ҚҰТҚАРУШЫЛАР ТӨЛ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұжымы кәсіби мерекелерін атап өтті. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою, еліміздің азаматтық қорғанысын, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды үлкен міндетті абыроймен атқарып отырған төтенше жағдайлар органдарының құрылған күнінде қаладағы Исатай-Махамбет алаңында өрт техникалары және өрт сөндіру қызметінің жауынгерлік жұмыстары таныстырылды.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары, полковник М.Курманов облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа дайындық жағдайын баяндағаннан кейін, Батыс өңірлік жедел-құтқару жасағының үлгілік құрылымы көрсетілді. Шартты түрде жарақат алған адамды альпинистік жабдықтармен, төмен түсетін құрылғылармен, жеке сақтандыру жүйелері мен карабиндердің көмегімен құтқару жұмыстары көпшілікке паш етілді. Сонымен бірге, алаңда тізіліп, сап түзеген өрт-сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған техниканы тамашалағандар қарасы да аз болған жоқ.

Облыстық өрт қызметі гарнизонында сексеннен астам өрт және арнайы автотехника жинақталыпты. Ол жеке құрамды оқиға орнына жедел жеткізуге, өрт-техникалық жабдықтау мен авариялық-құтқару және басқа да арнайы жұмыстарды жүргізуге арналған. Жыл басынан бергі тоғыз ай ішінде 45 төтенше жағдай тіркеліп, құтқарушылар 32 адамның өмірін сақтап қалған.
Төтенше жағдайлар органдарының құрылған күні Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде салтанатты түрде жалғасын тапты. Сала қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Дүйсекенов пен төтенше жағдайлар жүйесінде ұзақ жылдар қызмет еткен құрметті ардагер Радиус Латфуллин сөз алды. Қиындықпен күнбе-күн бетпе-бет келіп, әрдайым ерліктің үлгісін көрсетіп отырған жандарды төл мерекелерімен құттықтаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Болатбек Омаров қызметкерлер мен ардагерлерді марапаттап, алғыс хаттар табыстады.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз