СӨЗ ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ
Бұрын хабарланғандай, Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өткен жексенбі күні Астанадағы «Көрме» кешенінде өткен болатын.
«Құрметті қауым! Жақын туыстары мен қалың жұртшылықтың келісімімен, Елбасы шешімімен Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Кекілбаев Әбіш Кекілбайұлының сүйегі Астана қаласындағы Ұлттық пантеонда жерленетінін хабарлаймын. Ұлы жазушы, қазақ халқының жарқын перзенті Әбіш Кекілбайұлының рухы елімен мәңгі жасайды», — деді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кемеңгер тұлға Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу қаралы жиынында.
Ұлттық пантеон – Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекеттік қайраткерлеріне арналған зират. 2013 жылдың қазанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ұлттық пантеонға алғашқы болып белгілі саяси қайраткер Орал Мұхамеджанов жерленген болатын. Ал, 2014 жылдың қаңтарында халық ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова, биылғы қазанда заң ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев пантеонға жерленген еді.
ҚазАқпарат.