ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕУГЕ – ЕРЕКШЕ НАЗАР

Облыс әкімдігінде қылмыстық жазаны және қылмыстық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу және қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік көмекті ұйымдастыру жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты хабарлама жасаған Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментінің басшысы Н.В.Шемакиннің мәлімдеуінше, тек өткен жылдың өзінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің арасынан еңбекке жарамдыларының саны 280-нен асып, олардың 70 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған. Сол сияқты, сотталғандардың ішінен жыл сайын 100-дің үстінде адам кәсіби оқыту курстарына тартылып, түрлі мамандықтар алып шығады. Мүмкіндігіне қарай оларды да жұмысқа орналастыру шаралары қарастырылады. Соның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, жол жөндеу, тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ әлеуметтік нысандарға қажетті мамандардың бірінші кезекте жұмысты болуына көңіл бөлінеді.

Мұның сыртында, есепті мерзімде УГ-157/9 жалпы режимдегі түзеу мекемесінің базасында жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себепті «Еңбек-Атырау» РМК-мен келісім-шартқа отыру негізінде 25 адам жұмысқа алынған. Бұдан бөлек, УГ 157/11 әйелдер колониясынан 40-қа тарта жазасын өтеуші аталмыш кәсіпорынның тігін цехында мекемелердің тапсырыстарын орындаумен айналысады. Осында түрлі мамандық иелеріне керекті арнаулы жұмыс киімдері, төсек-орын жабдықтары және тұрмысқа қажетті бұйымдар тігіліп, әзірленеді. Сонымен бірге жазасын өтеу үстіндегі азаматтардың қоғамдық пайдалы еңбекпен қамтылуына өзіндік үлесін қосып жүрген, бұл салада тәжірибесі мол «ЭРТРИ» ЖШС (директоры О.Г.Тасунян) кәсіпорнына да нәзікжандылардың бір тобы жұмысқа тартылса, тапсырыстардың саны мен атқарылатын жұмыс көлемінің көбеюіне байланысты алдағы уақытта мұнда қызмет істейтіндердің қатары арта түседі деген болжам бар.

Осындай азды-көпті шаралардың жүзеге асырылғандығына қарамастан, бүгіннен бастап қолға алып, шешімін табуды қажетсінетін түйткілді тұстардың да жоқ еместігін білдік. Осыған дейінгі отырыстарда да көтеріліп келген, жазасын өтеу үстіндегі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге кәсіпкерлік субъектілерінің араласы, осы іске деген әлеуметтік жауапкершілігі мен белсенділігі әлі де болса төмен деңгейде қалуда. Бұны қаламыздағы бірқатар бизнес құрылымдары басшыларының комиссия басқосуына келмей қалуынан да анық аңғардық. Орынды қозғалып, талқыға салынған ұсыныстың бірі –түзеу мекемелерінің аумағында қаңырап, бос тұрған, иесіз қалған ғимараттарды жөнге келтіріп, кәдеге жарату, сөйтіп жаңа жұмыс орындарын ашу жағдайын ойластыру жайы еді. Көздері қарастырылып, қаржысы шешілсе, бұл шаруаны да үйлестіруге болатындығын алға тартқан комиссия мүшелері мұнда да қазынадан қашан қаражат бөлінеді деп күтпей-ақ, қалталы, ауқатты азаматтарға, яғни бизнесмендерге салмақ салудың, қажет болса міндеттеудің артық етпейтіндігін еске салды.

Мәжіліске қатысушы облыстық прокуратура, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармаларының, жұмыс беруші құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері ұсыныс-пікірлерді толығымен қолдап, ортақ проблеманы бірлесіп шешуге әзір екендіктерін жеткізді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз