Жарнама
Қоғам

Тасқынға қарсы тер төгілуде

Өрт пен су тілсіз жау екенін үлкен мен кіші де жақсы біледі. Осы қасіретпен күресті ұйымдастыра білу — осы жаманаттың алдын алудың ең тиімді жолы.
Осыдан бір жұма бұрын облыс әкімі бір топ ардагерлерді жинап, үлкен судың өңірге бет алғанын хабарлап, “Ел ағалары сіздердің осы мәселеге байланысты ақыл-кеңестеріңізді білгім келеді”, — дей келе: “Осы кеңеске қатысып отырған біздің ұрпақ 1957 және 1994 жылдардағы су тасқыны кезінде біріміз өмірге келмесек, біріміз 10-15 жастағы жасөспірімдер болдық”, — деп сөзін түйіндеді. Аймақ басшысы сол бір кезде ел болып ағын суға қалай қарсы тұрғанымыз жайында ой бөлісуімізді сұрап, 1990 жылдардың орта кезеңінде қазіргі Атырау қаласының басшысы болған Н.Мақашевті сөзге тартты. Ол өз сөзінде бүкілхалықтық қорғаныс жұмысына қаладағы барлық өндіріс орындары ГНПЗ, Химзавод, Петровский, Вертолетный, АРЗ заводтары, сол кездегі алып құрылыс мекемелері УС-99, трест ГНХС тағы басқаларының жұмылдырылғанын атап айтты.
Келесі кезекте сөз тізгінін облыстағы байырғы гидротехник Бисен Қуанов алып, өңірді тасқын судан құтқарудың бірден-бір жолы – су ағынын транзиттік бағыттара жөнелтіп, тасқын екпінін баяулату екенін жеткізді. Ол үшін облыс аумағындағы барлық каналдардың тамағын аршып, су қабылдауға әзірлеп, тасқынды кең көлемді сай-салаларға жеткізу керектігіне тоқталды. Жиынға қатысқан ардагерлер Е.Сабуров, А.Жмыхов, Р.Оливко және басқалары ой-пікірлерін ортаға салған еді.
Ал, 12 сәуір күні облыс ардагерлері ұйымдастырған “Түскі ас” акциясына байланысты бір топ ел ағалары Махамбет ауданындағы тасқынмен күрес жұмыстарымен танысып, елдің біртұтастығының куәсі болды. Жағалаудағы қайнаған жұмыс толассыз жүріп жатты. Махамбет көпірі маңындағы қорған салу жұмысына тартылған 70-ке тарта жас жауынгер білек сыбана жұмысқа кіріскен. Дамба үстінде мыңдаған қап топырақ салынып, оның биіктігі 6,5 метрге жеткен. Әр 20 минут сайын құм тасыған КамАЗ көліктері өз кезегімен нұсқаған жерге жүктерін түсіріп, келесі рейске жөнеліп жатты. Бұдан өзге Махамбет, Сарытоғай ауылдарындағы дайындық жұмыстарына да дән риза болдық. Жар басында ауылдың әжелері мен аталары үйден дайындаған түстік тағамдарын аңызақ желден беттері күңгірт тартқан ауыл жігіттеріне ұсынып жатты. Келесі күні арагерлер тобы Жайық өзенінің Каспий теңізі бағытын жайлаған Жаңаталап, Дамба ауылдарын аралап, біраз жұмыстар атқарылғанын көрдік. Ауыл жігіттері күндіз жұмыстарына барса, кешкілік жағалауға шығып түнгі сағат 2-3.00-ге дейін мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындап қойған қаптарды бөгет үстіне текшелеп жинайды.
Қызылбалық тұрғындары да бір адамдай жұмылып, қарғын суға қарсы іс-амалдарын жасап жатты. Алайда, өздеріне берілген үш шақырымның үстіндегі жағалаудың 1/3 бөлігі бітсе де, ауыр техниканың учаскеден алынып, Орал қаласына жіберілгеніне наразылықтарын білдірді.
Біздің ардагерлер кеңесінің басшылығымен өткен екі күндік жағалау экспедициясы кезінде қай жерде де үлкен түсінік, апатты болдырмау негізгі мақсат екенін аңғардық. Су бойын жайлаған ел құрыштай білектерін берік ұстап, тасқынға қарсы күні-түні аянбай тер төгуде. Жар жағалауында қолына күрек ұстап, топырақты қаптап жатқан ақсақалдар мен ақ жаулықты немерелерін жанына ерткен әжелерді кездестірдік. Бәрінің аузында Алланың мейрімі, елдің амандығы, өткінші су тасқынына қаймықпай қарсы тұру… Елдің ардагер ағасы, батагөй қартымыз Ақмырза Батырхайыров жиналған көпшілікке бірлік тілеп: “Алға қойған мақсаттарын Алла тағалла қолдасын, елдің асыл азаматтары мен ақ маңдай әжелері, айбынды жастары аман болсын!”- деп ақ батасын берді.

Мұрат ӨТЕШОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button