ЖАҢА ЖЫЛҒА – ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕР

атыраулық энергетиктердің мерейін көтерді

Өткелі тұрған Жылан жылы талай жарқын жаңалықтардың куәсі болды. Солардың бірі – Атырау энергетикалық кешені құрылғанына жарты ғасыр толуы. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атыраулық энергетиктерге жолдаған құттықтауында «Энергетика саласы еліміздің экономикасының флагманы болып табылады. Сондықтан, аталған салада өз мамандығын жетік меңгерген, әріптестері арасында жоғары құрметке ие, білікті мамандар еңбек етеді» деуі – жұртшылыққа жарық пен жылу сыйлап отырған жайсаң жандар еңбегіне берілген лайықты баға.
Ескі жыл мен жаңа жылдың түйісер тұсында энергетиктер өздерінің төл мерекесін және тұтас өңірдің энергетикалық кешенінің құрылғанына 50 жыл толғандығын салтанатты түрде атап өтті. Жиналғандарды облыс әкімі атынан оның орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтады. Мұнда да энергетика саласы қызметкерлерінің еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосып отырған сүбелі үлесі ерекше атап өтілді.

КЕЛБЕТІ КЕШЕГІНІҢ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Жалпы, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар  кеңесінің  төрағасы  Оразғали Қаршегеновтің орынды атап өткеніндей, бұдан 93 жыл бұрын қабылданған ГОЭЛРО жоспары – энергетика саласын кешенді дамытуға бағытталған бірінші мақсатты шара. Сайып келгенде, осы бағдарламаның қабылдануы – күллі еліміздің индустриялды дамуына және тұтас қоғамның гүлденуіне бағытталған бастапқы қадам.

Ал, оны биыл жартығасырлық торқалы тойын атап  өтіп  отырған Атырау энергетикалық кешенінен бөліп қарауға тағы да болмайды. Тұтастай алғанда, өңірде энергетика саласының дамуымен қатар, оның қажетті жабдықтарын жасақтаушы кәсіпорындар қызметі де жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Жоғары кернеулі желілер пайда болды. Электр және жылу энергияларының тың көздері  қатарға  қосылды. Бастапқыдағы шағын ғана энергетика ошақтары кейін қуатты өндірістерге айналды. Соның бәрін жасаған сырттан келген көлденең кісілер емес, осы жердің өзінің мамандары. Сондықтан, мерейлі мереке қарсаңында бүгінгі ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген жергілікті кадрлар ғана емес, кешегі майталман мамандар есімдері де аталды. Өкінішке орай, солардың көбі қазір қатарымызда жоқ. Бірақ, бәрі де артына өшпес із қалдырды. Ал, соңы жетпісті желкелеп, алды сексенге қадам басқан ардагерлердің айтары да аз емес.

Бұған Атырау энергетикалық кешенінің 50 жылдығы қарсаңында сала басшылығы тарапынан ұйымдастырылған мерекелік шараларға куә болғанымызда өзіміз де байқадық. Облыстағы бірнеше электр подстансалары мен жылу орталықтарына кезінде осында еңбек еткен ардагерлер есімдері берілді. Бұдан басқа «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының ғимаратында осы саланың бастапқы басшылары болған Николай Неверов пен Нуруахит Бекмамбетовке ескерткіш тақта орнатылуының өзі – кейінгі толқынға ғибратты шара. Тіпті, мұндай іс бұрын-соңды кәсіпорында жүзеге асырылмаған екен. Сондықтан, ардагерлер  бүгінгі  басшылыққа  алғыстарын да айтып жатты.

Бұдан да басқа құрмет көрсетіліп жатса, әрине, құба-құп еді. Әйтсе де, бүгінде қалада Николай Неверов атындағы ғана көше бар. Рас, кезінде Ленин, Октябрь революциясы, қос мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған, республикалық дәрежедегі Құрмет грамоталарын иеленген азамат қандай қошеметке де лайық. Ғұмырының 95 жасында өмірден өткен ол егемен еліміздің «Құрмет» орденін де алып үлгерді. Әйтсе де, облыс орталығында тағы бір-екі көшеге энергетиктер есімдері берілсе, тіпті де жарасымды емес пе?

ӘЛІПОВ АТЫНДАҒЫ ПОДСТАНСА

Әйтсе де, энергетика саласы басшылары өз мүмкіндіктері шеңберінде ардагерлерін барынша ұлығылауды ұйымдастырып отыр. Сондай шаралардың бірі жартығасырлық мерейтой қарсаңында өтті. Облыстағы №100 қосалқы подстансаға Қаратөре Әліпов аты берілді. Ол кім еді?

Қаратөре Көшқалиұлы – энергия жүйесінің еңбек ардагері. Сонау 1947 жылы Гурьев ДЭС мекемесінде электр монтері болған. Кейін энергия пойызында кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланады. Содан 1965 жылы электр желілері мекемесінің диспетчерлігіне кезекшілікке ауыстырылады.

Энергетика саласында қырық жылдан аса еңбек еткен оны замандастары өзіне үлкен талап қоя білетін, білігін өзгеге де үйрететін аса жауапты маман ретінде таныған. Кәсіби тұрғыдан ғана емес, адамгершілік жағынан да қатарластары арасында құрметке ие болды. Оның тамаша қасиеті сол, өзгенің қуанышын бөлісе отырып, өзінің де бақытқа кенелуіне сенетін. Ал, мұны екінің бірінің бойынан кездестіре алмайсыз.

Ардагердің әйелі Жәмиля Әліпова да ұзақ жылдар энергия қадағалау мекемесінде жұмыс жасады. Осы саланың қызығы мен қиындығын ерімен бірге көтерді.

Айтпақшы, «Атырау-Жарық» АҚ-да Қаратөре Әліповтің ұлы Бағытжан да жұмыс жасайды. Біраз жылдан бері толымды тәжірибе жинақтаған маман – бүгінде кәсіпорынның бірінші тете-президенті – бас инженерінің орынбасары. Қазіргі заманға сай нарықтық экономика талабына сәйкес техникалық шешімдерді өте дұрыс бағамдайды. Бүгінде оның да энергетика саласындағы еңбек өтілі жиырма жылдан асып кетіпті.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, қазір энергетика саласында Бағытжанның өзінің ұлы да жұмыс жасауда. Атасының тегін иемденген Сүндет Қаратөре кәсіби маман болып та үлгерді.

Сонымен, Атырау энергетика саласында тағы бір еңбек әулеті қалыптасып келеді. Ал, мұндай мамандар мұнда жетерлік.

ЖАҢА ЖОБАЛАР – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Атыраулық энергетиктердің тек соңғы жылдары ғана қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Әсіресе, Атырау жылу-электр орталығында  жүзеге  асырылған жаңғырту шаралары осы өндіріс ошағының қуатын еселеп арттырып, өңірде энергетика қауіпсіздігін сенімді қалыптастырды.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, сонау 1963 жылы пайдалануға берілген бастапқы агрегаттың қуаты 12 МВт қана болатын. Содан 1970 жылы ол 134 МВт-қа дейін өсірілді. Қосымша бес турбина мен жеті қазандық пайдалануға берілді. Жергілікті химия зауыты мен облыстың барлық аудандарының электр энергиясына деген сұранысы қанағаттандырылды. Бұған дейін қолданылып келген дизель стансалары қатардан шығарылды.

Ал, 1980 жылы кәсіпорында үшінші кезек құрылысы аяқталды. Оныншы жылу агрегаты пайдалануға берілді. Жалпы, кәсіпорын тарихында жаңғырту шаралары бірнеше мәрте жүзеге асырылды. Міне, осындай ұдайы алға жылжып, уақыт талабынан қалмау нәтижесінде Атырау жылу-электр орталығының жабдықтары жарты ғасыр бойы еш кедергісіз қызмет істеп келеді. Осындай ауқымды істі тындырған кәнігі мамандардың дені бүгінде қатарымызда жоқ болғанымен, олардың бастаған шаруасы ұмытылмақ емес.

Алайда, өмір де бір орнында тұрмайды. Қазір мұнайлы мекен ерекше қарқынмен дамуда. Әлемдік талаптарға жауап беретін ауқымды жобалар жүріп жатыр. Сырттан тартылған инвестиция нәтижесінде мұнай-газ саласы өркендеп келеді. Оның төңірегіне кәсіпкерлік құрылымдары шоғырлануда. Міне, солардың бәріне энергетикалық қуаттар қажет болады. Оған бүгін қамданбасақ, ертең кеш қалуымыз да ықтимал. Әрі республиканың бірқатар өңірінде қалыптасқан энергетикалық тапшылық кім-кімді де ойландырғаны жөн.

