Жұмыссыздық – бойкүйездікке бастайтын күйзеліс

81wlZE lcmU Жаңалықтар

Аға ұрпақтың әлі есінде,  кеңестік кезде қызметсіз жүретін жан болмайтын. Мүгедек емессің бе, ауру-сырқауың жоқ па – жұмысқа шығуға тиіссің. Әскерден оралдың ба немесе жоғары оқу орнын бітірдің бе – бір айдан кейін қоғамға пайдалы іспен айналысуың керек. Әйтпесе, арамтамақ атанып, сот алдында жауап бересің. Қатаңдық па? Мүмкін. Бірақ, сол кездің адамдары жұмыссыздық дегенді білген жоқ. Бәрі еңбекпен шұғылданды. Соған орай ауқатты тұрды.

81wlZE-lcmU

Ал, қазір ше? Жұмыссыздық қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Екі адам бір-бірімен кездескенде алдымен қызметін сұрайды. Өзінің ешқайда орналаса алмай жүргендігін айтады. Расында да, солай ма? Мүмкін, ұсынған жұмысты менсінбейтін шығармыз? Шөптің басын қимылдатпай, табыс табуға ұмтылатын болармыз?

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында «1 мамыр» шаруашылығының басшысы Аманжол Есқараевтың ауылдастарын шеттетіп, орнына сырттан адамдар алып жатқаны туралы дабыл түсті. Әуелден таныс азамат қой, алдымен тілдескенді жөн көрдік. Мұнымыз дұрыс болды. Сөйтсек, кейбір жерлестері қызметке кеш шығып, ерте қайтуды қолайлы көреді екен. Ұйқысын қимағандықтан таңертеңгілік дайын көлікке мінуге де ерінеді. Ал, дала жұмысы жайбарақаттықты көтере ме? Уақытында  дәнін сеуіп, мезгілінде суармаса, егін бітік шығар ма? Міне, сондықтан бірер адаммен қоштасуға тура келіпті. Әлгі шіркіндер жұмыс жасауға ерінгенімен, арыз жазуға епті болып шығыпты. Бұл – ел тәуелсіздігінің туы енді көтеріліп, қилы-қилы қиындықтармен күресіп жатқан ауыр уақыт. Рас, кейін бәрі қалпына келді. Бүгінде шаруашылық шалқып отыр. Ауылдастар да дән разы.

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық...»

Масылдық –қауіпті дерт

Қазір де Атырауда көрші Өзбекстанның азаматтары қаптап жүр. Қысы-жазы осында. Құрылыс та салады, мал да бағады, егін де егеді, аула да тазалайды. Үй қызметкерлері де солар. Сауда орындарын да иеленіп алыпты. Сонда осы жұмыстар өз қолымыздан келмей ме? Айтыңызшы, соңғы рет қолыңызға қашан күрек ұстадыңыз? Сөйте тұра мемлекеттен жәрдем сұрауға құмармыз. Көмек жасалып та жатыр. Мәселен, әр жылғы тамызда «Мектепке – жол» акциясы өтеді. Атқарушы билік бизнес иелеріне мұқтаж жандардың ұл-қыздарына киім-кешек, оқулықтар, өзге керекті нәрселерді алып беруді өтінеді. Мемлекеттен де қаржы бөлінеді. Ал, әлгі балалардың әкесі ше? Егер тапқаны тамағына жетпей, тарығып жатса, онда түсінуге болар. Әйтпесе «Үкіметтің мойны жуан, мейлі көмектессін» деп шөп басын сындырмай отырса ше?

Есімізге, бұдан он шақты жыл бұрын қыркүйектің алғашқы күні Мақат пен Доссорға жауған нөсер жаңбыр түседі. Соның салдарынан қос елді мекенде бірнеше үй құлап, кейбірі жарамсыз күйге ұшырады. Төтенше жағдай жариялауға да тура келді. Астанадан келген комиссиямен бірге аулаларды аралап жүрсек, бір бұрышта арақ ішіп отырған үш-төрт еркекті көрдік. Әйел-балаларының балшық кешіп, төбесі ортасына түскен баспанасының орнын сипап қалғанымен шаруасы да жоқ. Неге? Е, мемлекет далаға тастамайды. Үкімет өзі үй салып береді. Ендеше, бас ауыртып қайтеді. Міне, бойды осындай масылдық сезім билеген.

e0c489anxinbicuop

Арамтамақ атанбайық!

Аймақ басшысының азаматтарды қабылдауына қатысамыз. Сонда масылдықтың талай көрінісіне куә боламыз. Әкімге таяғына сүйеніп қадірменді қарттар жиі келеді. Орден-медалін тағып алады. Кезінде еселі еңбек еткен жандар екендігі көрініп-ақ тұр. Баласына жұмыс сұрайды. Ал, оның өзі неге келмейді? Әкесін әкімдікке жұмсап, өзі үйде жатады. Бір кісінің «кемпірім екеуіміз жалғыз ұлды өсірдік, оқыттық, үйлендірдік, енді соның балаларын әйелі мен өзіне қосып бағып отырмыз» дегені бар-ды. Ащы да болса шындық.

Жылыой жағында белгілі бизнес иелері Балжігітовтерді бәрі біледі. Солардың үлкені Миржанның:

– Ауылдың жанында кішкене өзекше бар еді.  Жағасында саман тас бастық. Соны сатып, алғашқы ақшамызды таптық. Сөйтіп, қиын кезде отбасымызды асырадық, ешкімге алақанымызды жайғанымыз жоқ, – дегені жадымыздан шығар емес.

Ал, қазір сол ағайынды жігіттер – облысқа танымал кәсіпкерлер. Сәл нәрседен басталған шаруаны өрге сүйреп әкетті. Әрқайсысы бір-бір істің басында. Кішкене кезден еңбекке араласқан азаматтар есейгенде де одан бас тартпаған.

Хамидолла Хабдешев те – өңірге белгілі азамат. Кеңшар директоры, партком хатшысы, бірлескен кәсіпорынның бөлім басшысы, т.б. лауазымды міндеттерді атқарды. Сол кісінің қызметтен келген соң тап-таза костюмін, аппақ көйлегі мен әдемі галстугін жай киімге ауыстырып, аулада жұмыс жасап жүретінін талай көрдік. Ұрпағына осылай өнеге көрсетті. Содан үлгі алған ұл-қыздары да еңбекқор болып өсті. Масылдық пиғыл танытпады.

Республикаға белгілі кәсіпкер, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов студент кезінде сабақтан бос уақытында жұмыс жасап, отбасын асыраған. Темір жол бойындағы вагондардан жүк түсіргені үшін алатын азын-аулақ ақшасы әйел-баласын ашықтырмауға жараған. Бауырларының аузынан жырып, ауылдағы әке-шешесінен жәрдем сұрауға ары жібермеген.

Мұндай мысалдар жеткілікті. Ал, сонда бүгінгі ұрпақ масылдықты қайдан үйренді? Соның бәріне нарықтық қатынастар кінәлі ме? Әлде ұл-қызымызға өзіміз тағылымды тәрбие бере алмадық па? Сірә, соңғысы басымдау тәрізді.

Ел таңдаған, әлем мемлекеттері жүріп өткен экономикалық жол – бізге де таңсық емес. Қазір ешқандай тыйым салу жоқ, қолыңнан келген шаруаны атқара бер. Сырттан келген, әсіресе, алыстан ат арытып жеткен оралмандардың дені бүгінде ештеңеге мұқтаж емес. Бастапқыда таршылық көрген шығар, кейін істейтін жұмыс  көптігіне көз жеткізді. Мұнда мүмкіндік мол екен ғой. Өзбекстанда егін салатын ұлтарақтай жер жоқ, су да жетпейді. Ал, бізде ше? Игерілмей жатқан ен дала. Әне, соны қолға алып, өнімін жол бойында сатып, сонысымен көл-көсір табыс тауып жүр.

Кәсіпкерлікті барынша қамқорлап жатырмыз. Аймаққа танымал бизнес иесі, облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиеваның айтуынша, Қазақстандағыдай қолдау еш елде жоқ көрінеді. Сонда да көңіліміз толмайды. Тағы бергенін қалаймыз? Осының өзі масылдық емес пе? Қашан қайтарым күтеміз? Үкіметтен бөлінген несиеге той жасап, енді қарызға батып, қол қусырып қарап отырғандар бар.

P.S.  Елбасы алқалы топта сөйлеген сөзінде масылдық пиғылдан арылып, баршаның пайдалы іспен шұғылданғаны жөн екендігін айтты. Мемлекет тарапынан көмек зейнеткерлер мен мүгедектерге көрсетіледі. Ал, қол-аяғы балғадай адамдардың арамтамақ атануына жол берілмейді. Осыны жадымыздан шығармайық, ағайын!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз