ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ БОЛСЫН!..
Шара шымылдығын түрген аталмыш оқу орны ректоры Бейбіт Мамраев Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу бір мақсат, бір мүддеге тоғысып, күш-қайрат қосып келе жатқан қазақстандықтарды одан әрі біріктіріп, өзекті әлеуметтік мәселелерді нақты шешуге мүмкіндіктер туғызатынын айтты.
Ортақ іске жұмылуға шақырған шараға қатысқан «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестік төрағасы Александр Думлер Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдай отырып, кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу бастамасын халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санайтындығын, бұл – тәуелсіз елдің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам екенін атап өтті.
Университет жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахман Нағымов аталмыш қоғамдық институттың мұндай бастама көтеруі – елдегі тұрақтылық пен толеранттылықтың көрінісі деп бағалады.
Жиын барысында өскелең ұрпаққа сапалы білім беру мен саналы тәрбие сіңіруге жағдай жасалуына ризалық білдірген жастар 70 жылдан астам аждаһадай империяның қоластында болған еліміздің өзіндік даму қарқынымен биік белеске көтерілгенін мақтанышпен айта келіп, Елбасының тәуелсіздік тұғырын берік етіп, шекараны бекітуі, экономикалық дамудың сара жолына түсіп, сыртқы саясатта беделге ие болуы мен көрегенділіктің арқасында әлемдік қаржы дағдарысынан қиналмай өтуін Ұлт Көшбасшысымен байланыстырды.
«Дөңгелек үстел» барысында ойларын ортаға салған оқу орнының профессорлары Бақтыбек Таубаев және Анатолий Блохин бүгінгі таңда бейбітшілік пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы зор екенін айтты.
Шара соңынан Үндеу қабылданды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.