Атыраулық оқушылар елорда ғимараттарының көшірмесін жасады

20180611125106 Білім

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Астананың 20 жылдығына орай елорданың белгілі ғимараттарының көшірмесін жасады.

20180611125246

Аталмыш мектептің баспасөз қызметінің хабарлауынша, онға жуық макеттер арасында әйгілі «Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы, Көлік және коммуникациялар министрлігінің ғимараты, «Северное сияние» көп қабатты тұрғын үй кешені, халық арасында пирамида аталып кеткен «Бейбітшілік және келісім сарайы» мен «Ақорда» резиденциясы да бар. Архитектуралық нысандарды оқушылар «Ел жүрегі – Астана» мерекелік онкүндігі аясында жасаған. Барлық макеттерді жасау үшін бірнеше келі поливинил хлорид қалқаны (ПВХ) және кәдімгі желім пайдаланылған.

«Оқушылар бұл макеттерді өнер сабағында дайындады. Алдымен әр нысанның сызбасын жасап алдық. Содан соң керек материалдардың көлемін анықтадық. Топтық жұмыстың нәтижесінде осындай бұйымдар шығады», – дейді өнер пәнінің мұғалімі Данияр Олжағалиев.

20180611125126

Пән мұғалімнің айтуынша, еңбек сабағында жасалған бұл туындылар балаларды тек қолөнерге машықтандырып қана қоймай, олардың математикадағы және бейнелеу пәндерінде алған білімін тәжірибеде пысықтауға мүмкіндік береді. Қол маторикасына жағымды әсер ететін бұл жұмыс түрі баланың қиялына ерік беріп, оқушы мен ұстаздың арасында еркін қарым-қатынастың орнауына септігін тигізеді.

Оқушылардың қолынан шыққан сәулетті нысандардың арасында көзді елең еткізетіні – Елбасының «Ақорда» резиденциясы. Мұны оқушылар шамамен он күнде аяқтаған. Бірі Ақорданың қабырғасын тұрғызса, енді бірі ғимарттың терезелерін ұқыптылықпен орнатқан. Көшірменің түпнұсқаға ұқсауы үшін балалар түрлі түсті бояулар мен 12 вольттық диод шамдарын пайдаланған. Ақорданың салмағы 5 келі. Ұзындығы 1,5 метр, ал ені 1 метрге жуықтайды.

«Мен үшін бұл ғимаратты жасауда ешқандай қиындық туған жоқ. Біздер әуелі топқа бөлінген соң әркім ғимараттың белгілі бөліктерін дайындауға жауапты болды. Ақорданың құрылысын барлығымыз бірге аяқтадық. Нәтижесі менің көңілімнен шықты», – дейді макетті құрастырған Дана Қуанышева.

20180611125106

Айта кетейік, бұл бұйымдар мектептің көркіне сән беріп, келушілерді тәнті қылуда. Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған арт-галерея көрме жыл аяғына дейін жұмыс істейді. Осылайша еліміздің бас қаласына өзіндік тартуын жасаған атыраулық оқушылар Астана мен Атыраудың арасын бір табан жақындатқандарына дән риза.

Хорлан Смадияр

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз