Тәуелсіздіктің қадірін білеміз бе?
11 қыркүйек қазіргі әлем тарихында Америкадағы атышулы лаңкестік оқиғамен есте қалған болса, Испанияға қарасты Каталония автономиясы халқы үшін бұл – «ұлттық күн». Парадокс сол, 11 қыркүйек – каталондықтар үшін жеңістің емес, керісінше жеңілістің датасы. Себебі, осыдан үш ғасырдай уақыт бұрын дәл сол күні каталондықтар тәуелсіздігінен айрылған болатын.
Сол күннен бері каталондықтар тәуелсіздік жолында күресіп ақ келеді. Бірақ, қандай саяси қадамдар жасаса да, Испания билігі Каталония сұраған азаттықты бермей отыр. Миллиондарды көшеге шығарған кезекті митинг күні кеше Барселонада тіркелді. Каталондықтардың күйіне түскен халықты алыстан іздемей, оқтын-оқтын Түркияны дүрліктіріп отырған күрдтерді мысалға алсақ та болады. Біз мұны неге айтып отырмыз? Соңғы деректерде дүние жүзін мекен ететін ұлттардың саны 5 мыңнан асатыны айтылады. Енді қараңыз, әлемдегі тәуелсіз мемлекеттер саны небары екі жүзден асып жығылады екен. Осы цифрлардан-ақ қаншама халықтың тәуелсіздікті аңсап жүргенін өзіңіз-ақ бағамдауға болады.
Ал, біз тәуелсіздіктің қадірін түсініп жүрміз бе? Тәуелсіздікті нығайту үшін әрқайсымыз азамат ретінде қандай үлес қостық? Бұл – өте күрделі сұрақ. Олай дейтініміз, «Маған мемлекет беруі тиіс. Алған үстіне ала түссем» деген масылдық психологиядан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанымыз шындық. Мәселен, Германияда түнгі сағат оннан кейін үйіңде жағылып тұрған электр қуаты үшін көршінің келіп ескерту жасайтынын білесіз бе? Білмеуіңіз де мүмкін. Бірақ, германдықтар табиғаттан бастап, елдегі барлық игіліктерді «ортақ ресурс» деп қабылдайды. Сол ортақ ресурсты кейінгі ұрпаққа қаз қалпында аманат етуге тырысады. Ал, біз «алсам, ала түссем» деген психологияның салдарынан елге ортақ дүниелерге араласудан шет қалып жүрміз.
Ыбырай Алтынсарин не деп еді? «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қашанда қоғамды өмір бойы оқуға үндеп келеді. Енді, міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халқымызға жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Барлығын тізбектемей, бір ғана ауыл мектептерін мысалға алсақ, енді даланың баласы ІТ сыныпқа аяқ басты. Жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда ел көлемінде 1000 ІТ сынып ашылуы керек екен. Қазірдің өзінде елімізде 383 ІТ сынып жұмыс істеп тұр. Президенттің тікелей қадағалауында тұрған бұл сыныптар дәстүрлі информатика пәнінің оқу бағдарламасына ұқсамауы тиіс. Әркім өз ісімен айналысуы керек дегеннен шығады, сайып келгенде, мұның барлығы – елдің болашағы, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында атқарылып жатқан дүниелер. Себебі, сәт сайын өзгеріп жатқан алмағайып дүние бізден инновациялық жаңалықтарды, бәсекелестікті талап етіп отыр. Жақында ғана Атырауға жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевша қайырсақ, қазір біздің алдымызда мемлекеттігімізді күшейту, егемендігімізді нығайту міндеті тұр.
«Дүниежүзілік геосаясатта әртүрлі үрдістер жүріп жатыр. Америка мен Қытайдың, Американың Ресеймен арадағы қарым-қатынастарын біліп отырмыз. Таяу Шығыста болып жатқан лаңкестік жағдай да белгілі. Осындай күрделі ахуалда мемлекеттігімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – экономикамызды нығайту, инновациялық, серпінді технологияларды іске қосу. Мықты кадрлар даярлау. Тұрақтылықты сақтау» деген Мәулен Әшімбаев мұны ұлттық мүддеге негізделген саясатты жасау жолындағы қадамдар деп бағалаған еді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге сен жауаптысың, қазақ баласы!
Баян ЖАНҰЗАҚОВА