Жастар газет неге оқымайды?

izobrazhenie 2022 06 16 145455650 Қоғам

ИНТЕРНЕТ ДАМЫП, АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ САЙТ, ПОРТАЛДАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТҚАН ЗАМАНДА МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРҒА ЖАЗЫЛУ МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ? ОБЛЫСТА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУЫНА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАЛҒАН? АЙМАҚТА КІТАПХАНАЛАР САНЫ НЕШЕУ, ҚОР ЖЕТКІЛІКТІ МЕ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ «MIRAS» АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІНДЕ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ.

ГАЗЕТ ОҚУ СӘН ЕМЕС…

«Елсана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Ермұхановтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңір үшін өзекті басқа да мәселелер көтеріліп, ұсыныстар тыңдалды. Бұқаралық ақпарат құралдарының облыстың дамуындағы ролі зор екені сөзсіз. Алайда, салаға қатысты проблема да жеткілікті. Тақырыпқа қатысты хабарлама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сағадат Әжіғалиев облыста 50 бұқаралық ақпарат құралы тіркелгенін айтты. Егер оны жіліктеп айтсақ, 23 газет, 5 журнал, 16 ақпараттық ресурс, 3 телеарна, 2 радиоарна, 1 кабельдік оператор бар. Олардың 42-сі тұрақты жұмыс жасап тұр. Ақпарат құралдарының дені – «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің құрамында. Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыру бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекіткен 26 ақпараттық тізілімге сәйкес конкурс жарияланып, 22 БАҚ, 1 жарнама агенттігі және «Қазтелерадио» ұлттық телехабар тарату орталығы мекемесімен келісім-шарт жасалған. Сағадат Орынбасарұлы бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстармен қатар, салаға қатысты өзекті мәселелерді де атап көрсетті. Оның бірі – басылымдарға жазылу көрсеткішінің күрт төмендеуі.

– Интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі мессенджерлердің дамуы мен қарқын алуы баспасөзге жазылу деңгейін түсірді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қай салада да іс тетігін кадр шешетіні анық. Бұл мәселеге қатысты кедергілер аталған салада да бар. Мысалы, облыста орыс тілді журналистер тапшылығы айқын сезіліп тұр. Биыл Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «журналистика» мамандығын аяқтаған 32 студенттің 7-уі – орыс тілді топтың түлектері. Сондықтан, осы мәселені оң шешу мақсатында орыс тілді топтарға грант бөлу мәселесі қаралуда. Мәжілісте журналистердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы-на қатысты да сөз болды. Яғни, сала қызметкерлерінің үй кезегіне тұруға мүмкіндік беретін санатқа енгізілмеуінен мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана ала алмайды. Айта кеткен жөн, жасы 35-ке толмаған жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы тізіліміне журналистер енгізілген. БАҚ саласына қатысты заңнамаларды өзгерту – Президент Жолдауында көтерілген мәселенің бірі. Сондықтан, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі саланы дамыту бойынша арнайы Доктрина әзірлеуде. Аталған өзгерістерден күтер үміт мол. Өйткені, мемлекеттік саясатты ілгерілетуге үлес қосып отырған сала өкілдері өздерінің әлеуметтік проблемаларын шешуге қауқарсыз. Тақырыпты талқылау соңында бірқатар тапсырмалар берілді. Олардың қатарында оқырмандар санын арттыру, тәуелсіз басылымдар санын көбейту және ресми әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар жеделдігін арттыру бар.

