Жарнама
Қоғам

ТҮРІ БАСҚА, ТІЛІ БІР

Байқауды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Қилымғали Қайненов ашты. Ол мемлекеттік тілдің мәні мен маңызы, соған орай өткелі отырған байқаудың мақсаты төңірегінде әңгімелей келе, оған қатысушылардың бәріне сәтті қадам тіледі. Аталған байқау, негізінен, мемлекеттік тілді меңгерген орыс тілді жастарды анықтап, ынталандыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды, тіл мәдениетінің деңгейін арттыруды көздейді.

Байқауға қатысушыларға бірнеше тапсырма берілді. Атап айтқанда, қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасын білуге арналған тестінің 50 сұрағы, ұсынылған бірнеше тақырыптың ішінен өз таңдауы бойынша эссе жазу, билет алу арқылы берілген тақырыпқа монолог құру, ауызша сұрақтарға жауап беру, кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқу.

Байқауға сегізінші, тоғызыншы, оныншы сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Түркімен қызы Язжемал мен орыс қызы Елена бірқатар қосымша сауалдарға да әп-әсем жауап берді. 

Үш сағатқа созылған байқау да өз мәресіне жетті. Оқушылар мен студенттердің білім-білігін тезге салған әділқазылар алқасының төрағасы, тіл жанашыры, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Абат Кенжеғалиев қорытынды тілегінде жастардың бос уақыттарында кітап оқуға деген құштарлығы мол болуы керектігін айтты. Байқауға қатысушыларды дайындаған олардың ұстаздарына деген жүрекжарды алғысын жеткізді.

Байқау қорытындысымен үшінші үш орын — Эльвира Валитова, Кристина Тян, Мария Рубайловаға, екінші екі орын — Анастасия Шин, Язжемал Аннамухаммедоваға, бірінші орын Елена Полфунтиковаға, ал Бас жүлде өзбек қызы Нигора Турановаға бұйырды. Жеңімпаздардың бәріне бағалы сыйлықтар, ұстаздарға баға жетпес байлық — кітаптар ұсынылды.

Бас жүлде иесі Нигора алдағы айларда өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Сурет Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button