
Су бейқамдықты кешірмейді
Облыста ресми түрде суға шомылу маусымы ашылған жоқ. Соған қарамастан күннің ысуымен бірге өзен-көлдердің жағасы демалушыларға тола бастады. Ал құтқарушылар бұл маусымның қаупі зор екенін ескертіп, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырып отыр.
Жаз айларында адамдардың табиғат аясында суға түсіп тынығуға ұмтылуы – заңды құбылыс. Алайда өзен-көлдерде қауіпсіздік ережелерін ескермеудің салдарынан қайғылы жағдайлар жиі орын алады. Бұл – әсіресе балалар мен мас күйдегі ересектер үшін аса қауіпті.
Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Серік Қабдығалиев – осы салада 10 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол осы жылдар ішінде түрлі жағдайларға куә болған екен.
Көп жағдайда оқыс оқиғалар қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауынан туындайды. Ересектер мас күйінде суға түсіп, өз өмірін қатерге тігеді. Ал балалар белгіленбеген, рұқсат етілмеген жерлерде шомылады. Біз мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су айдындарында рейдтер ұйымдастырып жүрміз. Бірақ қауіпсіздікке салғырт қарайтындар көп,-дейді тәжірибелі құтқарушы.
Оның айтуынша, белгіленбеген жерде суға түскендерді құтқару мүмкін болмай қалатын кездер де кездеседі.
Бірнеше жыл бұрын Балықшы шағынауданында Жайық өзенінде екі бала шомылып жүріп, арғы бетке жарысып өтпек болады. Су ортасына жеткенде екеуі де әлсіреп, бата бастайды. Рейд кезінде әріптесім Нұрдәулет Канатбаев екеуіміз қайықпен жедел жетіп, балаларды аман алып қалдық,-дейді ол.
Облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы, аға лейтенант Дарын Әнуарбеков әр маусымда суға кету деректері тіркелетінін айтады.
Жаз мезгілі басталысымен судағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болады. Өкінішке қарай, жыл сайын суға бату оқиғалары тіркеледі. Олардың көпшілігі қарапайым себептермен орын алады: тыйым салынған жерлерде, мас күйінде шомылу, қараусыз су айдындарында жүрген балалар. Әрбір осындай оқиғаның алдын алуға болады, — деген ол төтенше жағдайлар департаментінің құтқаршылары үнемі рейдтер, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту белгілерін орнатса да, тұрғындардың ережелерге немқұрайлы қарап, құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспайтынын айтады.
Расында, «сақтанғанды – сақтайды» дегендей, балаларды бір минутқа да қараусыз қалдырмаған жөн. Жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылмаған жөн. Бастысы, құтқару кеудешесіз қайыққа отырмау керек. Бұл қарапайым ғана ереже болғанымен, өміріңізді сақтап қалатын басты амал.
Білгеніміздей, 2020 жылы шомылу маусымында (1 маусым – 1 қыркүйек аралығы) 5 адам суға кетсе, оның 2-і – бала. 2021 жылы бұл көрсеткіш 11 адамға жеткен, оның ішінде 2 бала көз жұмған. Ал 2024–2025 жылдары жағдай тіптен алаңдатарлық сипат алыпты. Мәселен, бұдан бұрын Жайық өзенінде белгіленбеген орында шомылып жүріп суға батып кеткен 10 жасар баланың өлімі барша ата-аналар мен қамқоршылар үшін ащы сабақ болуы тиіс.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті органдар мен ТЖД бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қала аумағындағы қауіпті учаскелерде 125 «Суға түсуге тыйым салынады» белгісі орнатылған екен. Қосымша 100 белгі орнату үшін ұсыныс берілген.
Бүгінде құтқару жасағы мен полиция қызметкерлері күнделікті патруль ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен төрт учаске жағажай ретінде бекітіліп, сенімгерлік басқаруға берілген.
Былтыр «2ГИС» мобильді қосымшасына шомылуға тыйым салынған орындар енгізілген екен. Қаланың халық көп шоғырланған аумақтарында LED-экрандар мен дыбыстық хабарламалар арқылы «Судағы қауіпсіздік ережелері» түсіндірілуде.
Су бейқамдықты кешірмейді. Бір сәттік жауапсыздық орны толмас қайғыға әкелуі әбден мүмкін. Қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында барынша мұқият болуға, қарапайым ережелерді ескеруге, балаларды қадағалаусыз қалдырмауға шақырады.
Өмір – баға жетпес құндылық. Оны сақтау – өз қолыңызда!
Әсел ШАМИШЕВА
Құтқарушылар кеңес береді:
• Суға тек рұқсат етілген және жабдықталған орындарда түсіңіз;
• Балалар тек ата-аналарымен бірге шомылуы тиіс;
• Құтқару кеудешесін киіңіз – бұл әсіресе балалар мен жүзе алмайтындар үшін міндетті;
• Мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынады;
• Табиғат аясында демалу кезінде кез-келген жерден суға түсуден сақ болыңыз. Себебі су түбінде өткір заттар, торлар немесе шұңқырлар болуы мүмкін.