Жарнама
Қоғам

Сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін – Энергетика министрі

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында  сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін екенін мәлім етті.

«Бізде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі күрт өсіп кетті. Ол негізі автомобильдерді газға ауыстырумен байланысты. Әсіресе көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. 9 айдың ішінде сұйытылған газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Бізге қосымша көлемдер іздеуге тура келіп отыр. Біз «Теңізшевройлмен» келіссөз жүргіздік. Олар ішкі нарыққа ай сайын қосымша 10 мың тонна жеткізіп тұр. Біз «ҚазМұнайГаздың бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттадық. Осының есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Яғни, қазір сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Өңірлерде жеткізуден туындаған мәселелер бар шығар. Біз осыны проблема деп отырмыз», — деді ол.

Министр қазақстандықтарға көлігін газға ауыстыруға асықпау керек деген кеңесін тағы қайталады.

«Машиналарды осындай қарқынмен газға ауыстыра беретін болса, келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті қысқа мерзімдегі қажеттіліктерге жетпей қалуы мүмкін. Тіпті сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болады. Тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал. Сондықтан автомобиль тізгіндеушілерді көліктерін газға ауыстыруға асықпауға үндеп жүрміз», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Kazinform

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button