ҚАЙДАСЫҢ БҰРЫНҒЫНЫҢ БҰРЫМДЫСЫ?

тақырыбындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды
Мерейлі жасқа толып отырған осы газет бетінде 90 жылдық торқалы тойына байланысты «Қайдасың, бұрынғының бұрымдысы?» деген тақырыпта байқау жарияланған болатын. Ондағы мақсат - қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеуге, жастардың танымдық, шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын дамыта отырып, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу еді.

Қандай нәрсеге болсын аса мән беріп қараған дана халқымыз сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі шаштеңге деп есептеген. Ұлт мәдениетінде әр бойжеткен шашы мен бойына қарап бағаланған. Шаш тек сұлулық пен мәдениеттіліктің белгісі ғана емес, ол – әйелдер қауымына берілген Алланың айрықша сыйы, құрметі, сәні, еншісі. Қолаң шаш – әр әйелдің әсем табиғаты мен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздық үлесі әрі ұлттық сыр-сипаты.
Білектей арқасында
өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып
жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ,
қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең
мұндай түрін? – деп Абай атамыз да қазақтың нағыз сұлуларын жырға қосса керек.
Заман ағымында талай өзгерістер болып жатса да, ата дәстүрді сақтап, тілерсекке дейін шаш өсірген арулардың өз өңірімізде де көп екендігі жанымызды жадыратты. Байқауға елуден астам қыз-келіншектер қатысып, өздерінің бақтарын сынауға талпыныс жасады. Олардың арасында зейнетке шыққан «ақ әжелер» мен мектеп жасындағы «кішкентай арулар» да бар.
Иықтан төмен төгілген қолаң шаш өңдеріне ерекше нұр беріп, сұлулық сырын айқындай түскендей ерекше ажарлы аруларды бірінен-бірін бөліп алу оңайға соқпады. Бірақ, байқаудың аты байқау. Бұл жерде шаштың ұзындығы ғана емес, қалыңдығы да ескерілді. Сондықтан, жүзден жүйрік таңдалу – басты шартымыз. Сөйтіп, редакция жанынан құрылған тәуелсіз қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен жүлдегерлер белгілі болды.
«Қайдасың, бұрынғының бұрымдысы?» байқауында жүлделі бірінші орынды Атырау қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Жағыпашова Ләззат Болатқызы иеленді. Бұрымының ұзындығы – 1 метр 60 сантиметр. Екінші жүлделі орын Атырау қаласының тұрғыны, болашақ заңгер, 19 жастағы Нұргүл Тұрғанбаеваға бұйырды. Шашының ұзындығы – 1 метр 47 сантиметр. Ал, жүлделі үшінші орында Атырау қаласының тұрғыны, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Айгүл Таңатарованың есімі аталды. Бұрымының ұзындығы – 1 метр 32 сантиметр. Ал, ынталандыру сыйлықтары Махамбет ауданындағы Ақжайық селосының тұрғыны Ли Вероника Олеговнаға және атыраулық 10 жастағы Аружан Ғабитке берілді.
Байқауға қатысушылардың барлығына да шын жүректен алғысымызды айтып, жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтаймыз. Жүлдегерлерді үстіміздегі жылдың 5 қыркүйегі күні сағат 15.00-де «Атырау» газетінің 90 жылдығына орай өткізілетін салтанатты шараға шақырамыз. Шара Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің үлкен мәжіліс залында өтетінін хабарлаймыз.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз