Мен – волонтермін!

screenshot 1 12 Қоғам

ҚАЗІРГІДЕЙ ҚАТЫГЕЗДІГІ БАСЫМДАУ ҚОҒАМДА ТИТІМДЕЙ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУДЫҢ ӨЗІ ҮЛКЕН ЕРЛІККЕ САНАЛАТЫНЫ АЩЫ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛЫП БАРАДЫ. ДЕСЕК ТЕ, ҚИНАЛҒАНҒА ҚОЛҰШЫН СОЗУ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДА БАР ҚАСИЕТ, АСАР – КӨНЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН САЛТЫ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ «ВОЛОНТЕР» ТЕРМИНІНІҢ КЕҢІНЕН ҚОЛДАНЫСҚА ЕНІП, ЖАҒЫМДЫ СИПАТ АЛУЫ ОСЫНАУ ҰҒЫМДАРДЫҢ ӨМІРШЕҢДІГІН ДӘЛЕЛДЕП, ҰЛТ БОЙЫНДАҒЫ ІЗГІ ҚАСИЕТТЕРДІ ЖАҢҒЫРТУҒА СЕБЕПШІ БОЛҒАНЫ КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ. БҰЛ КҮНДЕ ВОЛОНТЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСУ ҮРДІСІ ДҮНИЕ ЖҮЗІНЕ КЕҢ ТАРАЛЫП, ӘЛЕМДІК ҚОЗҒАЛЫСҚА АЙНАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ. ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ӘЛЕМДІК ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМНІҢ 2,5 ПАЙЫЗЫ – ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІНІҢ НӘТИЖЕСІ. АЛ, ЖЕР БЕТІНДЕ 1 МИЛЛИАРДҚА ЖУЫҚ АДАМ ВОЛОНТЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСАДЫ ЕКЕН…

ЕРІКТІЛЕР 200 МЫҢНАН АСАДЫ

Əр адам ерікті түрде шұғылданатын іс-шаралардың ауқымды сипат алып, елде кеңінен жүргізілуіне мүмкіндік беру мақсатындағы қолдау түрлері мемлекеттік деңгейде шешімін тапқан. Атаулы жыл жарияланып, соның аясында ұйымдастырылған игі бастамалар əлі де жалғасып, еріктілер қатары да артып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі» екенін де айрықша атағанды. «Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан əрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» əрекет ету. Волонтерлік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет» деген Президент сөзі бұл үрдістің науқандық жұмыстар емес, жылдар бойы жалғасатын, аясын кеңейтіп, талай ізгі іске мұрындық болатын бастамалар екенін аңғартады. Расында да, қазір ел бойынша еріктілер саны артып, волонтерлік бағыттың өзі сан алуан сипатқа ие. Бірақ, бəрінің ізгі мақсаты бір – жақсылық жасау. Ұлттық волонтерлік желісінің төрайымы Вера Ким соңғы жылдары Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс жалпыұлттық сипат алғанын айтты. Қазірдің өзінде елімізде 600-ден астам волонтерлік ұйым болса, оның құрамында 200 мыңнан астам адам бар екен.

screenshot 2 19

ЖЕҢІМПАЗ ЖОБАЛАР

Атырау облысында да бұл бағытта жоба, бастамалар аз емес. Мəселен, таяуда «Demeý» облыстық конкурсы өтті.

– Облыстық  ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығы» коммуналды мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен облыстағы əлеуметтік жəне қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер тобын көтермелеу мақсатында «Demeý» облыстық конкурсы бойынша былтыр 4 жоба жүзеге асса, биыл 23 волонтерлік жоба ұсынылды. Соның алтауы комиссия шешімімен қажетті деп табылып, əрқайсысы 500000 теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды, – дейді «Азаматтық орталық» мекемесінің өкілі Ақбөбек Тəттібекқызы бізбен əңгімесінде.

Жеңімпаз жобалар əртүрлі бағыттарды қамтиды. Мəселен, Мейрамгүл Есниязова ұсынған «Ғажап күн» – əлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы балаларына арналған. Ал, «МВ мобилография» жобасының авторы Тілек Күзембаевтың мақсаты – волонтерлердің əр бағыттағы жұмыстарын көрсету, еріктілердің ерлік істеріне қоғам назарын аудару, яғни, кеңінен насихаттау. Əнуар Нұровтың тың бастамасы топырақ құнарлылығын арттыруды көздейді. Ол «Биогумус» жобасы аясында биологиялық тұрғыдан зерттелген органикалық тыңайтқыш арқылы табиғи өнім алмақ. Органикалық қалдықтарды, яғни, мал көңін кəдеге жаратуды жоспарлапты.

Өртті болдырмаудың бір амалы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстануды мақсат тұтқан Алтынгүл Шəкімова «Тұрғын үйлерде от қауіпсіздігінің алдын алу» шарасы аясында үйлерге арнайы құрылғылар орнатпақ. Қолдауға ие болған тағы бір бастама – «Цифрлық дамыту» жобасы. Азамат Абдуллаев осы бастамасы арқылы жастардың, ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылық дағдыларын жетілдіруді көздейді.

screenshot 4 17

ШУАҚТЫ ШАРА

Алтыншы жобаның авторы – волонтер Əділхан Сəрсеновты өзгелерден бөліп айтуымыз тегін емес. Өйткені, ол таяуда алғаш болып, өзі ұсынған жобаны жүзеге асырды.

«Birgemiz» жалпыұлттық жобасының «Qamqor» бағыты бойынша ұсынған «Шуақ» жобасы аясында үстел теннисі мен шахмат ойыны ұйымдастырылды. Атап айтарлығы, бұл жай ғана спорттық шара емес. Ол «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы жəне жасөспірімдер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызмет алушылары мен №4 арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағылар арасында ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, балалар мен жасөспірімдер үйі мен қарттар үйін қамтыды. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, екі арадағы мейірімділік сезімдерін ояту мақсатындаға шараға 14 бала жəне 6 қария қатысты. Біз тың бастама туралы толығырақ білу əрі волонтер Əділхан Сəрсеновты тереңірек тану үшін арнайы хабарластық.

– Əуелгіде өзімді волонтер деп айтуға қысылатын едім. Бұрын бұл бағыт маған қиын, оларға қатысатын адамдар өзгеше қабілеттері бар адамдар секілді елестейтін. Сөйтсем, өзім сынды қарапайым адамдар, жастар екен, – дейді Əділхан күлімдеген кейіппен.

Рас, коронавирус пандемиясы ел ұғымындағы көптеген түсініктерді теріске шығарып, кейбіріне мүлдем жаңаша сипат берді. Соның бірі – еріктілер. Қысылған шақта қолұшын созуға асыққан бұл топ əлемді мейірімді етудің үлгісін өз істерімен-ақ дəлелдеді.

Əділханның бұл салаға келуіне де сол шақ əсер етіпті. Ол «Автотасымал жасайтын ерікті қажет» деген хабарламаны көрген бойда, хабарласып, айтқан жерге барады. Тамақ таратып, дəрі-дəрмек жеткізе жүріп, карантиндік талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шыққан күндері де болған. Сол кезде ол іштей өзін «ұстанымымды таныттым, көмек керек жанға қолұшымды создым» деп қана бағалаған. Бірақ, «волонтермін» дегенді ойламапты да.

Атырауда да белсенді, ізгі істердің басы-қасынан табылып жүрген жандар жеткілікті. Солардың арасынан таңдау өзіне түскен себебі – «Шуақ» жобасы болғандықтан, сол туралы сұрадық. – Шетелде балалар үйі мен қарттар үйін қосып, бірге жүзеге асыратын шаралар көп екен дегенді естідім. Сосын осы жобаға тоқталып, ойымда пісіріп, бас-аяғын құраған соң, конкурсқа жолдадым. Жеңімпаз болу, грант ұту мақсатым болған емес. Тек өзімді сынап көрмекке бел будым. Екі жылдан бері осы салада жүргендіктен, неше түрлі бастама, ісшараларды көріп жүрмін. Мен ерекше, ізгі іс жасауға талпындым. Кешегі өткен шара соңында қарияларға өз қолдарымен жасаған ашық хаттарын ұсынған балаларды, оларға алғысын білдіріп, батасын берген ата-əжелердің қуанышты жүздерін көргенде, жобаның атына сай, миссиясын сəтті орындағанына шын қуандым, – дейді Əділхан Сəрсенов. Ол болашақта конкурсқа ұсынған жобасының аясында екі шара өткізуге бел буып отыр. Бірі – спорттық ойындар, екіншісі мəдени бағытты қамтымақ. Яғни, «Күзгі бал» форматында тағы да қариялар мен балалардың басын қосып, əдемі кеш ұйымдастырмақшы. Қамкөңіл жандардың көңілін жадыратып, мейірім мен ізгілікке толы басқосулар арқылыақ, өмірге деген құлшынысты арттыруға болатынына көзі жетті.

ЖАНЫҢДАМЫН!

Қазір Əділхан Сəрсенов – атыраулық волонтерлерден құралған «Жаныңдамын!» тобының мүшесі. Мұнда отбасылық еріктілер БерікБалауса Қадіржановтар, Асхат Ахатұлы, Нұрсейіт Өмірбеков, Ажар Құспантаева, Мейрамгүл Есниязова, Ризагүл Қуанышева, Эльмира Досқалиева, Эльшат Қазиева, Анар Тоқсанова сынды белсенділер топтасқан.

– Біз өте ұйымшылмыз. Біреу ортаға ой тастаса, соны дамытып, қолдауға дереу кірісеміз. Осы бағытқа келгенге дейін мен топ алдына шығып, суырылып сөз сөйлеуге бейім емес едім. Қазір ортақ мақсатқа жұмылатын мүдделес достар тауып, өзімнің де қабілеттерімді шыңдауға мүмкіндік алдым, – дейді волонтер.

Əділхан бұдан кейін тал отырғызу, жалғызбасты жандарға көмектесу секілді жұмыстарға араласып келеді. Жобаларға бет бұрғаны – тек биыл ғана.

– Биылғы тамызда Түркістан қаласында өткен волонтерлердің Орта Азиялық форумына қатыстым, – дейді ол.

– Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келген еріктілермен тəжірибе алмасып, түрлі жобаларымен таныстық. Жалпы, волонтер ұғымының аясы өте кең екеніне көзім жетті. Форум барысында өзге елдерден келген қатысушылардың бастамалары қатарында бас бостандығынан айырылғандарды қамтыған шаралар да болды. Демек, волонтер – мейірімділіктің жаршысындай. Жақсы іс жасауға, жақсылықты насихаттауға асығады!..

screenshot 3 19

БҰЛ СЫЙЛЫҚ БІЗГЕ МЕ?!

Рас, əлем мейірімділермен əдемі. Осы ізгілікті істің басы-қасында жүргендер талай оқиғаға куə болып жатады. Түрлі тағдыр иелерімен бетпе-бет келеді. Бастапқыда өз автокөлігімен тасымалдаушы ретінде ғана жүрсе, біртіндеп салаға төселіп, тізім жасақтап, сол бойынша отбасыларға баратындай деңгейге жетті. Өмірдің бұлтарысы, əр адамға лайықты соқпағы болады емес пе? Ол да қиын тағдырлы адамдарды көп көрді. Сондайда «волонтерлердің бар болғаны қандай жақсы» деген ойға келген сəттері де аз емес.

– Былтыр жаңа жылда ерекше балаларға мерекелік сыйлық таратуға шықтық. Бөлек күтімді талап ететін бала тəрбиелеп отырған отбасылардың тұрмысы да сан алуан. Кейбірінің жағдайы жақсы. Тіпті, біз апарған тəттілер мен ойыншықтарға да мəн бермегендер болды. Ал, мына жағдай маған ерекше əсер етті. Сағат тілі түнгі 12-ге таяп қалған шақ. Томарлы ауылындағы бір үйге барып шыққан соң, үйді-үйлерімізге тарқау туралы уағдаластық. Алайда, əлгі мекенжайды табу қиын болды. Іздеп жүріп, ауладан шағын баспана жалдап отырған, екі бірдей ерекше бала тəрбиеленетін шаңыраққа келдік. Біз кіргендегі əлгі балалардың қуанышын көрсеңіз!.. Анасының біздерден қысылып «Кейін ашасыңдар, шыдай тұрыңдар» дегенін құлағымыз шалды. Дереу қорапшаны ашуға көмектестік. Сол сəттегі екі баланың шынайы көңіл-күйі «Жаңа жылды өз отбасымызбен қарсы ала алмадық-ау» деген пендешілігімізді жоқ қылды.

Шаршапшалдыққанымызды ұмытып, ісіміздің бекер еместігіне марқайып қалдық, – деді Əділхан.

ТАҒЫ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРЫҢДАРШЫ!..

Жақсылық жасауға асық жандардың жағымды істері де сан қырлы. Бірде қаланы қоқыстан тазалауға атсалысса, тал-терек отырғызып, экологиялық ахуалдың оңалуына да септесетін солар.

– Таяуда Ре спублика күніне орайластырылған қайырымдылық акциясына қатысып, бірнеше отбасыға азық-түлік алып беру туралы шешім қабылдадық. Тізім жасақтап, алынған керекті заттарды бəріміз үйлерге үлестіруге бағыт алдық. Əріптесім, волонтер Асхат Ахатұлы екеуміз ескі баспанада тұратын отбасыға тап болдық. Бір бөлмелі жатақхана. Анасы мен жасы қырықтардың шамасындағы, арбаға таңылған мүгедек ұлы бар екен. Тілдесе тұрып, əлгі жігіттің арманын сұрадық. Ол еш ойланбастан: «Маған далаға шығудың өзі мұң. Екінші қабаттан түсіріп, шығару үшін қасымда екі-үш жігіт болуы керек. Анама қиын. Ал, арманым – мешітке бару» деді ол. Асхат екеуміз жедел түрде ұйымдастырып, орталық мешітке алып бардық. Шыққан соң, жағада серуендеп, кофе іштік. Кетерде ол: «Енді қашан келесіңдер? Мені тағы да қонаққа шақырыңдаршы!» деді. Біз алдағы уақытта осы бағытта жұмыстану туралы да ойланып жүрміз, – дейді жомарт жүректі кейіпкеріміз.

Демек, волонтер осындай қарапайым шараларды ұйымдастыру арқылы-ақ жақсылық жасай алатынының айқын дəлелі емес пе бұл! Еріктілер қатарынан табылу – жүрек қалауы. Ізгі амалдарға жұмылушылардың жанкештілігі де барлық адамның бойынан табыла бермейтін қасиет. «Бұл ісіңізді отбасыңыз қалай қабылдайды?» деп сұрадым сөз соңында. «Əрине, олардың қолдауы – ең маңыздысы. Анам мен жұбайым тілеуімді тілеп отырады. Кішкентай қыздарым «Менің əкем – волонтер» дегенді үнемі айтып, мақтанып жүреді. Соның өзі маған үлкен күш береді. Ал, алғыс алу – ең басты жетістік емес пе?! Сондай сəттерде таңдауымның теріс еместігін түйсініп, жаңа бастамаларға ұмтыламын» дейді кейіпкеріміз. Əлемді мейірім құтқарады!

Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз