«ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ»

1. Наурыз құтты болсын! Жас күніңіздегі осы мерекенің тойлануы, қазір көп елене бермейтін салт-дәстүрлер есіңізде бар ма?

2. Отбасында қыз баладан гөрі ер баланың тәрбиесі қиынырақ деп жатады. Сіз сайдың тасындай алты ұлды өсірдіңіз. Барлығы да тілге жатық, өнерге бейім, қазақы тәрбиеде ата дәстүрді бойларына сіңірген. Осының сыры неде?

3. Сіз талай келінге ене атанып отырған анасыз. Ене мен келін ортасындағы жарасымдылық туралы не айтасыз?

4. Бүгінгі Наурыздың тойлануы туралы ұсыныс-пікіріңіз, басқа да айтар қандай ақжарма тілегіңіз бар?

Сайын даладай кеңшілік ұялаған кеңпейіл қазақ халқындағы ең бір қадірлі де қасиетті саналған мерекелердің бірі –жыл басы Наурыз. Ұлыстың ұлы күні деп бағаланған бұл мереке тоталитарлық жүйенің салдарынан бір кездері жойылып кетуге шақ қалғандығы рас. Алтынды тот баспайтындығы сияқты бұл шуақты мереке 80-ші жылдардың аяғында қайта жаңғырып, еліміз егемендік алған жылы Елбасының қаулысымен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Содан бері әз Наурыз қасиетті қазақ жерінде салтанат құрып, еңселі еліміздің мерейін одан әрі асқақтата түсті.
Ел шетіне бейбіт аспанымен, сәулелі нұрын төге келген Наурыз мейрамына орай, ата салтты дәріптеген, ұлттық сананы айшықтайтын тәрбие-тәлімді ұрпақтарының бойына сіңіре білген, көненің көзіндей аса қадірлі адамдармен жүздесудің сәті түсті. Бүгінгі «Төрт ауыз толғамның» мерекелік қонақтары Дамбы селосындағы Хамзаевтар отбасы – отанасы Мәру Қаресова мен оның ұрпақтары.
Биязы өңді, жүзінен тек аналарға ғана тән жылылық ескен ақжаулықты ана «апалап» келіп мойнына асылған бала-келіндері мен немерелерін айқара ашқан кең құшағына алып, арқаларынан қағып, әрқайсысын ұзағырақ құшақтап әбден мейірін қандырғанша біршама уақыт өтті. Жерге төселген кілемнің үсті жыпырлаған ұсақ балалар. Әжелеп етегінен тартқыштап, өздеріне қарата алмай әлек. Бақырып жылап бастағандары да бар. Жанары жарқылдап, жүзі жадыраған ана бір сәт отыра қалып, әлгі кішкентайлардың ортасына күмп етті. Ғажап көрініс. Бұл – Мәру апаның ең бақытты сәті. «Менің бар байлығым, бақытым міне, осылар. Тәңірден осылардың амандығынан басқа тілерім жоқ, тек отағасымның арадан ертерек кетіп қалғандығы болмаса» деп тебіренді ана. Құдайы қосқан қосағы Карапиден екеуінің бауырынан тараған алты ұл, бір қыздан 28 немере, 14 шөбере сүйіп, талай елмен құдалы-құдандалы болып отырған Мәру апай тамырын тереңге жіберіп, жапырағы жайылған алып бәйтерекке ұқсайды. Әулеттің алтын діңгегін о бастан бекіте білген ол, отбасындағы береке-бірлікті, қазақ халқына ғана тән ибалылық пен адамгершілікті сақтауды басты қағида санайды. Мұның барлығы сайып келгенде ұлттық ерекшелігіміз деп түсінеді. Орта жастан асқан әйел адам есіктен кіре сала тізесін бүгіп сәлем етті. Жасыратыны жоқ, біздің өңірімізде бұл дәстүр көп қалыптаспаған ғой, таңғалысып қалдық. «Келінім – Сая ғой, көп жаса, құлыным» деп батасын беріп жатты ана.

1. Мен 1937 жылы өмірге келген ұрпақтың өкілімін. Ол кезде ашық түрде, емен-жарқын Наурыз тойланбайтын. Бірақ, әлі күнге дейін есімде, бұл күні үй ішінде әжептәуір қозғалыстар болатын. Әжем жарықтық көне сандығын ашып, сабын иісі мен қалампыр иісі бұрқыраған заттарын шығарып, жіпке жайып күбірлеп бірдеңелерді айтып жүретін. Дүние біткен жарық көру керек. Жабулы, буулы-түюлі ештеңе болмау керек деп отыратын. Ауыл-ауылды аралап, кішілер үлкендерге көрісіп келетін. Қыс бойы азғана ауысқан-түйіскені болса «ұзын сары келгенде жейміз» деп кебеже түбіне итере беретін. Бірде үйімізге ұзын бойлы сары адам келеді. Оны көрген үйдің келіні жүгіріп барып, әжемнің жиынтығын қазанға салып бұрқыратып аса бастайды. Қазан қайнап сүр иіс аңқып, үйдің ішін ала бастағанда келініне «бұның не?» десе, «апа, ұзын сары келді» депті мәз болып.Сөйтіп күлкіге бір қарық болыпты.
Үйдегі үлкен адам – қазына ғой. Ең бірінші қонақтың бабын табу біздің халық үшін жазылмаған заңдылық. Тағы бір есімде қалғаны, бір күні келіні ет асады. Табақ түсіп дастарханға келеді. Әжем байқайды, қадірлі қонаққа арнап сақтап жүрген жамбас, төс, құйымшақ сияқты мүшелердің барлығы да пісіріліпті. Шыдай алмаған әжем: «ойбой, мыналар ұстағандар ғой» дейді. Көзі алақандай болған келіні: «апа, мен ұстаған жоқпын» депті екі алақанын жайып. Осылардың барлығы сол кездің әдетке айналған нәрселер еді. Наурыз көже пісіретінбіз.Барынша дастархан толып тұратын. Қаймақты бүйенге сақтайтынбыз. Мен әлі күнге дейін бүйен ұстап, қаймақты соған жинап қоямын. Дәмі ерекше болады. Балалар өте сүйсініп жейді. Сол кездегі құрт, ірімшік жасау, ет сүрлеу сияқты атакәсіппен тең жұмыстар қазірге дейін келді. Оны менің жастастарымның барлығы да қолданады деп ойлаймын. Үлкендерге көрісу, сән-салтанатымен киіну сияқты қалған дәстүрлер бүгінге дейін жетті ғой.
2. Жолдасым Карапиденмен елу жылдан астам бақытты өмір сүрдім. Келген жерімде бес ұл бар екен. Үлкені – Шарапиден нағашысында ұл болмағасын сол кісілерге берсе, үшінші Жұмабиденді ұлы болмауы себепті інісіне берген. Ойлап отырсам бұның түп мағынасы – шаңырақ жойылмасын деген ұлағатта жатыр екен. Қос қайным Өтеген (өмір бойы Ақтөрем деп атаймын) мен Мұқиден (кіші бала), ата-енем бәріміз бір шаңырақтың астында тұрдық. Атамды да, енемді де Алланың жолымен ақ жауып арулап, мәңгілік мекендеріне жөнелттік. Көзі жұмылардың алдында енем жарықтық маған көзін қадап, екі саусағын көрсете берді. Бұл екі ұлын тапсырғаны екендігін түсіндім. Содан қос қайным баламдай болып жанымда өсті. Отағасы екеуміз оқыттық, ержеткен соң үйленетін болса алып қашып келмей ата салтпен құда түсіп, жөн-жоралғысымен отау тігу керектігін айтып жүрдік. Сөйтіп, мен 35 жасымда ене, Кәрекең қырыққа жетер-жетпестен ата атанып, келін түсірдік. Сол келінім бағанағы сәлем жасап жатқан Сая еді. Артынан кіші бала үйленіп екі келінмен тұрдық. Жолдасым Кәрекең балаға өте жұмсақ болатын. Бір қағып, болмаса дауыс көтермейтін. Әрі үкіметтің жұмысындамын, үйдегі «солдаттардың» тәрбиесімен өзім айналыстым. Жұмысқа кетерде бас-басына үй жинау, малға шөп салу, қора тазалау, кішілердің сабақтарын қарау сияқты тапсырмалар беріп кетем де, келгесін қаз-қатар тізіп қойып әлгі тапсырмалардың орындалысын тексеремін. Балалар осындай тәртіпке дағдыланды. Ал, өнер мен шешен сөйлеу біздің арғы аталарымызда болыпты. Жарылғап деген атамыз домбыра тартып, серілік құрып аттың сұлуын, тазының тектісін ұстаған адам екен. Солардан жұққан болу керек.
Қайнысы Өтеген: – Ата-анамызды жоқтатпай інім екеуімізді бауырларынан шығармай, балаларындай етіп өсірген ағам мен жеңгем мен үшін асқар шыңмен пара-пар. Ағам түзде жүрді, өзі партия мүшесі, үкіметтің жұмысынан қолы тимейтін. Барлық шаруа жеңгемнің мойнында. Біздің барлығымыздың адам болып қалыптасуымызға жол ашқан – осы асыл жеңешем. Ақам, жарықтық, балажан еді. Бірде ініме велосипед алып береді де, кеште шарбаққа кіргізіп қоюды тапсырады. Бір күні сыртта қалып қойған велосипед ұрланып кетеді. Ал, келіп іздейік. Бір кезде ауылдағы қолының сұғанақтығы бар бір адам зырылдатып айдатып келе жатыр. Тоқта деген сөзге құлақ асар емес. Болмағасын ақам «ат мылтықты» деп айқайлады. Сол-ақ екен әлгі адам астындағы велосипедті тастай салып, қаша жөнелді. Бәріміз күліп жатырмыз. Ол кісінің сондай тапқырлығы бар болатын. Өмір қызыққа да, қиыншылыққа да толы. Ақамдардан Аманжол деген баласынан аналары қайтқанда егіз қозыдай екі ұл қалды. Солардың өсіп-өнуіне де бұл кісілер үлкен үлес қосты. Солардың бірі Айдарбектен жеңгем немере келін көріп, шөбере сүйіп отыр.
Ұлы Абай: – Жастайымыздан тәртіпке бағындық. Анамыздың айтқанын орындамау біз үшін үлкен кемшілік болып есептелді. Нағашыларымның бірі менің үй шаруасына икемділігіме таңғалып: «Абайжан, ұрпақ үшін демесең, саған әйел алып керек емес сияқты» деп қалжыңдайтын. Нәтижесін ержетіп, үй болғанда көрдік. Ұлттық салт-дәстүрімізді қадірлеу, үлкенді сыйлау бойымызға ата-ана тағылымымен сіңісті болды. Осы тағылымды өз балаларымызға дарыту міндетіміз.
Келіні Сая: – Әлі есімде жаңа тұрмысқа шыққан кезім, Өтекеңді бірдеңе ала келші деп жұмсай қоймаймын ба. Оны естіп қалған апам жайымен мені шақырып алды да: «қарағым, мен Ақтөреге бір бөлке нан көтерткен жоқпын. Азамат – түздің адамы» деді байсалды дауыспен. Мен бәрін түсіндім. Жаспыз ғой, кей кезде жолдасым екеуміз өкпелесіп қаламыз. Сонда мен: «Өтеке, ағам мен апам ешуақытта ренжіспейді, біз де сөйтейік» деуші едім. Ең алғаш бізге енші беріп, бөлек шығасыңдар дегенде Өтекең екеуміз қатты қиналдық. Сонда апам: «шырағым, енді өз беттеріңше өмір сүре аласыңдар» деп кішкентай Абайды көмекші болады деп бізге ілестіріп жіберіп еді. Қазір төрт келін түсіріп, бір шаңырақта екі бала-келінмен тұрып жатқан, алты баладан он екі немере сүйген бақытты отбасымыз. Мұның барлығы анамыздың арқасы.
3. Осы жасыма дейін қолыма он екі келін түсірдім. Келін – кісі баласы. Табалдырықтан аттаған бойда бауырыма тартып, ортаға кіргізіп жіберуге күш салатынмын. Абысындарымен, қайны-қайын сіңлілерімен жақындастырып, өзінің бөтен ортаға келгендігін сездірмеуге мұрындық болатынмын. Бұл менің аналық парызым деп ойлаймын. Аллаға шүкір, біреуі бетіме тік қараған емес. Көзі тірісінде балаларының отбасын құрып, балалы-шағалы болғанын көру – әр ата-ананың арманы ғой. Келін де бір үйдің баласы. Жылы сөйлеп, «қарағым» десең жібімейтін жүрек жоқ. Сондықтан, енелер де бір кездері өздерінің келін болғандықтарын естен шығармаса керек.
Келіні Гүлжамал: – Мен апамның тұңғышы Әбекеңнің (Амангелді) жолдасымын. Төрт баладан бес немере сүйіп, қуанышта өмір сүріп жатырмыз. Біздің ақ жалауымыз – апам. Бұл кісінің жүрегінің мейірімінде шек жоқ. Әлі күнге дейін бас-басымызға қамқор. Бала тәрбиесіндегі орны мүлдем ерекше. Өнер де, білім де, мінез бен қабілет те осыларда. Бір жылдары «Биік болсын шаңырақ» деген үлгілі отбасылар арасында жарыс болды. Сонда Хамзаевтар ансамблі өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етіп бас жүлдені иемденді. Апамның шеберлігінің өзі – бір төбе әңгіме. Күні кешеге дейін өрнек, алаша тоқыды. Алашаның терме түрін де (ою-өрнектелген), қақпа түрін (жолақтар салынған) де керемет тоқитын. Қызы Гүлайна тұрмысқа шыққанда есімін жазып тұрып тоқып берген терме алаша талайлардың таңдайын қақтырған болатын. «Бұл өнерді анамнан үйрендім» дейді апам. Әлі күнге дейін өз киімін өзі тігіп алады. Айналасындағылардың «қолының ұсынықтысын-ай» дегендерін талай естігенбіз.
Ұлы Ғалымжан: – Әкеміздің иісі сіңген, анамыздың өзі жүрген бұл қара шаңырақ – біз үшін жұмақтың төрі. Әкеміз бен анамыз біз үшін адалдықтың эталонындай болды. Екеуінің алтынтойын тойлап, думандатып едік, шіркін. Асыл әкенің арамызда жоғы қинайды. Басқа мерекелерді есептемегенде, Наурызда осында түгелдей бас қосамыз. Бұл мейрам – біз үшін үлкен той. Анамыздың арқасында аузымыз жазда ақтан, қыста қызылдан құрғаған емес. Бірақ Наурыздағы ұлттық дастархан мәзірі біз үшін ерекше.
Құдағайы Жібек: – «Құданы құдай қосады» дейді ғой. Он жылдан астам ағайын болып кеткен кездегі таң қалатыным құдағай бастаған осы әулеттің қазақтың салтын айнытпай ұстап, әрқашан дәріптей білетіндіктері. Қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана басқа да ұлттық тойлар өз дәрежесінде, барлық ырымдарымен мазмұнды өтеді бұл шаңырақта. Қазақы дәстүрмен ұрпақтарының санасына ұлттық ерекшеліктерімізді сіңіріп, айналасына шуақ сеуіп отырған үлкен құдағайымды өзім барлық жерде мақтан етіп айтып жүремін.
4. Наурыз – ұлы мереке. Табиғат-ананың бусанып, жаңаратын тұсы. Оны әркім әртүрлі тойлап жатады. Біз де ұлттық киімімізді киіп, отбасынан басқа ұйымдастырылған шараларға қатысамыз. Мен немерелерімді ерте жүремін. Көрсін, санаға түйсін дегенім ғой. Қалай десек те ел риза. Мүмкін заманына қарай өзгеріп отыратын шығар. Тек бір айтайын дегенім, тігілген киіз үйлердің белгілі бір адамдардың тобына ғана арналып, қарапайым халыққа есігі жабық болатындығы қапаландырады. Қазақтың есігі «құдайы қонақпын» дегеннің барлығына айқара ашылған, осыны ескерсек екен.
Аналық ақ жүрегіммен Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деген тілек айтамын. Ел тыныштықта, халқым шаттықта өмір сүрсін. Көгімізде тек сәбилердің алаңсыз күлкісі қалықтасын.
Ұлы Амангелді: – Соңғы кезде наурыздың тойлануы сахналық болып кеткен сияқты. Жыл сайын қайталанатын бір қойылым. Сондықтан, бір серпіліс керек-ақ. Менің орайы келген кездегі айтарым – тәрбиенің дастархан басынан басталатындығы. Мәселен, менің жолдасым келін болып түскенде үлкен дастарханның шетіне қойылған жез самаурынның қасында тапжылмастан 2-3 сағат отырып қонақтарға шәй құятын. Біреулері келіп, екіншілері кетіп жататын. Кейіндері кейбір мен танымайтын алыс ағайындар мен таныстарды Гүлжамал керемет танитын болды. «Сен қайдан білесің? десем, «шәй құйып отырғанда таныстырды, дастархан басындағы үлкендердің айтатын әңгімелерін тыңдасаң ғой» деп мені қызықтырып қоятын. Қазір мүлдем басқаша, ас бөлмеден дайындалған шәйді сарылдатып құяды да келіндер жөніне кете береді. Бұл тәрбиенің ақсап бара жатқаны деп ойлаймын. Осыны да ескерсек, ерсілік болмас еді. Тілегім сол – ел аман, жұрт тыныш болсын. Қазыналы қарттарымыз ешқашан мұңаймасын.

РS: 76 жасқа келіп, аузынан шүкіршілігі түспеген Мәру апа ата дәстүрмен кенже бала-келіні Болатбек, Бибінұрмен бірге бір кездері өзі келін болып түскен қара шаңырақта бақытты өмір сүруде. Бір жағында Өтепберген мен Қашиясы. Өзге шаңырақтың түтінін түтеткен жалғыз қызы Гүлайнаның отбасының амандығы да оның ақ тілеуінің ортасында.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз