Студенттік өмір – жаңа белес бастауы
Адам өмірінің ыстық естелікке толы, арман жолына жетелейтін бастауы – студенттік кезең. Қысқа ғана уақыт болса да бұл жылдарда өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндіктер көп. Өйткені жалындап тұрған жігер мен ұмтылыс арқылы білім іздеп, өзіңді тұлға ретінде қалыптастыруға болады. Бала кезден бастап көкейімізде армандаған тұлғаны қалыпқа құятын кезең – студенттік өмір арқылы жүзеге асады. Менің студенттік кезеңім арман жолыма жетелейтін тұсбағдар іспетті.
Бала кезімде көгілдір экранға қарап отырып көп армандайтынмын. Ол кезде журналистің кім екенін толық танымасам да тұлғасына қарап білікті, салмақты , шешен ойлы екендігін аңғардым. Осы арманыма жету үшін журналист мамандығы бойынша оқуға түстім. Қазір журналистика мамандығының студенті ретінде оқу тәжірибесімен қатар, осы салаға қатысты теориялық білім алудамын. Студенттік өмірге қадам басқан жастарға белсенділік пен жауапкершілік өте маңызды. Мен алғаш студенттік кезең басталысымен-ақ бірқатар ұйымға қосылдым. Әрине, білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға уақыт бөлу үлкен шыдамды талап етеді. Бірақ әр студент өзінің ұнататын, сүйікті ортасын тапса бақытқа толы сәттерге жол ашылады. Студенттердің басым бөлігі алғашқы курста бос уақытын дұрыс өткізе алмай жатады. Менің де белсенді студенттер қатарына қосылуыма осы жағдай себеп болды. Университетте әртүрлі ұйымдардың белсенді жұмыстарына қарап қуанамын. Әркім өз мамандығымен білім ала жүріп, өнер, спорт, тіл үйрену басқа да салаларда қосымша даму қажеттігін алға қояды. Мәселен, біздің университетте әрбір факультеттен құралған белсенділер ұйымы, “Saf» студенттік театры , “ Қыз Жібек” қыздар ұйымы, “ Halel Parlament” өзін-өзі басқару ұйымы, “IDEP English” ағылшын тілін үйрену курсы және басқа да ұйымдар бар.
Мен алғашқы курста белсенділер ұйымына және «Saf» студенттік театрына қосылдым. Қосымша IDEP English курсына жазылдым. Күнделікті сабақпен бірге бұл бағыттарды меңгеру арқылы өзімді жаңа қырымнан көріп, дамытып жүрмін. Жаңа достар да таптым.
Өмірдің әрбір жаңа белесін естеліктер мен мол тәжірибеге арнау студент үшін үлкен бақыт. Қысқа ғана жылды қамтитын кезеңді арман жолына жетелей алу – әркімнің өз қолында.
Жанна ЗЕЙНУЛЛАЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІ курс студенті