ПОЭЗИЯ МАРАФОНЫ

№1 қалалық орталық кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабы бойынша ақын өлеңдерінен поэзия марафоны өтті. 
Ақын шығармашылығымен жақын танысу және «Бір ел – бір кітап» акциясы негізінде Фариза өлеңдерін жатқа оқи отырып, кеңінен насихаттау мақсатында өткен шараға ақын, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзада Ниетқалиева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Дулат Хамзин, республикалық сал-серілер байқауының лауреаты Елемес Мағазов, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің студенттері және А.Сүндетов атындағы медицина колледжінің студенттері мен №28 орта мектептің оқушылары қатысты.

Акция аясында студенттер Фариза ақынның жырларын оқып, сөзіне жазылған әндерін орындады. Аталған академияның студенттері Айдын Жұмабаев ақынның «Өмір сен» әнін шырқаса, Күзенбай Шәмші «Жақсы көру» әнін айтты. Сәуле Шәтенованың сөзіне жазылған Елемес Мағазовтың «Фаризаның мінезі» әнін Елемес Мағазовтың өзі орындады. Сондай-ақ, оқырмандар кітапхана қорындағы Фариза Оңғарсынованың «Шілде», «Жүректер тілдескенде», «Сұхбат», «Дала», «Шашы ағарған қыз», «Мен саған ғашық емес ем» деп аталатын кітаптарымен қоса екі томдық шығармалар жинағымен танысты. 

Гүлжан СҮНДЕТОВА,
№1 қалалық орталық
кітапхананың әдіскері,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз