Жарнама
Қоғам

Суперкомпьютер – білімге ашылған жаңа мүмкіндік

Жақында Қазақстанда суперкомпьютер іске қосылды. Бұл – еліміздің ғылым мен білім саласындағы ірі қадамы. Суперкомпьютер – жай ғана технология емес, ол оқытуды да, зерттеуді де жаңа деңгейге көтеретін құрал. Жылдам, нақты және тиімді.

Мен соңғы бес жылда оқушылар мен студенттерге арналған пәндік олимпиада жүйесінде жұмыс істеп келемін. Облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларда жаратылыстану-математика бағытындағы тапсырмаларды орындау мен тексеру көп уақыт алады. Бұл – мұғалімдер мен ұйымдастырушылар үшін үлкен күш пен уақытты талап етеді.

Енді осы процесті автоматтандыруға мүмкіндік бар. Егер олимпиада тапсырмаларының бір бөлігін суперкомпьютер арқылы онлайн түрде орындап, нәтижесін сол сәтте көрсетуге жағдай жасалса – біріншіден, әділдікті қамтамасыз етеді, екіншіден, уақытымызды үнемдейді. Бұл – баршаға тиімді шешім.

Сонымен қатар, ғылыми жобалармен айналысатын оқушылар үшін де суперкомпьютер – үлкен көмекші. Әсіресе биология, экология, инженерия сияқты салаларда табиғи процестерді модельдеу, мысалы, ауа райын болжау немесе экожүйелердің өзгерісін бақылау – бұрынғыдан да нақты әрі түсінікті болады. Робот қозғалысын симуляциялау сияқты жобалар да сапалы жүзеге аса алады.

Білім беру жүйесінде жылдар бойы қолмен жасалып келген есеп-қисап, есеп беру, бағалау сияқты жұмыстарды автоматтандыруға да бұл жүйе үлкен септігін тигізеді деп сенемін.

Қорыта айтқанда, суперкомпьютер – болашаққа жол ашатын заманауи мүмкіндік. Оны тиімді пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Руслан САРБАЛИН,

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button