Елбасы қазақстандық жастардың болашағына жол ашты

1496227075 article b 1500 Қоғам

             Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні — елімізде жыл сайын 1 желтоқсанда аталып өтілетін мемлекеттік мереке. Дүние жүзінің кейбір елдерінде бұрыннан бар бұл дәстүр Қазақ Елінде де өзінің лайықты орнын тапты.

Әрине, таңдау бұл күнге тегіннен-тегін түскен жоқ.  Сонау 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні  Қазақстанда  алғашқы президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сенімімен, басым дауысымен жеңіске жеткен еді.

Мемлекет билігін қолға алған сол бір қиын-қыстау кезеңдерден бастап  ҚР Президенті атқарған игі істер ұшан-теңіз.

Ел атауы  Қазақстан Рес­пуб­ликасы болып өзгерді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданды. Осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін баршаға жария етті.

Ұлттың қамын ойлап,  дамудың келешегін болжай білген Елбасы жас мемлекетті санаулы жылдар ішінде әлемдегі экономикасы орнықты елдердің  қатарына қосты. Әлемнің 180-нен астам елімен дипломатиялық қатынас орнатылды.

 «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Н.Назарбаевтың өзі  айтқандай, Қазақ халқы бір Тудың астына жинала білді, тұғыры биік, ынтымағы жарасқан ел бола алды.  Содан бері көк Бай­рағымыз әлем елдері  туларының қатарынан өз орнын ойып алып  асқақ желбіреп тұр.

Елбасы айтқандай, Қазақстан халқы – білімге, ғылымға құмар халық. Сауаттылық деңгейі бойынша қазір Қазақстан әлем елдері арасында алдыңғы орындар қатарында тұр.

«Болашақ» бағ­дар­ламасымен оқыған мыңдаған жас  қыз-жігіттер шет елдердің үздік университеттерінде білім алып, елге заман талабына сай озық маман болып оралды.  Олар жаңа ойлау жүйесін, тың идеялар алып келіп, жаңа технологияларды батыл игере бастады. Уақыты кел­генде дамыған елдердегідей білікті   мамандарды  даярлау ісі елімізде де  қолға алынды. «На­зарбаев Университеті» талантты жастардан жыл сайын түлектерін ұшырып отырса, «Назарбаев зияткерлік мектептері» барлық өңірлерде білім іздеген жас ұрпаққа есігін айқара ашуда.  

Барлық оқу орындары сияқты С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде де тұңғыш Президент күні мерекесі жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіледі.

Биыл да тағылымы мол  іс-шаралар өткізілді. Тек бөлімдер бойынша өткізілген: «Тұңғыш Президент: Тұлға, Тарих, Тағылым» танымдық сағаты,  «Тәуелсіз елдің білімді ұрпақтары»  брейн-ринг зияткерлік ойыны,  «Ел ертеңін ойлаған Елбасы» онлайн-конференциясы,  «Мен президент болсам…» пікірсайысы, «Тұңғыш Президент күні» тақырыбындағы дөңгелек үстел, Елбасының өмір жолына арналған электронды кітап-көрмесі студенттер мен қызметкерлер үшін мереке мәнін жаңа қырынан аша түскен шаралар болды. Ал мерекеге байланысты ұйымдастырылған бейнеқұттықтау мен әскери-спорттық жарыстар шаралар мазмұнын толықтыра түсті.

Н.Ә.Назарбаев – ел деңгейінен асып, төрткүл дүние мойындап таныған биік тұлға.

Оның құрметіне арналған бұл мереке – басқа мерекелермен салыстырғанда  «жас» болса да ел санасына толық сіңіп, маңызы мен мәнін көрсете алған ерекше күн.

Жұлдыз ШАГИРОВА,

С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі директорының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз