Жарнама
Қоғам

СЫҒАНАҚТЫҢ ШЫН СЫРЫ

 

Осы орайда тым әрідегі тарихтан сыр толғап, кейінгі буынға беймәлім Сунақ ата туралы сөз қозғауды жөн көрдім.

1132 жылы туған Сунақ ата сол кездегі сауда орталығы болған Сунақ (Сығанақ) қаласында өмір сүрген. Ол Сыр бойына ислам ілімінің шырағын жаққан ұлы ғұламалардың бірі еді. Ол – Отырар кітапханасын басқарған соңғы ғұлама. Әсіресе, кітапхананың аса баюы осы кісінің өмір сүрген кезіне тұстас келеді.

Ол Сұлтанға (Қожа Ахмет Яссауи) әрі сопы, әрі көмекші ретінде қызмет атқарған. Қожа Ахметтің имамы болғанға дейін Сунақ қаласында ата-бабалары ұстаған мешіт, медреседе жергілікті халықтың балаларын оқытуда көп еңбек сіңіргені ескеріліп, ел сыйлайтын дәрежеге лайық болған соң, оны жұрт «Сунақ ата» деп атап кеткен. Осыдан бастап көзі тірісінде-ақ «Сунақ ата» атты лақап есімге ие болған. Ол сол заманның имамы Қожа Ахмет Яссауидың жиналыстарына, басқосуларына қатысып отырған.

Сунақ ата (Һиссамидин) 1199 жылы қайтыс болды. Ол дүние салған соң жиырма жылдан кейін Шыңғысхан Шағатай мен Үгедей басқарған әскерлерін Отырарды жаулап алуға  жібереді. Алты ай шайқасудан кейін бұл қала жермен-жексен болып, дүние жүзіндегі ең бай кітапхана өртеніп кетеді. Осы кезеңде Жошының әскері Сунақ қаласын да талан-таражға салып, халықты жаппай қырады.

Бүтіндей қираған Сунақ қаласы (1219-1328 ж.) 109 жыл бойы кішкентай қыстақ күйінде өмір сүрген. 1328 жылдан бастап қала қайтадан қалпына келтіріліп, қорған соғылғаннан кейін сауда-саттық орталығына айнала бастаған. Сунақ қаласында он хандық өткенін де тарихтан білеміз. Әбілхайыр хан да осы қалада хандық құрған.

Қазақ хандығының игілігіне Сунақ қаласының алаңсыз біржола өтуі 1598 жылы Тәуке ханның мұрагері – Есім ханнан басталады. Кейін Бурундук (Мұрындық) құрған хандықтың астанасы Сунақ қаласы болса, басқа қазақ хандарының астанасы  Түркістан қаласы болған деген дерек бар. Қазақ халқының басына төнген басқыншылар зардабынан Сунақ қаласының тұрғындары да тыс қалмаған, тоз-тоз болып, Сунақ ата ұрпақтары қыпшақтарға, өзбектерге, қарақалпақтарға, Астрахан жеріне сіңісіп кеткен.

Сунақ халқының көпшілігі Борықтыға қоныс аударып, Дінқорған соғады, біразы Жайылмаға, Жөлекке қоныстанады. Қоқан ханы Дінқорғанды алған соң, Шепқорғанды соғып, сонда өмір сүреді. Зілзала апаттан кейін Жаңақорғанды салған.

Сырдария суының жаңа саламен ағып, Сунақ қаласынан қашықтауы салдарынан қаланың 1820-1840 жылдары шөлде қалуына байланысты халқы Борықтыға, Дінқорғанға, Жаңақорғанға, Жайылмаға көшеді де, шаhар майы таусылған шамдай болып сөнеді. Қаланың орнында Сунақ атаның басындағы шырақшыдан басқа ешкім қалмайды. 1861 жылы орыс генералы Бекзаканың жазып қалдырған хабар қағазына қарағанда, генерал-лейтенант Дебудің басшылығымен Жөлектен жиырмасыншы қыркүйекте Жаңақорғанды қоқандықтардан босатып алу үшін шыққан орыс әскері қаладан бір жарым шақырымдық жерге келіп тұрады. Қоқандықтардың қарсылығына байланысты Дебу снарядтардан күшейте оқ жаудыруды бұйырады. Қыркүйектің жиырма бесі күні қорғанның қиратылғаны сонша, оны қалпына келтіру  мүмкін емес еді.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бабының ұрпақтары 2012 жылы тарихи тұлғаның 880 жылдығын, кесененің жаңадан бой көтеруінің жиырма жылдығын атап өту жоспарын келісу үшін 2011 жылдың 23 қазанында баба кесенесінде басқосу өткізген болатын. Тарих пен уақыт дауылына талай ғасырлар бойы төтеп берген бүгінгі ұрпаққа жеткен кемеңгер ғұлама адамның Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы кесенесін оның ұлағатты ұрпақтары қайта тұрғызып, болашаққа табыстады. Енді Жаңақорған кентінің ең үлкен көшелерінің біріне Сунақ ата есімі берілмек.

Нұрлыбек АҚАНОВ, өлкетанушы, Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button