«СЫЙЛАСАҢЫЗ КӘРІҢДІ – ЖАРЫЛҚАЙМЫН БӘРІҢДІ»

Қазан қамқорлық айы. Жылма-жыл осы айда жасы ұлғайған, жалғызілікті, дімкәс жандарға елімізде үлкен қамқорлық көрсетіледі. Халықаралық Қарттар күнінде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне арнайы барып, сондағы үлкендерді облыс әкімі атынан төл мерекелерімен құттықтады.

Облыстағы қарттар мен мүгедектер үйінде қазір 117 адам тұрып жатыр. Халықаралық қарттар күнімен құттықтай келген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан өз сөзінде: «Сыйласаңыз кәріңді – жарылқаймын бәріңді» деген ғой атамыз қазақ. Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігімізді ту еткен тұста сіздердей үлкендерімізді құрметтеп, қамқорлай алмасақ, азаматтығымызға сын емес пе?! Ауырмай-сырқамай, мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіздер!» – деп, осында тұрып жатқан қарияларға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов атынан тәттілер мен кір жуатын машина сыйға тартты.
Бұл күні қарттарды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Клара Мұқашкереева, қарттар үйі директоры Қилымқас Күзембаева, «Пундж Ллайд Казахстан», «SEG» компаниялары қазақстандық бөлімшелерінің өкілдері игі тілектерін айтып құттықтаса, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі өнерден шашу шашты. Ал қарттар атынан Р.Ізтілеуов, Л.Славова, К.Әбілғазиев, М.Ояхияева сөз алып, өздеріне мерекелік көңіл-күй сыйлаған азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, «Болат жол» ЖШС (дир. Ю.Неклюдов) мен «Атырауинжстрой» ЖШС ұжымдары (дир. Б.Альменбаев) қарттарға арнап мерекелік түстік ұсынды.

Бұл күні ғасыр жасаған – Зияда Бөлесова (107 жаста), Ұлмекен Жұмағалиева (103 жаста), Ақзира Берсенғалиева (101 жаста), Матвей Крюков (101 жаста) назардан тыс қалмады. Оларды Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшылығы мен «Форквест Энерджи Инк» компаниясы өкілдері үйлеріне барып құттықтады. Олар ұзақ жасаушыларға қаржылай көмек көрсетіп, гүл шоқтарын табыс етті. 
 

Қарттар күніне орай облыс орталығындағы «Зухра» дәмханасы мен «Армада» мейрамханасында да мерекелік түстіктер берілді. Түстікке жалғызілікті, саулығында кінәрат бар қариялар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілгендер, тыл ардагерлері шақырылды. 
Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрлы Хабиева қала әкімдігіне, тегін түстік ұсынған жеке кәсіпкер, дәмхана директоры Сәлима Төремұратоваға алғыс айтты.
Түстікте термеші Елемес Мағазов, әнші Смадияр Мырзағалиев, мүмкіндігі шектеулі жандардың «Өмір гүлі», соғыс және еңбек ардагерлерінен құралған «Фронтовичка» ансамбльдерінің концерті тамашаланды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз