үшін сервистік қолдау қызметі өз жұмысын бастады. Бұл жөнінде Атырау облысы кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтылды. 

Сервистік қолдау бөлімінің басшысы Ақан Қайырғалиевтің айтуынша, кәсіпкерлер үшін бұған дейін жеті қызмет түрі көрсетілген. Былтыр 585 кәсіпкерге 1711 қызмет ұсынылды. Биыл менеджмент жүйесі қызметі қосылып, қазір сегіз бағытта жұмыс жасалуда.

Оның төрт қызмет түрін (бухгалтерия, маркетинг, IT, мемлекеттік сатып алу) облыстық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан көрсетсе, заң қызметтері мен менеджмент бойынша мемлекеттік сатып алу негізінде «Консул» консалтингтік компаниясы» ЖШС, кедендік рәсімдер мен менеджмент жүйелерін енгізу бойынша «Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болып танылды.

– Кейбір жеке кәсіп иелерінде заңгер, бухгалтер мамандары жетіспейді. Білікті мамандардан кеңес алу – ақылы. Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасынан тегін қызмет түрін пайдалану барлық кәсіпкерлер үшін тиімді. Сол себепті, бүгінде сервистік қызмет түрін пайдаланушылар саны артуда. Соңғы бір аптаның ішінде тоғыз адам қызмет түрлерін пайдаланды, – деді Ақан Қайырғалиев.

«Консул» консалтингтік компаниясы» ЖШС-нің директоры Жұмажан Үмбетжанов бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуда жастардың белсенділігі жоғары екенін айтса, Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нина Темірбаева кеңес берушілер конкурстан өткен білікті мамандар болғандықтан, қызмет сапасына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

«Кейбір азаматтар кеңес беру тегін болғандықтан, оның сапасына күмәнмен қарайды. Алайда, кеңес берушілер – конкурстан өткізілген, өз ісінің шеберлері» деп нақтылады Н.Темірбаева.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз