ТҮНГІ ҚАЛАДАҒЫ БАЛАЛАР
Сағат тілі түнгі 23.00-ден кейін басталған рейд барысында құзырлы орган өкілдері заңды құлаққа ілмей, топтасып жүрген жасөспірімдерге кезікті. Шаһардағы мейрамханалардың бірінде жасөспірім қыздың даяшы болып қызмет етіп жатқаны туралы хабар түсе салысымен, полицейлер белгіленген орынға жетті. Бұл жерде банкет болып жатқаны белгілі болды. Отырыстың шырқын кетірмейік, көңіл-күйлерін бұзбайық деген ниетпен сала мамандары жиынның аяқталуын күтті.
Бұл уақытта полицейлердің назарына ішімдікке тойып алған ер адам ілікті. Қолындағы қоқысты арнайы белгіленген орынға жеткізбей, жол бойына лақтырып кеткен ол құқық қорғау қызметкерлерінің көзіне түсіп қалатынын есіне де алмапты. Бұл жағдайды құзырлы орган өкілдері әріптестеріне жедел хабарлады.
Сондай-ақ, әлгі отырысқа қатысушылардың жасы кәмелетке толмағандар екені анықталды. Көңіл көтеруге жиналған 15 шақты жасөспірімге даяшылық қызмет еткен 16 жасар Бақытгүл екені белгілі болды. Ол бұл орында тек демалыс күндері, банкет уақытында қызмет ететінін айтады. Бұл нақтыланса, даяшы қыз 20 АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) айыппұл төлеуі тиіс. Егер, ол ойын-сауық мекемесінің тұрақты өкілі ретінде анықталса, заңды тұлғаға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, ата-анасы 5 АЕК көлемінде айыппұлға тартылмақ. Бақытгүл облыс орталығындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Осы тұста айта кету керек, түнгі уақытта полицейлердің қолына түскен жасөспірімдер аталған мекемеге жеткізіледі. Егер мұнда үш күннің ішінде ата-анасы балаларды іздеп келмесе, олардың әрі қарайғы тағдырларын шешу үшін кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі.
Рейд кезінде бұдан әрі заң қызметкерлері бірнеше ойын-сауық орындарына бас сұқты. Айта кету керек, биыл он айда жасөспірімдердің көңіл көтеру орындарында беймезгіл уақытта жүруі бойынша 53 дерек тіркелген. Құқық бұзушылықтың бірқатарын даяшылық қызмет ететін жасөспірімдер құрайды.
Атырау қалалық ішкі істер басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Орынгүл Көшқалиева түнгі уақытта ата-аналар балаларын қатаң қадағалауы керектігін айтады.
– Ойын-сауық орындарында ішімдік ішкен дөрекі тұтынушылар көбірек кездеседі. Олар әмиян, ұялы телефон, сөмке сияқты бұйымдарын ұмытып кетуі мүмкін. Ал, оған қызыққан жасөспірімдер балалықпен оны өзіне алып қоюы мүмкін. Кейін ұрлық жасады деген айыппен шаталып жататын кездер де болады. Мұның алдын алуда ата-аналардың бала тәрбиесіне көңіл бөлгені жөн, — дейді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, кинотеатрлар жағалап, фильмдердің түнгі сеансына келуші жасөспірімдер жиі кездеседі. Олар жеке құжаттарын бермей, аты-жөндерін жасырғысы келеді. Ең бірінші, ата-анасына ескерту беріледі. Егер, бұл жағдайлар тағы қайталанса, ата-аналарына 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Жалпы, үш күндік рейд барысында түнгі қалада қыдырыстап жүрген 27 жасөспірім анықталды. Үш сағаттың ішінде 21 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 19 жеткіншектің түнгі 11-ден кейін үйінде болмағаны анықталса, тағы он жасөспірім ойын-сауық орындарынан табылды.
Рейдтік іс-шараға қатысқандар тарапынан кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде әке-шешелерінің қадағалауынсыз немесе заңды өкілдерсіз жүруге тыйым салынғандығы ескертілді. Осылайша, түнгі торуылға шыққан тәртіп сақшылары қаңғыбастылыққа бейім кәмелеттік жасқа толмағандарды уақытында анықтап, жүгенсіз жүргендерді жөнге салды.
Профилактикалық іс-шаралар кезінде бұрын істі болған азаматтар, әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылар мен маскүнемдердің пәтерлері тексеріледі. Ата-аналар және мұғалімдермен күндізгі уақытта да осындай бақылау жұмыстары жиі ұйымдастырылады.
Алайда, құқық бұзушылықтың алдын алу әлі де заң талаптарын күшейтуді қажет етеді. Өйткені, бүгінде заң өкілдерінің түнгі уақытта ойын-сауық орындарын шағымсыз тексеруге құқығы жоқ. Олай болса, үздіксіз ұйымдастырылып жатқан рейд жұмыстарымен қатар, заңға белгілі бір өзгерістер енгізілсе, жасөспірімдердің түнгі уақытта бей-берекет жүрулеріне тосқауыл болар еді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.