«Суретті түсірген Қайрош ҚАБДЕШЕВ»
Аудандық газет редакциясына қызметке келгенінше суретке түсірудің тек алғашқы әліппелерін ғана үйренген Қайрош Қабдешевтің 1970 жылғы қазанның 8-індегі фототілші ретінде «Комсомол», Абай атындағы кеңшарларға шыққан тұңғыш жолсапары—ақ оның талғампаздығын, еңбекқорлығын аңғартып тастады.
Бір ғажабы, аудандық «Коммунизм туы» газетінің фототілшісі Қайрош Қабдешевтің қашан да құлағы түрік. Кейде газетке керекті жаңалықты басқа емес, әуелі фототілшіден еститін болдық. Қай жерде қандай жаңалық болып жатыр, қандай жаңа бастамалар туды, қандай жаңа озаттардың есімі шықты, оларды жұрттан бұрын естіген ол сол жерден табылатын еді. Қолында фотоаппарат, суретке түсіретін қолайлы сәтті іздеп жүрген Қайроштың дәл сол шақта өзге адамның бөтен әңгімесіне елең етуі тіптен қиын. Қашан өзіне қажетті суреттерді түсіріп болғанынша ешкімге мойын бұрмайды.
Өз жұмысын тез меңгеріп, суретке түсірудің қыры мен сырын үйренген Қайрош екі-үш жылдан кейін облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газеті редакциясымен тығыз байланыс орнатуға көшті. Әуелі оның штаттан тыс фототілшісі болды. Тайсойған мен Бүйрек өңірлерін, Сағыз бен Ойыл өзендері аралығын жайлаған малды ауданның еңбек тынысын, шопандар мен бақташылардың, механизаторлар мен құрылысшылардың Отан байлығын еселеп арттыру жолындағы маңдай терін төгуін сурет тілімен баяндайтын шебердің нағыз өзіне айналды. Қайрош Ұлы Қазан социалистік революциясының 60 жылдығы құрметіне облыстық журналистер қоғамы мен облыстық газет редакциясы жариялаған «Октябрь нұрландырған өлке» атты конкурсқа қатынасып, жүлдегер атанды. Оның «Шопан келбеті» деген фоторепортажында Тасшағыл совхозының «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» орденді аға шопаны, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалыбай Жұмағалиевтың еңбек табыстары сәтті бейнеленді.
Облыстық «Атырау» газетінің фототілшісі күнінде әуелі екі ғасыр тоғысқан шақта облыстың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне, нарықтық реформалардың жүргізілу барысына, елді демократияландыруға қатысты мәселелерді жан-жақты қамтыған топтама фотосуреттері үшін облыс әкімінің сыйлығымен марапатталып, оған қоса «Жылдың үздік журналисі» деп танылып, лауреаттық атақты еншіледі. ЮНЕСКО шеңберінде тойланған Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы құрметіне өткізілген «Жапанға біткен бәйтерек» конкурсында көркем суреттері үшін облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болып, дипломмен тағы марапатталды.
Тынымсыз фототілші өзінің ізденісін үнемі өрістете берді. Бірнеше жыл қатарынан Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанған Қызылқоға ауданының еңбектегі жаңа табыстарын бейнелеуде, фотошежіреге түсіруде тыным-тыныштық көрген мезгілі болған емес. Өз фотолабораториясында жасақтаған аудан өмірі туралы фотокөрсетілімдері шежіреге толы. Күн санап оның қатары көбейе түсті. Арасында газеттің тілшісі, бөлім меңгерушісі болып та қызмет атқарды. Мұның бәрі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қайрош Қабдешевтің тек алғашқы баспалдақтары еді.
Бұдан кейін бірсыдырғы уақыт Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінің редакциясында ат аялдатып, бұл баспасөз органының да фотоәлемін байытты. Сонымен бірге, ең бастысының бірі – Мақатқа бостан бос ат аялдатпағанының тағы бір көрінісін танытты. Осы мұнайлы ауданның орталығынан Гүлжәмиладай өмірлік қосағына кезігіп, бір басы екеуге айналды. Кейін ұл-қыздары дүниеге келіп, өнегелі отбасы болды. Ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырды.
Қайроштың фотообъективіне нелер ілікпеді десеңізші?! Олардың қатарында жайлау да бар, теңіз айдыны да бар, тіпті жерасты кен орны да бар. Таңдантатын, таңғалтатын көзі көргендерді түгелдей қалт жібермей нысанаға алғаны кәміл. Жайықтың жайсаңдары, Нарынның нар тұлғалары, Тайсойғанның тарландары, Мақаттың мықтылары, Қиғаштың қырандары, Жылыойдың жампоздары… бәрі, бәрі оның 1994 жылдан бергі кезеңде «Атырау» газетіне фототілші болып қызмет істеген жылдарында фотожарқылына түспей қалды ма екен?! Ол фотоаппаратын асынып алып, бірде «Теңіз» мұнай-газ кешенінде, бірде Атырау балықшыларының, бірде Махамбет ауданындағы егіншілер ортасында, бірде Индердің борат өндірушілерінің ортасында… жүргенін көретінбіз. Бірде журналистік іссапармен Қызылқоға ауданындағы «Комсомол» кеңшарының «Ақкөл» шабындық алқабына бірге барудың сәті түсті. Мал азығын жаңа технология бойынша дайындап жатқан нысан. Мен пішеншілермен сөйлесіп тұрғанымда аңдамаппын, бір қарасам Қайрош стогметательдің (шөп үюші) тырнауышының үстінде аспанда қалықтап жүр. Қолын сілтелеп, трактор жүргізушіге команда беріп, емін-еркін түсіру үстінде. Сол сурет лездемеде кереметтей мақталды. Бүкіл шабындық алқабы алақандағыдай көрінеді. Теңкиген-теңкиген шөп байламдары, ұзын шұбақ дестелер, шабындықты баудай түсірген шалғылар, мая-мая пішендер… Көздің жауын алатын көріністер.
Қайроштың фотосуреттері республикалық деңгейде жасақталып, баспадан шығарылған түрлі түсті фотоальбомдарға да енді. Сол фотошежіреші Қайрош Қабдешевтің ұзақ жылдар бойғы түсірген суреттерін жинақтап, кітап етіп шығару «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен оның баспаханасы тарапынан табылған ақыл. Онда ел жылнамасы, өңір өрнегі, өмірдің өзі жатыр. Бұлар бір жағынан тарих. Нағыз рухани қазына.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.