Жарнама
Қоғам

«…СОЛ ҚАЗАҚТЫҢ БІРІМІН»

 

Елбасы кітапханасының мұ­ра­ғатында Мемлекет басшысына қатысты мол дерек сақтаулы. Солардың арасында біз үшін ерек­ше қызығушылық тудыратыны – Нұрсұлтан Назарбаевтың заман­дас­тарына, қатардағы қазақ­стандықтарға әр уақытта жолдаған хаттары. Бұлармен танысқан адам аса айтулы тұлғаның ресмиліктен тыс сәттерін, адами келбетін аңғара алады.

Президент 2009 жылдың 17 мау­сымында, осы сөйлем құралып жатқан сәттен тура алты жыл бұрын, мемлекет қайраткері, ақын, бүгінде бақилық Кәкімбек Са­лықовқа хат жазған екен. Сөз былай басталады: «Ел тарихында, сын кезеңдерде елді бірлікке шақырып, ерлікке баулыған кемеңгер бабаларымыз баршылық. Сол дәстүрді жалғастырып, өз ой-пікіріңізді «Егемен Қазақстанның» 17 маусым күні шыққан нөміріндегі мақалаңызда жарияладыңыз».

Яғни, таңертеңгілік поштамен танысқаннан кейін, бірден жан әсерін қағаз бетіне аударады. Қыруар іс, қайнаған тіршілік іші­нен мақала авторына тілектестік біл­діруге уақыт арнайды. Бұдан Елба­сының ел тамырының бүлкіліне енжар қарамайтын қаламгер атау­лыға құрметі көрінеді: «Мені көптен бері білетін болған соң, өз пікіріңізді білдіруге сіздің барлық қақыңыз бар. Мәселе онда емес. Бұл мақалаңыз ел тағдырын ойлайтын, елдің жайын білетін білімгер ел ағасының ойы деп білемін», дейді Президент.

Қазақстанның тәуелсіздігін хал-қадірімізді жұмсап, ілгерілету – баршамыздың алдымыздағы ұлық мұрат. Осынау ұлы парызды бойға сіңіре түсу барысында сол Азаттықты жариялаған Мемлекет басшысының әр сөзіне һәм сезіміне ерекше ден қойған абзал: «Астана ел тәуелсіздігінің алтын діңгегіне айналды. Алысты, жақынды таң қалдыратын ғажайып елордамызды орнату – Қазақстан тәуелсіз­ді­гін орнатумен тең дер едім.  Астана еркіндікті аңса­ған елі­міздің асқақ арманы мен жігерінен жаралған. Тәуел­сіздікті орнату бар және оны нығайтып ұстап қалу бар».

Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сөздері бір-ақ хатта қамтылғанымен, күллі қоғамға арналған үндеумен тең. Десек те, Елбасына жазуына, ең алдымен, Кәкімбек ағамыз көзі тірісінде қалай арқаланғанына, шабыттанғанына өзіміз куәміз. Газетте істеген кезімізде ақсақал Ас­тана туралы топтамасын қол­тық­тап, бірнеше рет келген. Бас қаланың басылымына әр өлеңінің жанына сурет қоса, жарқыратып жариялағанымызда, ағамыз мәз болып, балаша шаттанып еді.

Президент хатының соңы асыл мұратының ұшқынындай. «Жеке тұлғаға жазылған сөздерінде жүр» демесеңіз, бұл лебіз әлі-ақ қанатты сөздер жинақталатын талай кітапқа енгізілер. Әу баста-ақ эпистолярлық жанрға тән шынайылық туралы еске түсіргеніміз де осы болса керек: «Қазақ баласына бар күш-жігерін, білімін еліміздің алтын болашағына арнаудан артық қандай қасиетті борыш бар? Жоқ. Мен – сол қазақтың бірімін.  Келер ұрпақ  дәл осылай тәр­бие­ленсе деймін», деп толға­нады Елбасы.

Ерболат ҚАМЕНОВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші сарапшысы.

АСТАНА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button