ТӘРБИЕ – ТАЛБЕСІКТЕН
Мәжіліс залына үш бірдей баласын жетектей кірген Әсел Бекназарова (материалдағы кейіпкерлердің барлығының аты-жөні өзгертілді) өз арызы негізінде балаларын облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған. Олардың тұрақты мекен-жайлары жоқ. Әкелері қылмыстық іс жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Комиссия мүшелері баспанасыз баз кешіп, бүгінде жұмыссыз жүрген жас ана өз жағдайын қалыпқа келтіргенше балақайларды «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына уақытша орналастыруға шешім етті.
Жеткіншектердің болашағы үшін аяққа тұруға ұмтылған жас анаға комиссия төрайымы Гүлмира Шәкірова жас ананың алимент төлеуіне барынша ықпал етіп, жәрдемдесетінін айтты. Бүгінде бейімдеу орталығында түрлі тағдырлар бар. Жазықсыз балаларынан бас тартып, тірілей жетім еткендер аз емес. Соның бірі Рүстем, Нұрберген Шынарбековтердің анасы балаларын мүлдем іздемеген. Шақыртумен де комиссия отырысына келмеді. Қаңғыбастыққа салынған анасының дұрыс жолға түспегендігі салдарынан оны ата-аналық құқығынан айыруға сотқа мәлімдеме жіберілетін болды.
Ата-анасы тірі бола тұра балаларының олардың жылы құшағы мен аялы алақанын сезіне алмауы тіптен жанға батады. Мәселесі қаралған осындай отбасыларының бірі – Ивановтар отбасы. Әкесі мен шешесі заңды түрде ажырасқан 15 жасар Валентина сот шешімімен әкесіне қалдырылған. Бүгінде анасы екінші рет тұрмыс құрған. Екінші жолдасынан Алиса есімді қызы бар. Бар өмірін екінші отбасымен байланыстырған әйел бүгінде Валентинаның тағдырына алаңдамайды. Тағдырдың мұндай тауқыметін тартқан Валентина ашуға булыққан болса керек, «әкем ұрады, соғады» деп жалған айтып, түнгі уақытта балалар үйінің бірінің есігін қағады. Бұған дейін әкесінің тәрбиесіне көнбей, теріс қылықтарға бой алдырған. Құзырлы орган өкілдерінің араласуымен комиссия отырысында оның құқығы қорғалып, ол әкесімен қайта табысты. Ал, қызының жағдайына бейқамдық танытқан анаға жасөспірімді қадағалап, назарда ұстау керектігі қаперленді. Егер шешесі бала тәрбиесінде тағы салғырттық танытар болса, екінші некедегі қызы Алиса мен Виктория балалар үйіне орналастырылып, олар ата-ана құқығынан айырылатын болады.
Бүгінде комиссия отырысының талқысына екінші рет салынып отырған 2005 жылы туылған Галина Петрова ендігі уақытта тәртібін дұрыстауға уәде беріп, анасымен қауышты. Сондай-ақ, қалалық білім беру, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімдеріне жасөспірімді үйірмелерге қатыстыру керектігі айтылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.