Сын сағатта сынбаған: Мүмкіндігі шектеулі жанның зор мүмкіндігі жайлы
Бәрі неден басталып еді?..
90-шы жылдар. Елде жаппай жұмыссыздық. Зауыт-фабрикалардың жұмысы тұралап қалған. Екі қолына бір күрек таба алмай жүргендердің саны көп. Тек кездескен қиындық пен төтесінен келген тығырықтан шығудың амалын ойластырғандар ғана естерін жиып, сауда жасауға шыққан. Олардың бір легі көрші қалалардан базарлар мен дүкен сөрелерінде жоқ тауар мен тағамды тасымалдаумен айналысса, екіншілері базарда тұрып, соларды сатуға бекінген.
Біздің кейіпкеріміз – Әлия да қос ұлын асырау қамымен базарда кәмпит-печенье сатады. Баспанасы жоқтықтан біреудің бесінші қабаттағы пәтерін жалдап тұратын-ды. Босаған қораптардан аяқ алып жүргісіз болғасын шағын дәліздегі темір баспамен жоғары көтеріледі де, бесінші қабаттың төбесіндегі адам сиярлық саңылауға соларды жинай бастайды. «Қатеде берекет жоқ» деген емес пе? Кенет қолы шығып кетеді де, көк цементке құлап түседі. Әлі есінде, ол 1999 жылдың 29 шілдесі болатын. Оңбай құлағаннан ауруханада жатып, ұзақ емделеді. Бірақ, дәрігерлер сол кезде-ақ «жұлын зақымданған, аяққа тұрып кетуің екіталай болады-ау» деген.
Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер
Күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндерін сарыуайыммен, жылап-сықтаумен өткізетін 30-дан жаңа асқан келіншекке бұл соққы өте ауыр тиеді. Екі аяқта жан жоқтығы себепті өздігінен жүріп-тұра алмайды. Әбден сорладым-ау деп ойлаған ол: «Қолымнан түк келмей, масыл болып жатқанша дүниеден өткенім дұрыс шығар» деп шешеді. Бірде жанына қос балапанын шақырып алады да:
– Жандарым, мен сендерді қатты жақсы көремін. Мен қанша жерден орнымнан тұрайын, сендерді бағайын десем де, қолымнан келетін емес. Өйткені, мен осылай жата беремін. Жазылмаймын. Сол себепті сендерді мәңгілікке тастап барамын… — деп, ағыл-тегіл жылап қалады. Аналарынан мұндай сөзді күтпеген қос ұлы қоса жылап, «мама, сіз мына өмірде болмасаңыз – біз де болмаймыз. Бізге өзіңізсіз өмір жоқ!» деп еңіреп қоя береді. Бұл ерекше тебірентерлік сәт еді. Осыдан кейін Әлия өзін қолға алады. Алланың өзіне үлкен күш бергенін сезеді. Анда-мында хат жазып, мүмкіндігі шектеулі ана екенін айтып, тиісті орындардан көмек-қолдау сұрайды.
1999 жылдары «Аtyraý» газетінің редакциясына жазған хаты бойынша онымен біз де кездескенбіз. Ол кезде Әлия өзінің ата-анасының үйінде тұрады екен. Сол жүздесуде ол: «Құдай көпсінбесін, бауырларым жетерлік. Өзіңіз көріп отырған көп балалы шаңыраққа мен де жүк болдым. Өзіміздің үйіміз болса ғой, шіркін…» деп еді. Шынымен де, баспасөз көпшіліктің жанайқайын жариялайтын, соны көпшілікпен бөлісетін құрал ғой. Көзімізбен көрген қиын жағдайды газетке жазып, тағдырдың тауқыметін бір кісідей тартып жатқан анаға баспана керек деп қоғамдық пікірге қозғау салғанбыз. Мәселе аяқсыз қалмады. Атырау қаласының әкімдігі Әлияға су жаңа үйден бір бөлмелі пәтер берді.
«Мен ешкімнен кем емеспін!»
Міне, төсек тартып жатқалы да 22 жылдың жүзі болды. Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Өзінің ерік-жігерінің мықтылығының арқасында, Алланың қолдауымен, қос ұлын ержеткізіп, бір-бір отау етті. Олардан онға тарта немере сүйді. Қарап жатпайын деп кәсібін ашты.
– Бастапқыда балаларым киім-кешек әкеліп сатты. «Дина» базарынан орын алдық. Бұдан кейін шағын тігін цехын аштық. Бәріміз де ата-анамыз, «бар жақсымыз – балаларға» дейміз. Өзіміз жемесек те, кимесек те – бәрін соларға алып береміз. Сол себепті біз балалар киімдерін тігуді қолға алдық. Күннен-күнге жаңарып жатқан заманда тігін машиналарының да неше түрі шығуда. Бүгінде цехымызды ұлғайтып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етудеміз. Мұның бәрі, әрине, қаражатқа тіреледі. Несие алуымызға көмектескен, қиналғанда көмек қолын созған мейірімді жандарға көптен-көп алғыс айтамын.
Шүкірміз. Кәсібіміз дөңгеленіп жатыр, жан-жақтан тапсырыстар түседі. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», «Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» деген бар ғой. Барынша мұқтаж жандарды қамқорлауды естен шығармаймыз. Қайырымдылық пен қамқорлық адамның жолын ашады. Осыны ұдайы есте ұстауымыз керек, — дейді кәсіпкер Әлия.
Түймедей ой
Иә, өмірде игі жақсылар көп. Мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан айналасындағыларға шексіз жақсылық жасауға ұмтылатын Әлияны бала-келіндері, бауырлары, 80-дегі анасы әркез демеп, тілеуін тілеп, ерекше күш-қуат беріп отырады. «Басына қандай қиындық түссе де, адам өмірден түңілмеуі керек. Өйткені, өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Тек барынша шыдамды, сабырлы болған дұрыс. Әркез «Мен ешкімнен кем емеспін. Менің қолымнан бәрі келеді!» деумен жүрсе, бар шаруа үйлеседі».
Бұл – «Қазақстанның 30 іскер әйелі» атты алтын кітапқа енген кәсіпкер әйел-ана Әлия Исимованың жүрегінен жарып шыққан оймақтай ой.
Лиза СЕЙТІМОВА