
Тарихқа тағзым, еңбекке құрмет
О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінде екі маңызды оқиғаға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Атап айтқанда, бұл шара көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының құрметті азаматы Оңайбай Көшековтің 100 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылды.

«Жаңа технологиялар, инновациялар және цифрлық трансформация» атты конференцияның мақсаты – қазіргі заманғы экономика, агроөнеркәсіп кешені мен білім беру саласындағы заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін саралау, кәсіби мамандар даярлаудағы жаңа тәсілдер мен инновациялық әдістерді талқылау болды.
Конференция жұмысына еліміздің 11 облысынан келген білім және ғылым саласының жетекшілері, агроөнеркәсіп кешені мен IT технологиялар саласының сарапшылары, өндіріс өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен студенттер қатысты.

Пленарлық отырыс пен секциялық мәжілістердің барысында қатысушылар аграрлық саладағы технологиялық жаңалықтар, цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің әлеуеті, білім берудегі инновациялар және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мәселелері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты.
Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өз сөзінде конференцияның тәрбиелік мәні мен ел болашағын қалыптастырудағы маңызын атап өтті:
– Мұндай игі іс-шаралар – болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратын маңызды бастамалар. Бұл колледжге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оңайбай Көшековтің есімі 2019 жылы берілген болатын. Ол – сұрапыл соғыс жылдарын өткізген, соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіруде өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей жан. Ол қайраткер тұлғасымен, батыл бастамаларымен ел есінде мәңгі қалды. Шекара офицерінің формасын туған аймағын абаттандыру үшін алмастырған ағамыздың ғұмыр жолы өшпес өнегеге толы. Атырау облысының өркендеу жолына саналы ғұмырын арнады. Өзіне берілген перзенттік міндетті адал атқарды. Ол Атырау өңірін ең ұзақ басқарған және өркендеу сатысына көтерген талантты мемлекеттік қызметші еді. Биыл тарихи тұлғаның есімін ұлықтау іс-шаралары жалғасын таба бермек. Ізгілікке толы ғұмыры кейінгі ұрпаққа өнеге болғай, — деді ол.
Сондай-ақ облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов студенттердің де қарапайым жұмысшы мамандығынан бастау алып, үлкен жетістіктерге жете алатынына сенім білдіріп, колледждің заманауи технологиялармен сабақтастыра білім беру ісіндегі тың ізденістерін айтты.

– Қазір елімізде кәсіптік-техникалық білім беруге айрықша назар аударылуда. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – соның айғағы. Соңғы жылдары бұл салаға деген көзқарас өзгеріп, колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, сапалы маман даярлау ісі қарқын алып келеді. Осы шараны ұйымдастыру арқылы біз Оңайбай Көшековтің рухына тағзым етіп, оның елге сіңірген еңбегін ұрпақ санасына сіңіреміз, — деді ол.
Колледж директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жанұзақов қатысушыларды құттықтап, білім беру мен өндірістің өзара байланысын нығайтудағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар О.Көшековтың ұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Көшеков ұйымдастырушыларға әулет атынан шынайы ризашылығын білдірді. Конференция қорытындысында білім беру, агроөнеркәсіп және жұмысшы мамандықтары бағыттары бойынша бірқатар нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданып, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылардың айтуынша, бұл конференция – әрі тарихи тұлғаға тағзым, әрі ел болашағын қалыптастыратын білім мен еңбек саласының маңызды мәселелерін шешуге арналған үлкен алаң болды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН