СОҒЫС САЛҒАН ЖАРА
Әлпеш, Материя, Мария, Мағауия атты қыздары түгелдей тұрмысқа шығып, бойжетсе, шаруашылықтың түрлі саласына араласып жүрген ұлдары Жаңбырбай мен Меңдібай, Ізмұхан азаматтық борышын өтеуге әскерге барады. Кейін соғыс басталған шақта майдан даласына алынады. Бұл 1942 жылдың қаңтары еді. Ағалары баққан жылқыны ендігі уақытта күтіп, баптау тұрмыстағы қарындасы Мағауияға жүктеледі. Ол бұл кезде 24 жаста болатын, оның да бесіктен белі шықпаған ұлы бар-ды. Бірақ, ол «үйде жер таянған ата-ана, кішкентай сәбиім бар» деп есептесіп отыратын кез емес еді. Қайткенде де әр ісіміз жауға оқ болсын, жоқты бар, барды нар қылып, өзіміз аман жүрейік» деген арманның ғана заманы еді.
Қос қария майданға аттанған үш ұлдан алғашқы айларда «Біз ана қаланың тұсынан асып барамыз, мына қалада әскери дайындықты бастап кеттік» деп жазылған хаттарына көңіл көншітіп отырушы еді. Сөйтіп жүргенде, Меңдібай хабарсыз кетті. Ал, қырыққа енді шығам деп тұрған Жаңбырбай 1942 жылдың қыркүйегінде Сталинград түбіндегі жойқын соғыста тұтқынға алынады. Содан 1944 жылдың 19 мамырына дейін азаптау лагерінде болып, ақыры қайтыс болады.
1915 жылы туған Ізмұхан Әміржановтың тағдыры да мәз емес. Ол да алдыңғыларының кебін киіп, 1944 жылдың қарашасында Калининград облысының Задарген жерінде ескі жарақаттың зардабынан көз жұмады. Кейінгі уақытта ондағы бауырластар зираты Краснознаменск ауданының Добровольск кентіне көшіріліпті.
Сөйтіп, соғыс басталғанда 80-ге тақап қалған қос қария үш ұлдан да «хабарсыз кетті» дегеннен басқа еш жаңалық естіместен, бар үмітін өле-өлгенше үзбеді. Мұндай қатыгездік болар ма? Олар жылдар бойы үш ұлдың ең болмаса, «бірі өлді, не тірі» деген хабарды ұзақ жылдар күтіп, пәни дүниеге кете барды.
Олар еңбек етіп, шұрқыратып жылқы баққан Теңіз ауданының «Қызыл таң» колхозы да бұл күнде жоқ. Ол да әлдеқашан таратылып, адамдары әр жаққа жұмыс бабымен көшіп кеткен. Яғни, үш ұл мен қос қарияны еске алатын ересектер де жоқ. Уақыт деген сол екен… Жылдар өте соғыс сал-ған жара орны тегістеліп барады. Бірақ, соғыс салған жара еш уақытта ұмытылмайды. Ол бүгінгі ұрпақтар жадында жаңғырып тұрмақ.