«СПОРТ – НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ!»
Спорт додасына Атырау сервис, индустриялды, энергетика және құрылыс, көлік және коммуникация, политехникалық, аграрлы-техникалық, музыка, Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледждері мен Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы, Мақат технологиялық, Индер көпбейінді ауылшаруашылық, Жылыой мұнай және газ технологиялық, Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық, сондай-ақ, Құлсары гуманитарлық-техникалық колледждерінің ұстаздары қатысты.
Барлығы 15 команда құрамында 700 мұғалім баскетбол, волейбол, гандбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ және шахмат секілді спорттың алты түрінен сынға түсті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Атырау дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының арнайы кубоктері табысталды.
Аталған орталық директорының орынбасары Руслан Жұбанышалиевтың айтуынша, осындай жарыс қараша айында мектеп мұғалімдері арасында да өткен болатын. Демек, бір жылда қос спартакиада өткізілді. Сонымен қатар, жылына екі мәрте оқушылар спартакиадасын ұйымдастыру да дәстүрге айналған.
А.САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Сурет автордікі.