ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫ: ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМГЕ НЕ ҰСЫНА АЛАДЫ?

«Халық пен елдің мүдделерін басшылыққа алған ерікті интеграция – өркендеудің ең қысқа жолы да осы».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен, тәуелсіз Қазақ елі тағы бір тарихи оқиғаға қадам басты. Жиырма жылға жуық дайындық жұмыстары мен келіссөздердің нәтижесінде еліміз әлемнің 161 мемлекеті мүше болып табылатын Дүниежүзілік сауда ұйымына енеді деп күтілуде. Сарапшылар «кең нарыққа енуге мүмкіндік туады» деп бағалап отырған халықаралық ұйым еліміздің алдына жаңа міндеттер жүктеп, тың талаптар қойып отыр.

Ең алдымен, отандық сапалы тауар өндіру. Және оның көлемін арттыру. Өйткені, әлемдік тауар айналымның 95 пайызын ұйымға мүше елдердің үлесі құрайтын кеңістікке сапалы өніммен барғанда ғана біз бәсекеге қабілеттілік туралы айта аламыз. Рас, Кеден Одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразиялық экономикалық одақ сынды ұйымдарға мүшелікке ене отырып, Қазақстан тауар өндіру, тауар алмасу кеңістігінде біраз тәжірибе жинақтады. Ел экономикасында оң өзгерістер пайда болды. Сол арқылы, Дүниежүзілік сауда ұйымына енуде алғышарттар өмірге келді. Бірақ, сапа мен бәсекеге қабілеттілік мәселесінде бөрікті аспанға атуға әлі ертерек.

Дәл қазір біздің алдымызда «Қазақстан әлемге не бере алады?», «Қандай өнімдерін ұсына алады?» деген мәселелер өткір тұр. Бізбен сұхбатының бірінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев «Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болған соңғы жылдары еліміздің кондитерлік өнімдері мен шоколад экспорты үш есеге дейін артты. Трансформаторлар экспорты он бір есеге дейін өсті. Цемент экспорты 16 есеге артты» деген деректерді келтірген болатын. Бірақ, әлемнің 161 мемлекеті мүше болып табылатын алып  нарық кеңістігіне бұл көрсеткіштер жеткілікті бола алмайды.

Сондықтан, біздіңше, Қазақстанның алпауыт ұйымға экспортты ауыл шаруашылығы өнімдерінен бастағаны тиімді болатын секілді. Өйткені, біздің астығымыз жоғары сапасымен мақтана алады. Және ол әлемдік стандарттарға да жауап береді. Ет, сүт өнімдерін экспорттауды жолға қоюда да ұтарымыз мол болады. Өйткені, бізде табиғи жайылым бар. Сонау ата-бабалар дәуірінен бастау алатын дәстүрлі шаруашылық саласында қалыптасқан мол тәжірибе бар. Сол себепті де, бізге Елбасы басты назарда ұстап келе жатқан шағын және орта бизнесті дамытуда ауыл шаруашылығы секторына айрықша артықшылық беру маңызды. Қазақстан әлемге алушы емес, беруші мемлекет ретінде баруы тиіс. Демек, бізге бұл мақсатқа ауыл шаруашылығы саласын дамыту қадамы негізгі тетік бола алады.

«Әлемдік деңгейдегі алпауыт ұйымның қарапайым халық үшін тиімділігі неде?» деген мәселеге келер болсақ, сөз жоқ, тауар ассортименті, таңдау мүмкіндігі артады. Тұтынушылар неғұрлым сапалы өнімді пайдалану мүмкіндігін иеленеді. Импорт нөпірінің көптігі тауар бағасының арзансуына жол ашады. Бірақ, біз экономикалық қауіпсіздік мәселесін ұмытпауға тиіспіз. Осы орайда, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың «Дүниежүзілік сауда ұйымына ену – Қазақстан экономикасы үшін едәуір сынақ болмақ» деген сөзіне тоқталғымыз келіп отыр. «Қазақстан нарығында әлемдік ірі трансұлттық компанияларға жол ашылады. Ал, отандық бизнес-құрылымдардың оларға қарсы тұруы қиын» деген сарапшы сөзі стратегиялық даму мәселесіне көбірек көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Сондықтан, бұрын-соңды теңізге шығу мүмкіндігі болмаған Қазақ елі әлемдік нарыққа бәсекеге қабілетті бизнес, сапалы өніммен шығу мәселесінде ұтылмауы тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз