ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ХАЛЫҚПЫЗ
Қазақ хандығының құрылуы бір мезгілде жүзеге асқан акті емес, ұзақ уақытқа созылған процесс екендігі белгілі. Сондықтан да, мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған Қазақ хандығының құрылуы туралы мәселе ғылыми-зерттеу еңбектерде, тәуелсіздік жылдары публицистикада айтыс тудырып, үнемі ерекше көңіл бөлуді қажет етіп келеді.
Қазақ хандығының құрылуына Еуразияның шығыс және орта бөлігінде ХІV-ХV ғасырларда болған саяси дамудың, сондай-ақ, Дешті Қыпшақ пен Мәуреннахр, Моңғолстанда болған этникалық процестердің заңды қорытындылары себеп болды.
Қазақ хандығының құрылған уақыты ХV ғасырдың 1465 жылы. Қазақ хандығының негізін салушылар Ақ Орда ханы Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар 1465-1466 жылдары билік жүргізе бастады (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІ вв. (Извлеченмя из персидских и тюркских соч.) Алма-Ата, 1969, с.95). Төл тарихымыздағы тұлғалар тарихы ешқашан халқынан бөлінген емес, керісінше, ұлтымыздың әйгілі қайраткерлерін тану арқылы тұтастай еліміздің тарихы жазылады.
Қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған Қазақ хандығының тарихына көңіл бөлген Мұхаммед Хайдар Дулати өз заманының белгілі мемлекет қайраткері болған тұлға. Қазақтың хандары Керей хан мен Жәнібек хан құрған мемлекет туралы өзінің 1542-46 жылдары жазған «Тарихи Рашиди» еңбегінде «Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек ұлысында өзара қырқыс басталды. Мүмкіндігі болғанның бәрі қауіп-қатерсіз және тыныш өмір іздеп, Керей хан мен Жәнібек ханға кете берді. Осының нәтижесінде олар едәуір күшейіп алды», — деп жазды (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІ вв. Алма-Ата, 1969, с. 202-203). Бір назар аударатын жағдай Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегіне дейін Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі мәліметтер ешбір жазба деректерде кездеспейтіндігі.
Қазақ хандығының негізін қалаушы тарихи тұлғалар Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш тұрғызылды. Бүгінгі таңда бұл ескерткіш бас қала Астананың ажарын аша түсуде. Бұл халқымыздың Қазақ хандығының негізін салушы ата-бабаларына көрсеткен құрметі деп түсіну бүгінгі өскелең ұрпақтың қасиетті борышы болуы тиіс.
Қазақ хандығының негізін салушы Керей ханның ұлы және мұрагері Бұрындық хан Сарайшық қаласын өзінің астанасы қылды. Қазақ хандарының ішіндегі ең құдіреттісі Қасым хан да Сарайшықты өзінің астанасы еткен. Сарайшықта қайтыс болып, сонда жерленгені белгілі. Ол туралы 1602 жылы жарық көрген Қадырғали би Қосымұлының «Шежірелер жинағында»: «Қасым ханның қабірі Сарайшықта жатыр», — деп жазылған. Бұл қазақ хандығының астанасы Жайықтың төменгі ағысында орналасқан Сарайшық қаласы болғандығы туралы еш күмән келтірмейтін дерек деген ойдамыз. Оның мысалы 1999 жылы тарихы тереңнен тартқан халқымыздың көз қуанышына айналған, туған өлкемізге ерекше сән мен салтанат беріп тұрған «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Ежелгі қала орнынан қазақ хандарына арналған ескерткіш пантеон, мешіт, мұражай салынды. Елбасы Сарайшық мұражайына қалдырған қолтаңбасында: «Тау шайқалса да тарих шайқалмайды – деген халқымыз. Жас ұрпақ тарихтан өнеге алып, қазақ елін, кең байтақ жерін сүйіп өссін!», — деп аманат еткені тәуелсіз еліміздің тарихының айшықты беттеріне айналды.
Қасым хан алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарған тарихи тұлға ретінде тарихымызда алатын орны ерекше. Қасым хан тұсында саны миллион адамға жеткен қазақтар дербес халық ретінде Батыс Еуропаға белгілі болуы халқымыздың тарихи тамыры тереңге тартатындығының жарқын айғағы. Қасым ханның басшылығымен Қазақ хандығы берік құрылып, қазақ халқының ұлттық қалыптасу процесі аяқталды. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашидиінде»: «Жәнібек ханның ұлы Қасым өз билігін Дешті Қыпшаққа таратты. Оның лашкарында миллионнан астам адам болды. Бұл жұртта Жошы ханнан кейін одан құдіретті хан болған емес», — дейді.
Кейінгі жылдары Иран елінің мұрағаттарынан қазақ шежіресіне, Қасым ханға байланысты құжаттар табылды. ХІV ғасыр соңында – ХV ғасырдың басында Дешті-Қыпшақта, Қазақ хандығы құрылуының ең шиеленіскен кезеңінде орын алған саяси оқиғалар тарихы бойынша жинақталған «Тарих-и Кипчак-хани» фактілік материалы Қазақстан мен Орта Азияның ХІV-ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы тарихын зерделеу үшін үлкен маңызға ие.
Ресей Федерациясы, Қытай, Иран, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Египет, Франция және басқа да елдердің мұрағаттарында қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты сан мыңдаған құнды жәдігерлер сақталғаны белгілі. Бұл құнды жәдігерлер халқымыздың тарихы тереңнен тартатындығының нақты айғағы болып табылады.
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымының докторы, профессор.
Атырау қаласы.