СТАДИОН САЛУ, АЛАҢ АШУ…

Тұрғындардың спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау, сол арқылы ұлт саулығын оңалту мемлекеттік мәнге ие. Бұл бағыттағы жұмыстар «Amanat» партиясының Атырау облысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында да көзделген. Оның орындалуы қалай? Бұл туралы баяндама жасаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернұр Нетжанов биыл аяқталуы тиіс Индер ауданындағы Көктоғай және Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылысы былтыр басталғанын айтты. Ал, Химиктер қалашығы, «Бірлік» шағынаудандары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаздар анықталған, құрылыс енді басталады. Ақсай ауылынан спорт кешенін салу үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға өтініш берілген. Шағын футбол, ашық спорт алаңдарын салу жұмыстарының жоспарында биыл 5 іс-шара көзделген. Соның аясында Жылыой ауданында 2, Исатайда 2, Мақатта 1 алаң құрылысы аяқталады деп күтілуде. Мұның бірқатары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қарастырылған. Мысалы, Қызылқоға ауданының Миялы, Сағыз ауылдарында және Мақат ауданында басталған стадиондардың құрылысы осы бағдарламамен салынып жатса, Құлсары қаласындағы спорттық нысан «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы бойынша тамыз айына дейін пайдалануға берілмек. Ал, Құрманғазы мен Индер аудандарында стадион құрылысының құжаттамалары жасақталып жатыр. Партиялық бағдарлама бойынша алдағы бес жылда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткішін және спортпен шұғылдану үлесін арттыру, секциялар санын ұлғайту бағытындағы жұмыстар да жасалуда.

– Басқармаға қарасты 36 спорт нысанының 8-інде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Қалған 27 спорттық нысандағы кемшіліктерді жою үшін 2021-2025 жылға арналған іс-шара жоспары жасақталып, бекітілді. Облыс бойынша 11 710 мүмкіндігі шектеулі жан спортпен шұғылдануға жарамды. Ал, 1 198 мүмкіндігі шектеулі адам спортпен жүйелі шұғылданады. Бұл көрсеткіш облыста тіркелген спортпен шұғылдануға қабілетті мүгедектердің 11,2%-ы, – деді Е.Нетжанов.

Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлеріне қызығушылар санын арттыру мақсатында қазақ күресі секілді бірқатар секциялар санын көбейту үшін де жұмыстар жүріп жатыр.

КІТАПХАНАҒА КІМ БАРАДЫ?

Бүгінде облыста 143 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Олардың 2-і облыстық, 21-і – қалалық, 120-ы – ауылдық кітапхана. Ең ірі әрі басты ақпарат орталығы – Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана. Олардағы барлығы 351 мыңнан астам кітап қорын 35 мыңдай оқырман пайдаланып отыр. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, кітапханаларда оқырмандар үшін дәстүрлі және электронды каталогтар залы жұмыс жасап тұр. Кітап қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша республика баспаларынан жарыққа шыққан әдебиеттер есебінен толықтырылады. Бұған «Кітапханаға кітап сыйлайық» дәстүрлі акциясының да үлесі барын атап өткен жөн. Рухани ордалардағы көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға лайықталған арнаулы бөлімде СD дискілер мен нүктелі-бедерлі кітаптар бар. Оқырман-пайдаланушылар сұранысына сай әдебиеттер алу жоспарлы іс қатарында. Осыдан екі жыл бұрын «Miras» қоғамдық кеңесінің мәжілісінде талқыланған жазба және айтыс ақындарының мектебін ашу туралы ұсыныстың нәтижесінде халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ақтаңгер» жас ақындар клубы құрылды, мүшелері жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Тақырыпқа қатысты тағы бір дерек – биыл Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш-штурман Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған жас ақындар мүшәйрасы өтіп, жеңімпаздар Х.Доспанова атындағы медальге ие болды. Келешекте жас ақындардың жинағын шығарудың жоспарлануы да авторларға серпін болары сөзсіз. Кеңес мәжілісінде «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың өңірлік «Jas Otan» белсенділерімен кездесуде жас ақындар айтысын ұйымдастыру, жас қаламгерлер клубын құру мәселелерін республикалық қоғамдық кеңестің және тиісті құзырлы органдардың қарауына ұсыну жөніндегі тапсырмасы қаперге беріліп, басқа да ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сонымен қатар, кеңес құрамына жаңадан мүшелер бекітілді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз