«Сырласым ақ қағаз бен қалам еді…»
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам… Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін…».
Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтың дәл осылай басталатын «Қазақ солдаты» романы талай жауынгердің рухын жанып, намысын оятты. Ал, кейінгі ұрпақ қан майданның бел ортасында жүргендей әсер алып, сұрапыл соғысты көз алдына кинолентадай елестетті. Сөйтіп, әдеби шығарма мыңдаған сарбаздың намысын қайрап, шыңдалуына себепкер болды.
Шынында, отты жылдарда қағаз бетіне түскен осындай хаттардағы оқиғалар түрлі роман, повестердің жазылуына негіз болды. Қауырсын қаламның құдіреті де сол шығар, бәлкім?!
Бұдан жарты ғасыр уақыт бұрын қазіргідей «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» байланыс құралы болмағандықтан, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар отбасына, туған-туыстарына, тіпті, сүйіктісіне хат жазып, хабар алмасатын. Әрбір ана үшін әскери бөлімнен келетін хаттың жөні бөлек еді. Өйткені, осы байланыс тәсіл арқылы ғана бауыр еті – баласының хал-жағдайын біліп отыратын. Ал, бала кезден әңгіме жазып, өлең шығаруға икемі бар жастар бұрын таңсық болған ортаның қызығы мен шыжығын хат арқылы баяндаушы еді
«Елу жылда – ел жаңа» демей ме? Қазір сыр ақтарған сезім хаттардың орнын ұялы байланыс желісі басты. Сарбаздар отбасына телефон шалып, әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы хабар алмасып жүр. Нақтырақ айтқанда, заманға қарай байланыс, қарым-қатынас құралы да өзгерді. Десек те, әскерде жүріп хат жазу «дәстүрі» әлі ұмытыла қойған жоқ.
– Әскерге аттанған кезде менің алғашқы «сырласым» ақ қағаз бен қалам болды. Өзімнің балалық шағым өткен туған ауылым – Индерге деген сағынышым, маған таңсық «әлем» – әскер өмірінен алған әсерімді де қағаз бетіне төгетінмін. Әрине, оларды туған-туыстарыма жібермесем де, өзіммен бірге сақтап келемін. Кейде сол хаттарды оқып отырып, әскердегі ерекше күндерімді еске аламын. Әрине, әскердегі тәртіп бөлек қой. Бұл шақ менің үлкен өмірге аттаған жаңа баспалдақтарым іспеттес. Өйткені, әскерде жүріп есейдім. Туған жерге, еліме деген сүйіспеншілігім артты. Өз Отанымды ештеңеге айырбастай алмайтынымды ұқтым, — дейді біз әңгімелескен Асланбек Тайшыбаев.
Отан алдындағы борышын 2014-2015 жылдары 2086 әскери бөліміне қарасты Арасан заставасында өтеп келген ол қиын сәтте демеу болатын, қандай шақта да адалдықтың үлгісін көрсете білген шынайы достарды да әскер қатарында жүріп тауыпты.
Рас, кейінгі ұрпақ сұрапыл соғыс жылдарын тек майдангер аталарының әңгімесі мен сол кездегі жауынгерлердің күнделігінен оқып, біліп жүр. Өйткені, қан майданның ортасында жүрсе де бүгінде тарих болып қалған әрбір күнді олар күнделіктегі жазбалар арқылы жеткізді. Айталық, қазақтың көрнекті ақыны Әбу Сәрсенбаев соғыс кезінде майдандас серігі, қару мен қаламды қатар алып жүрген гвардия лейтенанты Ыбырайым Ембердиевке:
«Жеңіс!
Асқар ғой жеңіс деген!
Жас шағымды сыйладым жеңіске мен,
Төрт ғасырдай шұбалған бұл төрт жылда
Қасірет уы қалды ма мен ішпеген?..» деп, өлең шумақтарымен хат жазған.
Автордың «Ақша бұлттар» атты кітабына енген 25 шумақтан тұратын осы туындысы Ұлы Жеңіс жалауын желбіреткен жасампаз жауынгердің әнұранына айналды. Сондықтан, жауынгер мен сарбаздың хаты мен күнделігі тарихи туындыларға бастама болғаны хақ.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