Міне, осыны ескерген атыраулық энергетиктер 2008 жылы Атырау жылу-электр орталығының төртінші кезегін тұрғызуға кірісті. Қысқа уақытта №8 турбоагрегат пайдалануға беріліп, оның тұсаукесер рәсіміне Елбасының өзі арнайы қатысты. Турасын айтқанда, Мемлекет басшысы бата берген 2009 жылғы 1 қазан – Атырау энергетикалық кешеніндегі аса маңызды тарихи кезең.

Жұмыс мұнымен де тоқтамады. Кейін №№9 және 10 турбоагрегаттар мен №№11,12 және 13 жылу агрегаттары пайдалануға берілді. Қазір бұлардың бәрі де қалыпты қызмет істеп тұр. Яғни, еліміздің кейбір аймақтарында көрініс беріп жүргеніндей, бізде бүгін қатарға қосылған кәсіпорындар ертең тоқтап қалған жоқ. Оның үстіне, №№1 және 2 турбоагрегаттары толық қайта жарақтандырылып, ескі жабдықтары ауыстырылды. Бүгінде Атырау жылу-электр орталығының қуаты – 314 МВт! Бұл – бұрын-соңды қол жеткізілмеген толайым табыс.

Кәсіпорын қазіргі жетістігімен тоқталып та қалмайды. Бүгінде 2013-2015 жылдарға шақталған инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның жалпы құны – 16 млрд. 862,20 млн. теңге. Соның нәтижесінде Атырау жылу-электр орталығының қуаты тағы да 185 МВт-қа өседі. Сонда кәсіпорын қуаты 499 МВт-ты құрамақ. Бұл – байырғы энергетиктердің ойына да келмеген, олардың бүгінгі ұрпағының ғана қолынан келетін іс.

ӘР ҮЙГЕ ЖАРЫҚ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Соңғы кезде «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы бойынша да іргелі істер тындырылды. Мәселен, 2006-2013 жылдары ғана 16 төмендету подстансалары толық жаңартылды, екі тарату нүктесі жөнделді. Олар облыстың барлық дерлік аудандары мен Атырау қаласын қамтиды.

 Қазір мұнайлы мекенде жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар көптеп бой түзеуде. Тұтас ықшам аудандар пайда болды. Сонау жылдары осылардың бәрін электр энергиясымен қамти алмай, жұртшылық тарапынан орынды реніш те болып жататын. Сайып келгенде, баспанасын салып алған адамдар жарықсыз да отыратын. Бүгінде бұл проблема түбегейлі шешілген. Оның үстіне, атқарушы билік те алдымен инженерлік жүйелермен қамтамасыз етпей, жер телімдерін беруді тоқтатып отыр. Демек, коммуналдық қызметпен қамтушы кәсіпорындар да мәселенің осы жағына маңыз бергені жөн. Міне, энергетиктер сол талап үдесінен шығып келеді.

Бүгінде осындай шаралардың нәтижесінде облыстағы подстансалардың тарату мүмкіндігі 440 900 кВА-ға жеткізілді. Демек, жаңғыртылғанға дейінгі мөлшерден 159 200 кВА  артық.

«Атырау-Жарық» АҚ-ның тағы бір толымды табысы – оның қазір нормадан тыс шығындарсыз жұмыс жасауы. Бұл тұрақты жүргізілген инвестициялық бағдарлама нәтижесінде мүмкін болды. Бүгінде электр энергиясын есептеу автоматты түрде басқарылады. Соның нәтижесінде үнемделген қаражат жаңа электр желілерін тартуға, ескі сымдар мен жабдықтарды жаңартуға жұмсалуда.

ЕСКІ ҚАЗАНДЫҚТАР ЕЛЕСКЕ АЙНАЛДЫ

Әрине, тарихымызды ұмытуға әсте болмайды. Әйтсе де, сонау жылдары көне Гурьевте негізінен қара маймен ғана жанатын 55 жылу  қазандығы  болғандығына бүгінгі ұрпақ күле қарауы мүмкін. Бұл қондырғылардың өңірдің экологиялық ахуалын әбден бүлдіргені  өз  алдына, тіпті өскелең талапты да қанағаттандыра алмайтын. Соның салдарынан қыс кезінде жылу энергиясы жетпей, жұртшылық сақылдаған сары аязда амалдап күнін көретін. Қаланың ескі бөлігінде күні кешеге дейін көмір жағылып келгендігін байырғы тұрғындар ұмытпаған да шығар.

Содан өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жылу-электр орталығы қатарға қосылып, жаңа жүйе қалыптасқанда, оны ұтымды пайдалану қажеттігі де туындады. Оның үстіне, жылу нүктелері мен желілерін жөндейтін жауапты кәсіпорын да керек еді. Міне, бүгінгі «Атырау жылу желілері» АҚ осылай құрылды.

Бастапқыда «Гурьевэнерго» басқармасының жылу-электр орталығының құрамында болған құрылым кейін өз алдына шаңырақ көтерді. Мұндай қажеттілік жылу энергиясына деген сұраныстың өсуімен, жаңа желілердің пайда болуымен, қалада тұрғын үй құрылысының күрт қарқын алуымен түсіндірілді.

Алғашқыда кәсіпорын небәрі 16 км магистральды жылу желісін қамтамасыз етсе, бүгінде оның ұзындығы 80 шақырымға жеткізілген. Бұдан басқа 300 км үйаралық желілер бар. Кәсіпорын мамандары 44 орталық  жылу нүктесін,  екі  сорғы стансасын, т.б қамтиды. Қызметкерлер саны о бастағы 80 адамнан 670-ке жеткізілген.

Ал, 2012-2014 жылдарға қабылданған инвестициялық бағдарлама тағы біраз шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Әсіресе, орталық көпір астымен өтетін диаметрі 400 мм жылу желісінің салынуы қаланың батыс бетінде алдағы бірнеше жылға дейінгі қажеттілікті қамтамасыз етеді. Тіпті жаңа тұтынушыларды да қосымша қосуға болады.

Төрт шақырым шамасында магистральды жүйелер жаңартылды. Бұл жылу энергиясын жаңа желіге жалғауға жағдай жасады. Тұрбаларды ораудың тың тәсілі қолданылуда. Әбден тозығы жеткен арнаулы техникалар ауыстырылды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жүзеге асырылмақ.

СПОРТТА ДА,

ӨНЕРДЕ ДЕ АЛДА

Бұдан бірер жыл бұрын бір топ өнерлі жас «Атырау-Жарық» АҚ Директорлар кеңесінің  төрағасы  Оразғали  Қаршегеновке ұсыныспен шығыпты. Ойлары – энергетиктердің өз алдына өнер отауын құруы. Бұлар сырттан келгендер емес, осы салада еңбек ететін жігіттер мен қыздар еді.

Энергетиктердің өз спорт командалары да бар. Әсіресе, хоккей шеберлерін мұз алаңына «Атырау-Жарық» АҚ басшылығының өздері бастап шығады.

Рас, бірінші жылы ойыншыларға оңай болған жоқ. Тәжірибе жетіспеді, дайындық кемшін түсті. Алайда, тұрақты жаттығу өз жемісін берді. Сөйтіп, Атырау қаласындағы әуесқой хоккейшілер арасынан бірінші орынды иемденді.

Содан соң «Энергетик» командасы бірнеше мәрте еліміздің өзге қалаларына сапарлап,  сол  жақтағы  жарыстарға қатысты. Ал, алдыңғы жылы осындай турнирді өзімізде ұйымдастырып, қалалықтарға тамаша спорттық сый істеді. Осындай жарыс биыл да өткізілді.

Бұдан басқа энергетиктердің футбол, волейбол, баскетбол, т.б. командалары бар.  Ал, өз  арасындағы шараларға барлық құрылымдар белсене қатысады. Бұл – басшылықтың ұжымда салауатты өмір салтын қалыптастырып отырғандығының көрінісі.

…Сонымен, Атырау энергетиктері өздерінің елу жылдық тойын көтеріңкі көңілмен атап өтті. «Атырау-Жарық» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов республиканың экономика саласында қол жеткізген табыстары үшін «Қазақстан даңқы» орденіне ие болды. Облыстық мәслихатқа қос мәрте Қиғаш бойынан сайланған оған «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Григорий Шадрин мен Павел Кехаев «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Бірнеше адамға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. «ТМД елдерінің еңбегі сіңген энергетигі» белгісін төсіне таққандар бар. Энергетиктер өздерінің елу жылдық мерекесін де естелік медальмен атап өтті.

Өзге де марапаттар иелерін тапты. Бірақ, ең бастысы – жылу мен жарық мерекесі атыраулық энергетиктердің мерейін көтеріп, оларды жаңа жеңістерге жетеледі.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз