ҒАЛАМТОР СЫЙЛАҒАН «МАХАББАТ» ТАТУ ОТБАСЫН ТӘРК ЕТТІ

Күнделікті жұмыс бабымен отырғанымызда кабинетімізге жасы отыздар шамасындағы жігіт келіп кірді. Жүзі ұяң, бірақ сынық көрінген ол ішіндегі сырын ақтарар адам іздеп жүргенін айтты. Біз қысылмай айта беруін сұрағаннан кейін басынан өткен хикаясын бастап та кетті.

Амантай мен Айман осыдан он жыл бұрын шаңырақ көтеріпті. Үйлері «ескі қала» аумағында. Екеуі де қалада туып-өскен, көп балалы шаңырақтан шыққан. Үйлену тойынан кейін үш-төрт жыл ата-аналарымен бірге тұрыпты да, кейіннен бөлек шығыпты. Амантай жүргізуші де, Айман базарда сауда жасайды. Үш баланың үлкені Асқар – тоғыз, Арай – жеті, кішісі Абай бес жаста. Түздің шаруасымен «шаңырағымды қалай асыраймын?» деп жүрген жұмысбасты Амантай Айманның өзіне қандай «сый» дайындап жүргенін сезбепті.

Бір күні кешкілік Айман: «Айтатын әңгіме бар. Үйге ертерек келуге тырыс!» – деп оған телефон соғады. Ойында ештеңе жоқ күйеуі қалбалақтап жетіп келеді. Шай үстінде келіншегі: «Амантай, екеуміз жаманды-жақсылы он жылдай бірге тұрдық. Енді мен, аяқ астынан, басқа біреуді сүйіп қалдым. Онымен «агент» арқылы таныстым. Қазір онсыз тұра алмайтын болып отырмын. Ол да мені жақсы көреді. Мен үшін бала-шағасы мен әйелінен ажырасып жатыр. Мен де сенен ажырасамын. Қажет десең, балаларды бөліп алайық…» – дейді. Өмірлік жарым, сыңарым, ұл-қызымның анасы деп құдайдай сеніп жүрген әйелінің мына сөзін күтпеген ері аузындағы тамағына шашалып, сол жерде біраз қиналып қалады. Келіншегінің әзілдеп емес, шынымен айтып отырғанына әбден көзі жеткен соң: «Ол кім, мен танимын ба? Қашаннан бері кездесіп жүрсіңдер?» – деп сұрайды. Сонда Айман «ғашығының» бұл жақтыкі емес, Оралдікі екенін, байланысып жүргендеріне бір жылдай болғанын айтады. Ақыр аяғында ол: «Сенен ажырасатын арызымды ертең апарамын. Мені көндіремін деп мазаланба, өзім осылай шештім!» – дейді.
«Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, не істерін білмеген Амантай алдымен өзінің, кейіннен Айманның ата-анасына барып, арада болған әңгімені түгел айтып береді. Мұны естіген үлкендердің естері шығып, сол бойда екі жақтап Айманға ақыл айтуға келеді. «Бұл не әңгіме, рас па?» деген қос әке, қос шешенің сауалына жас келіншек: «Рас болғанда қандай! Имандай шыным! Бәрі бітті, ажырасамын!» – деп, «маған не істейсіңдер!» дегендей бар даусымен ақырып жібереді. Екі жақтың ата-анасы Айманға жай айтады, ұрсып айтады, тіпті жылап та айтады – ол міз бақпайды. Не керек, «шешінген судан тайынбастың» керін келтірген Айман «сенімен бармаймын, папаммен қаламын…» деген үлкен ұлын күйеуіне тастайды да, екі кішкенесін жетектеген күйі үйден шығып кете барады…
– Содан бері арада алты ай өтті, – дейді бізбен арадағы әңгімеде Амантай. – Айман соңғы күйеуімен біреудің сарайында тұрып жатыр. Маған анам мен қарындастарым қарайласуда. Бәрінен бұрын Арай мен Абайымды сағындым. Соңғы рет қыркүйектің басында көріп едім өздерін. Олар да ағасы екеумізді өлердей сағынып қалыпты. Басым қатты. Не тірлік мынау?! Апа, осы «агент» дегенді кім шығарды, а? Шаңырақтың шырқын бұзып, ерлі-зайыптыларды тоз-тоз ететін оның қажеті қанша?!
Осылай жан дауысы шығып, құлындай шырқыраған жігітті бәріміз отырып жұбата алмадық. Ал, «бақыттан басы айналып» жүрген Айманның нақ бүгінгі таңда үйіріне қайтып қосылу ойына да келмейтіндей. Өйткені, тілдесуге барған бізге ол жалдап отырған сарайының желдеткішінен: «Менде шаруаларың болмасын! Кімнен ажырасамын, кімге қосыламын – өз жұмысым! Кетіңдер бар!!!» – деп айқайлады. Амал не, салымыз суға кеткен біз жас келіншекпен ауызба-ауыз тілдесе алмай, кейін бұрылдық.
Иә, өмірде не болмайды. Бүгінде мектептегі оқушыдан бастап егде тартқан адамның бәрі «агентте» отыратын болды. Бірі жаңа дос іздейді, бірі жай сөйлеседі, ендігісі… не істейді – әйтеуір, жамандықтың ауылын алыс қылғай-дағы. Ғаламтордың әлеуметтік желілерінің арқасында махаббатын тауып, бақытты болып жатқандар да көп. Махаббат еріккеннің ермегі емес. Ол әркімнің өзінің жан дүниесінің сезіміне байланысты. Әрине, он жыл бірге өмір сүрген отаудың ойранын шығарған мұндай жағдай жақсылық емес.
«Агентпен» байланысқалы бері кейбір шаңырақ ортасына түсіп жатқаны да жасырын емес. Лайым, қандай қадам жасасақ та ойланып істейік, іргеміз жақсылық пен бірлікке, ынтымақ пен ізгілікке жақын болғай.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз