Су қорына қауіп төнді!
ҚАЗАҚСТАН – ӘЛЕМДЕГІ СУ РЕСУРСТАРЫ ШЕКТЕУЛІ ЕЛДЕРДІҢ БІРІ. СОЛ СЕБЕПТІ, ҚАЗІР ЭКОНОМИКА СЕКТОРЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ ҮШІН ДЕ, ХАЛЫҚТЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ДЕ «ТІРШІЛІК КӨЗІНІҢ» АЙТАРЛЫҚТАЙ ТАПШЫЛЫҒЫН БАСТАН КЕШІП ОТЫР. БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БОЛЖАМЫ БОЙЫНША, 2040 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕЛДЕГІ СУҒА ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫН ҚҰРАЙТЫН ТАПШЫЛЫҒЫНА ТАП БОЛМАҚШЫ. ОБЛЫСТАРДАҒЫ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ 2050 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМНІҢ 6%-ҒА ТӨМЕНДЕУІНЕ ДУШАР ЕТУІ ЫҚТИМАЛ.
Осыған байланысты, сəрсенбі, яғни 31 мамыр күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бастаған Мəжілістегі «АМАNАТ» партиясы фракциясының бір топ мүшесі республика Премьер-Министрі Əлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Редакцияға арнайы хабарласқан депутат Д.Тұрғановтың айтуынша, бұған негіз де жоқ емес. 18-19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен «Орталық Азия-Қытай» деп аталатын тұңғыш саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тек біздің ел үшін емес, жалпы жер жүзіндегі су ресурстарының маңызы мен оны ұтымды пайдалану мəселесіне баса назар аударған еді. Шынында да, қазір жерасты суларының қорын пайдалану, анықтау жəне растау, өздігінен ағып жатқан ұңғымаларды дереу ауыздықтау мəселесі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Еліміздің ауыз су ресурстарының, əсіресе, суы аз Батыс Қазақстанның қорғалуы тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің тікелей бір бөлшегіне айналып отыр. Осы мəселеге айрықша назар аударған Мəжіліс депутаттары Үкімет басшысы мен Бас Прокурорға арнаған арнайы сауалында Көкжиде бірегей тұщы су кенішінің маңызына тоқталды. Өйткені, Көкжиде – Каспий маңы ойпатының бастауындағы батыс өңірін ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық су көздерінің бірі.
Депутаттық сауалда Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір аудандарында орналасқан бірегей кеніштің сапалық құрамы мен сандық сипаттамасы бүкіл өлкені таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретіні атап көрсетілген. Оның тəуліктік шығыны – 200 мың текше метрге дейін. Алайда, 2009-2019 жылдар аралығындағы жерасты суының мониторингі ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының жыл сайын шамадан асып бара жатқанын анықтап берген. Соған байланысты, депутаттар өз сауалдарында мынадай нақты мəліметтер келтірді: «Қоршаған ортаны қорғау органдарының мəліметінше, Көкжиде кен орнының айналасында мұнай мен газ өндіруді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «КМК Мұнай», «Фирма Ада Ойл», «Қазақойл Ақтөбе», «Урихтау оперейтинг» кəсіпорындары жүзеге асырады, олар барлығы 300-ге жуық мұнай жəне газ ұңғымаларында жұмыс жасайды. Мемлекеттік экологтардың мəліметі бойынша, 2022 жылы Көкжиде суының құрамындағы мұнай өнімдерінің мөлшері 6 (алты) есе артық болды. Бұл жоғарыда аталған компаниялардың қызметімен тікелей байланысты.
Сонымен қатар, Үкіметте Көкжиде жерасты көзінен болашақта Атырау жəне Маңғыстау облыстарына магистральді су құбырын тарту жоспары бар. Бірақ, қазір оның жоба алдындағы құжаттамасы (техникалық-экономикалық негіздеме жəне жобалық-сметалық құжаттама) жоқ…». Осыған орай, депутаттар жергілікті жұртшылық, азаматтық қоғам өкілдері мен республика Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Көкжиде кен орнының маңында мұнай өндіруді тоқтатуды талап етіп отырғанын айтып, дабыл қағуда. Алайда, Ақтөбе облысының экология департаменті биыл Көкжиде кеніші аумағындағы жер қойнауын пайдаланушылардан мұнай мен газ өндіруді тоқтату жоспарына айырбас ретінде тек мұнай өндіруге ғана рұқсат беріпті. Сөйте тұра, əлі күнге дейін мұнайгаз өндіру ұңғымаларын жою жөніндегі іс-шаралар жоспары ұсынылмаған.
Дүйсенбай Нұрбайұлы кеніш суының құрамында мұнайдың шектен тыс асып түсуі, сондай-ақ мұнай өндірісінің су сапасын одан əрі ластауының тоқталмауы іске Бас прокуратураның шұғыл араласуын талап етіп отырғанына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, осы сауалда Мəжіліс депутаттары Батыс Қазақстандағы ең ірі су объектілерінің бірі – Жайық өзенінің мүшкіл жағдайын да атап көрсеткен. Олардың айтуынша, бұл мəселе əртүрлі деңгейде бірнеше рет талқыланып, тіпті, «АМАNАТ» партиясының «Халықпен бірге!» атты қазіргі бағдарламасына енгізілгенімен, Жайық өзенінің экологиялық жүйесін қалпына келтіруге ешкім назар аудармай отыр.
«Өзенге антропогендік əсер, оның суын бақылаусыз пайдалану, ірі мұнай өндіруші жəне өңдеуші кəсіпорындардың технологиялық қажеттілік үшін суды қайта өңдеу тəжірибесін пайдаланбауы, жасанды су қоймаларын келісімсіз салу – осының барлығы Жайық өзені бассейні экологиялық жағдайының айтарлықтай нашарлауына ықпал етеді», — деп қынжылады депутаттар.
Оның үстіне, өзен үшін үлкен қауіп – оның саласы Елек өзені екен. Ол судың химиялық құрамы бойынша ластану көрсеткішінің VII сыныбын құрайды, бұл «өте лас су» деген мағынада. Електі ластайтын негізгі көздер – Ақтөбе қаласындағы хром қосындылары, ферроқорытпа зауыттары, басқа да бірнеше өндіріс ошағы. Оған өзенге құйылатын қаланың ағынды суларын қосыңыз. Сонда тек Ақтөбе қаласының өзінде Електің ластану деңгейін рұқсат етілген концентрация мөлшерін ондаған мың есеге көбейтеді. Мəжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов өз əріптестерінің осы мəселені оң шешу үшін Үкіметке бірнеше рет сауал жолдағанымен, əзірге тиімді шараның қолға алынбағанын айтады. Соның кесірінен, Жайық өзеніне «ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысаны» санатына қосу, кеме жүретін су жолдарында тереңдету жұмыстарын жүргізу сынды депутаттар əлсін-əлсін көтеріп жүрген мəселелер шешімін тапқан жоқ. Бүгінгі таңда Каспий теңізінен балық аулайтын шаруашылықтар Жайық өзенінің сағасы бітеліп қалғандықтан, ауланған балықты қабылдау пункттеріне мерзімінде жеткізе алмай отыр.
Депутаттардың пікірінше, егер Жайық өзені «Ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізбесіне» енсе, шаруашылық жұмысын реттеудің ерекше құқықтық режимін енгізуге толық мүмкіндік бар. Сол арқылы экономика салаларының экологиялық, мəдени жəне тарихи құрамдас бөліктерімен мүдделерді теңдестіру, шаруашылық қызметі бұзылған аумақтарда су объектілерін ластанудан қорғаудың технологиялары мен инженерліктехнологиялық құралдарын жасау, Жайық өзені бассейніндегі ірі елді мекендер, яғни қалаларда жауын-шашын мен еріген қар суынан тереңдете тазарту жүйелерін əзірлеуге мүмкіндік береді.
Мəселені осындай нақты мəліметтермен негіздеген Мəжіліс депутаттары Əлихан Асханұлы мен Берік Ноғайұлына мынадай ұсыныстарын жолдады:
1. Көкжиде жер асты су кенішінің шекарасындағы мұнай-газ компаниялары қызметінің табиғат қорғау заңнамасы талаптарына сәйкестігін анықтау үшін кешенді прокурорлық тексеру жүргізу. Тек Көкжиде суында ғана емес, сонымен қатар Каспий маңы ойпатының басқа да жерасты көздерінде мұнай өнімдері мөлшерінің артық болуына соқтыратын немесе душар ететін себептерді анықтау;
2. Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосу. Өйткені, оның қоршаған орта мен өңір экономикасына әсері басым, сондықтан шаруашылық қызметті реттеудің ерекше құқықтық режимін талап етеді;
3. Жайық өзенінде тереңдету жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлу мәселесін тез арада шешу;
4. Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша қабылданып жатқан нақты шаралар туралы толық ақпарат беру
РЕДАКЦИЯДАН: Шынында да, Мәжіліс депутаттарының дабыл қағып, бұл мәселені қайта-қайта көтеруі бекер емес. Өйткені, Батыс Қазақстан өлкесіндегі су тапшылығы жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тек мемлекеттік маңызды басқосуларда емес, халықаралық форумдар мен саммиттерде де бірнеше мәрте сөз қозғап жүр. Соған қарағанда, батыс өлкесін сумен қамтудың жай-күйі тек ПремьерМинистр мен Бас Прокурорды ғана толғандырмай, меншік иесіне қарамастан барлық деңгейдегі табиғат пайдаланушылар мен су тұтынушылардың да санасына сәуле түсіруі керек. Әйтпесе, ұл-қызымыз бен одан өрбіген ұрпақтың алдында арыла алмауымыз да ғажап емес.
Қуандық ШƏКІРОВ