ЖАҢА ЗАҢНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Қоғам

 

Сандарды сөйлетсек, Атырау облысына тұрақты тұру мақсатымен 2013 жылы  181 отбасы немесе 317 этникалық қазақ келді. Ал, өткен жылы 46 отбасы көшіп келген болса, бұл көрсеткіштер биылғы жылдың 11 айында едәуір төмендеді. Қаңтар-қараша айларында 28 отбасы қоныс аударды. Олардың басым бөлігі Атырау қаласында, бірқатары Жылыой, Құрманғазы, Мақат, Махамбет аудандарына қоныстанды.

Біздің облысқа бауырластарымыздың көбі Өзбекстан, Түркіменстан, Украина, Қытай  мен Ресейден көшіп келуде. Олардың елге оралуы Қазақстанның демографиялық ахуалын жақсартары анық. Ал, қандастарды экономикалық-әлеуметтік қамтуда қандай жұмыстар қолға алынған? Бұл ретте де бүгінге дейін атқарылған жұмыстың аз еместігін баса айтуға болады.

Мәселен, өткен жылы  жұмыспен қамту уәкілетті органдарына жұмыссыз ретінде 100 оралман тіркеліп, оның төртеуі тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, биылғы жылдың 11 айында  уәкілетті органға жұмыссыз ретінде 66 оралман тіркеліп отыр. Оның сегізі тұрақты жұмысқа орналасты. 40 оралман «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, кәсіби біліктілігін арттыру курстарында да оқытылуда.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын несие алып, кәсібін дөңгелентіп жатқандар да бар. Яғни, қандастарымыз тарихи Отанына келіп, азаматтық алғанға дейін де, кейін де елімізде көрсетілетін әлеуметтік көмектің бәрін пайдалана алады. Айта кетерлігі, қандастар жұмысты жалақының азды-көптігімен өлшемейді. Сол себепті, олардың арасында жұмыссыздық дендеп тұрған дәйектер байқалмайды. Керісінше, тарихи Отанына аңсап жеткендер еңбексүйгіш, ұлттық құндылықтарды да жоғары бағалай біледі. Қандастарға тұрғын-жайын реттеп алғанша  Авангард мөлтекауданындағы  оралмандарды уақытша орналастыру орталығы қызмет етеді. Үстіміздегі  жылы аталған орталықта Өзбекстан Республикасынан көшіп келген бір отбасы үш баласымен қоныстанды.

Айта кету керек, ендігі уақытта халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы саласындағы саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған Заңға сәйкес, көші-қон қайта жанданып, Ұлы көш жалғасын таппақ.

Дәлірек айтқанда, заңда шетелде тұратын қандастарымызды атамекенге қоныстандырудың және оларды әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Сырттан көшіп келген ағайындардың ел азаматтығын алу мерзімі қысқарып, басқа да бірқатар жеңілдіктер қаралған. Мәселен, азаматтық алу бұрын төрт жылдан кейін іске асса, ендігі жаңа Заңға орай, оралмандар азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен бір жыл ішінде алатын болады. Оралман мәртебесі шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруы үшін берілетін ықтиярхатынан бұрын беріледі. Этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылған.

Бүгінде жаңа Заңға сәйкес, оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлер айқындалуда. Қазір Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары анықталды. Тағы бір айта кетерлігі, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы бекітілді. Соның ішінде келер жылы біздің аймаққа 28 отбасы көшіп келмек. Олардың жанұя мүшелерінің әрқайсысына 35 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), ал, отбасы басқарушысына 50 АЕК көлемінде қаржы төленеді. Ең бастысы, олар жергілікті тұрғындар секілді тұрғын үй, жер телімі кезегіне қойылып, мемлекеттік бағдарламалардың әрқайсысына қатыса алады.

Көңілқос  ОРЫСБАЕВ,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру

және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған