СӨЗДЕН ГӨРІ, ІС КЕРЕК
Семинардың ашылуына арнайы қатысып, сөз сөйлеген аудан басшысы Мақсым Ізбасов«Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін біз барлық салада да бәсекеге қабілетті бола алатындай болуымыз керек. Бұдан тіл саласы да қалыс қалмайды. Туған тіл – тұғырымыз, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі дүниедегі ақпараттың, ғылым, білімнің тіліне айналып отыр. Өркениетті елдер көшінің алдыңғы легінен көрінеміз десек, Елбасы ұсынған «Үш тұғырлы тіл» жобасын баршамыз болып ұйымдасып, ұжымдасып жүзеге асыруға жұмылуымыз керек» деп өнеркәсіпті өңірден бастау алған осынау игі бастамаға сәтті қадам тіледі.
ТІЛ– ӨТЕ НӘЗІК, КҮРДЕЛІ САЯСАТ
Облыстағы жоғары оқу орындарының, қала және аудандардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің жетекші мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының өкілдері, мектеп директорлары мен мұғалімдері, тіл жанашырлары және село әкімдері қатысқан басқосуда бірінші болып мінберге көтерілген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішовөз ойын ашық ортаға салды. — Дамыған 30 елдің қатарына кіруде үш тұғырлы тілді игеру мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, оны жас ұрпақтың белсенді меңгеруі үшін жағдай жасауға шаралар алыну үстінде, — деді ол. — Елбасының саясаты бойынша 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс.
Бүгінде рухани жағынан кемел қазақ бауырларымыз, әсіресе, шет ел компанияларында жұмыс істейтіндер ағылшын тілін игеруге ерекше ықылас таныту үстінде. Керісінше, жоғары оқу орнын бітіріп келіп, шет тілінен жеткілікті дәріс бере алмай пұшайман болғандарға не айтуға болады? Қалауы болмаса да ақша төлеп оқып, диплом алып, күнкөріс үшін ұстаздардың қатарын толтырып жүргендерде сапалық білім қайдан болсын?! Сондықтан, мұғалімдердің біліктілігін саралайтын мониторинг жүргізу керек. Орыстілділерге қазақ тілі оқытылады, бірақ, мемлекеттік тілді игеріп шықпайды, керісінше де солай. Бұл да – ойлантатын мәселе. Тағы бір айтар жайт, қаптаған тіл дамыту орталықтарын қысқартып, жүйелеп, сапалысын ғана қалдырған жөн.
Жылыой аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеті меңгерушісі Айымгүл Қалиевааудан бойынша оқушылар арасында өткен Абай — Шәкәрім, Махамбет және Мұқағали оқулары, «Пушкинские чтение» байқауышәкірттердің өлең-сөздің қадіріне, иірімді ойлары мен тағылымына терең бойлап, тіл ұстартуларына ықпалы зор болғанын айтты. Білім бөлімінің іс-шаралар жоспары бойынша көптілділікті бағыт ұстап, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, беделін көтеру мақсатында байқаулар, сайыстар, семинарлар ұйымдастыру дағдыға айнала бастаған.
ИННОВАЦИЯ ИІНІНДЕ ТУҒАН ИДЕЯ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржановаүш тұғырлы тіл идеясының негізін былайша таратты: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Яғни, мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетіндер өз елінде де, шет елдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Сондықтан, колледждер мен жоғары оқу орындарында шет тілінің болашақ оқытушыларын оқыту жүйесіне қойылатын талаптарды күшейту керек.
Оқытушы ғалым Атырау мемлекеттік университетінде үш тұғырлы тіл саясаты жақсы жолға қойылғандығын мақтанышпен айтады. Жиырма жылдан астам тарихы бар әлем тілдері факультеті даярлаған кәсіби біліктері жоғары, үш тілді меңгерген түлектері тәуелсіз еліміздің экономика, бизнес, мұнай-газ, химия өнеркәсібінде, сондай-ақ, елшіліктерде еліміздің мәртебесін асқақтатып жүр екен.
Бибігүл Сейілханқызы тарих-филология факультеті қазақ тілі кафедрасы ұйымдастыруымен таяуда өткен «Үш тұғырлы тіл жүйесіндегі қазақ тілінің орны» атты әдістемелік семинарда туындаған ұсыныс-пікірлерді көпшіліктің назарына ұсынды. Олар – қазіргі оқыту мен үйрету технологиясы негізінде тілдерді деңгейлеп оқытуды жетілдіре түсу, тілдердің ұлттар мен диаспора өкілдерін топтастырушы функциясын нығайтуға өріс ашу, ісқағаздарын жүргізуге арналған курстардың жұмысына баса көңіл бөлу.
Осы университеттің жанындағы лингвистикалық орталықтың директоры Жаннат Нұртілеуованың айтуынша, өздерінде орыс, түрік, қытай, француз, неміс, араб, ағылшын, жапон тілдерін үйрену бойынша курстармен қатар, енді жаһандану жағдайында әлемдік интеграцияға кірігу тілі ретінде ағылшын тілін игеруге басымдық беріліп отыр екен. Курста ағылшын тілінде ауызекі сөйлеп, пікірлесуге үйрету, сонымен қатар, магистратураға, докторантураға ағылшын тілінен емтиханға дайындық сабақтары жүргізіледі. Мысалы, ағылшын тілі оқытушылары мен мұғалімдеріне арналған «Language and Methology» атты семинар-тренингте студенттер мен оқушылардың практикалық қызметі, ауызша және жазбаша шеберліктері, дағдыларын дамыту қарастырылып, ол ағылшын тілінде сипат алған. Лингвистикалық орталықта тыңдаушыларға оқу курстарын аяқтаған соң арнайы үлгідегі сертификаттар табыс етіледі.
КӘСІБИ БІЛІКТІЛІКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
— Шетел тілі – инновацияның, ғылымның, технологияның тілі. Сондықтан, Атырау мұнай және газ институтында көптілділік жүйені енгізу жаһанның алдыңғы қатарлы ғалым мамандарымен кәсіби диалог құруға зор мүмкіндік береді, — деді Атырау мұнай және газ институтының қазақ тілі кафедрасының оқытушысы Ажар Жұпарғалиева. — ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының білім беру стандартына сәйкес институтымызда тілдерді оқытуға несиелер саны көбейтілді, көптілді білім беру орталығы ашылып, қазіргі таңда есеп және аудит, химиялық технология, электроэнергетика, Мұнай-газ ісі, теңіз техникасы мен технологиясы бакалавр мамандықтары көптілді білім беру бойынша оқитын топтар болып есептеледі.
Ажар Сенбайқызы дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін қажеттіліктен туған деп есептейді. Мәселен, Қазақстанда заң және экономика мамандары өте көп, олар жоғары білімімен жұмыссыздар қатарын лажсыз көбейтеді. Бірақ, көп компаниялар мен кәсіпорындардың мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын, орыс тілдерін білетін, өз мамандығының нағыз іскерлеріне, заңгерлер мен экономистерге зәру екендігі тағы шындық. Осы олқылықтардың орнын толтыру негізінде «Үш тұғырлы тіл» идеологиясы өмірге келіп отыр. Елімізге үш тілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, іскер, бүкіл әлем бойынша коммуникацияға түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар ауадай қажет.
«Қазтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалы мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маманы Гүлбаршын Балтілеуова ұжымда төл тілімізді қолдану және дамыту үдерісін жетілдіру ісіне тоқталып, одан туындайтын компания қызметкерлерінің тілдік әлеуетін дамыту деңгейін көтеру, ісқағаздарында мемлекеттік тілді толық деңгейде пайдалануға қол жеткізу, телекоммуникация қызметін тұтынушыларға өтініш жасаған тілде қызмет көрсету және мәдени-көпшілік шаралар арқылы қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде насихаттау жұмыстарын бейнекөрініс арқылы көпшіліктің назарына берді.
МАТЕМАТИКА – АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ
Семинарға қатынасушылардың назарын аударған, әсіресе, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Жем селолық округінің орталығы – Тұрғызбаға келіп, үш жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан жас мұғалім Айымгүл Мырзағұлованың «Үш тұғырлы тілдер саясатын жүзеге асыру негізінде математика пәнінде ағылшын тіліне үйрету» іс-тәжірибесі мен оның осы сала бойынша дәріс беру сәтіндегі бедерлі һәм мазмұнды бейнетүсірілімі болды.
«Қызғалдақ» балабақшасының әдіскері Нұрлықыз Ермекованың пайымдауынша, өркениет көшіне ілестіретін заманауи тілдерді балаларға кішкентай кезінен үйреткен тиімді. Біріншіден, балалар тілді табиғи түрде тез меңгереді. Екіншіден, балабақшада білім алуға барлық жағдай жасалынған. Бүгінде мектепке дейінгі бұл мекемеде үш тілді меңгеру үрдісі қалыптасып отыр, балаларды осы бастан еске сақтау, мәнерлеп оқу, әдемі, жатық сөйлеу мәдениетіне баулу үстінде.
Семинарда, сонымен қатар, Құрманғазы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Зияда Жоламановажәне оқушыларға сабақтан тыс өтетін шаралар арқылы үш тілді үйренуді меңгерту тәжірибесін қолданып жүрген жылыойлық ағылшын тілі пәні мұғалімі Эльмира Қартбаева да өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Тіл – халықтың ең басты қазынасы. Тіл білу – рухани байлық. Әсіресе, өркениеттік өрелік алға шығып, жаһанданудың лебі есіп тұрғанда көп тілді игергенге ешкімнің таласы бола қоймаса керек. Тіл арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты әмбебап, жаһандық құндылықтарға тарту, әлемдік кеңістік пен көршілес мәдениеттер өкілдерімен қарым-қатынас жасап, сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыруға болады, ол адамдар арасындағы келісім мен өзара түсінушілікті шешуге көмектеседі.
Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі, ал, келешек – жастардың қолында. Міне, бізге бұл орайда енді сөзден гөрі нақты істер керек.
Семинарды ашып, жүргізген облыстық басқарманың тілдерді дамыту, талдау және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Мәншүк Мұханбетқалиева осылай ой қорытты.