АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ!

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде жария еткен міндеттер өркениетке ұмтылудағы басты қадам болды.

 

Мемлекет басшысының қаржылық қолдауларға тағы да баса мән беріп, ел алдында тұрған барлық қиыншылықтарды еңсеру үшін жедел қор құру жөнінде айтқаны маған ерекше әсер қалдырды. Өйткені, әлемдік дағдарыс кезінде қаражаттың мемлекеттік жауапкершілікпен игеріліп, тиісті мақсаттарға ғана жұмсалуы – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай, үстіміздегі жылы республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге қысқартуға тапсырма беруі, сондай-ақ, Үкіметке 250 миллиард теңгеге  жедел шара қолданатын резерв құруды міндеттеуі  – Мемлекет басшысының аса көрегенділігі.

Расымен де, Президенттің сарабдал саясатының нәтижесінде бүгінге дейін талай сыннан өттік. Осындай дара да дана Көшбасшымыз барда бұл әлемдік дағдарыстан да  алаңсыз өтетінімізге сенім мол.

Ендеше, елім деп, жерім деп жалындаған жастарға айтарым, бізге қай істе де еш алаңдауға негіз жоқ. Елбасының елді ұйыта білген сөздеріне терең үңіліп, бір арнаға топтаса білгеніміз жөн.

 Тағы бір айта кетерлігі, шағын және орта бизнес саласында жүрген жас кәсіп иелері мен өз ісін ашуға ұмтылған жастар ел экономикасының дамуына аса пайдалы деген өнімдерді ғана қамтып, қаржыны үнемдеуге ұмтылуы керек. Осы орайда, шынымен де, Елбасының айтқанындай, сауда желісінде қазақстандық тауарлардың секциясы пайда болуы үшін «Қазақстанда жасалған»  акциясына баса мән беру керектігін де жеткізгім келеді.

Асқар БОПЫЛДЫҚОВ,

«Жас Отан» жастар қанаты

Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз