Теңіз жағасында тыным жоқ

Бүгінде «Бекіре – 2016» балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Оның барысында браконьерлерден 13,8 тонна балық тәркіленді. Оның 834 келісі – бекіре тұқымдас су маржаны. Қолды бола жаздаған бекіренің қара уылдырығы 1 келіні құрайды. Арнайы құрылған үйлестіру штабының отырысында осы деректермен қатар, түйінді мәселелер де айтылды.

Соңғы жылдары балық «барымташыларына» қарсы тегеурінді шаралар алына бастады. Бірақ, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, заңсыз іспен айналысқандардың саны азаймай тұр. Соның көрінісіндей, 11 сәуір күні құрманғазылық инспекторлар «Полин» жырасының маңынан жергілікті 6 тұрғынды ұстады. Қиғаш өзенінің ерекше қорғалатын табиғи аумағында жүрген олардан 1840 келі ұсақ балық алынды. Ұзындығы 50 метрге жететін ау, ілмелі моторлы «Ямаха», «Меркурий», сонымен бірге пластик қайықтар да табылып отыр. Тағы бір құрманғызылық көлігіне 400 келі сазанды тиеп алыпты.

– Балық қорын қорғау мақсатында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы прокуратура, ішкі істер, көліктік бақылау және шекара қызметі органдарымен бірлесіп, жүйелі жұмыс жасауда. Инспекторларымыз күн сайын айдынның бетін сүзіп, құрылған аулардан тазартуда, – дейді инспекцияның ресми өкілі.

Жақында басталған «Бекіре – 2016» балық қорғау акциясының барысында кемшіліктер де кездесуде. Соның бастысы – түрлі құзырлы органдардың әлі де ынтымақтаса әрекет ете алмай жатқандығында. Үйлестіру штабының отырысына әскери бөлімнің басшылары өздері келмей, орынбасарларын, өкілдерін жіберуді жөн санайды. Ал, шындығында, органдардың жетекшілері балық қорын қорғау мақсатында құрылған үйлестіру штабының мүшелері болып табылады. «Маңызды науқан үлкен жауапкершілікпен өткеруді қажет етеді. Сондықтан, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды» деді үйлестіру штабының төрағасы, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев.

Жылма-жыл айдын бетін тікұшақпен шолып, бақылап отыру да аяқсыз қалуда. Қытайда жасалған аудың еркін саудаланатындығы туралы да осыны айтуға болады.

– Қытай елінде жасалған ау бүгінде сауда орындарында еркін саудалануда. Ол арзан болғандықтан браконьерлер жиі пайдаланады. Мұның бәрі балықтың жүрісіне кері әсерін тигізіп, қорының азаюына себепші болуда, – деді ол.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз