«СІЗ ХАТ ЖАЗЫП ЕДІҢІЗ…»
Газетіміздің байырғы оқырманы, әрі авторы Сатыбай Ысқақұлы Алмалы ауылының кескін-келбеті, оны басқарып отырған ауыл әкімі Қайрат Қойшығали жайында жазады.
«Бес саусақ бірдей емес» демекші, барлық ауыл-аймақ ойлағандай болып тұрған жоқ. Ақсай – Атырау қаласына таяу орналасқан ауылдардың бірі. Өкініштісі сол, осы ауылда тұрғындарға қажет не емхана, не кітапхана, не спорт кешені, не балабақша жоқ екендігі туралы редакциямызға Ақсай ауылының тұрғыны Ардақ Сағынова жазыпты. Ақсай халқы өз сәбилерін осыдан екі жыл бұрын Ақжар ауылынан ашылған «Ақбөбек» балабақшасына апарады. «Жылма-жыл ауыл әкімі «бәрін жасаймыз» деп есеп бергенмен, алға жылжып жатқан іс жоқ,» — деп өз ренішін білдіреді автор.
Тұрақты авторымыз, Атырау қаласы тұрғыны Мырзабай Әзірбаев биыл тойланар Жеңістің 70 жылдығы жайында толғанады. Бүгінде 83 жастағы қария соғыс кезінде тылда еңбек еткен жылдарын, қиын-қыстау шақтарын былайша еске алады: «Каспий теңізінен құрақ шабамыз, оны жағада тұрған әйелдерге тасып береміз. Аяқтарымызға түйенің терісінен шарық тігіп киетінбіз. Оны қамыстың түбі кесіп кетеді. Не керек, айлап жүріп, ауыр жұмыс жасағаннан әбден діңкеміз құритын. Сол кезде біз бар болғаны он-он екі жаста болсақ та біраз жұмыс тындырып жүрдік…».
Жұмыскер-1 ауылынан хат жолдаған зейнеткер М.Отарұлы «Жеті ғасыр жырлайды» атты жыр кітабы жайында баяндайды. Кітаптың бірінші томында тоғыз ханды тоқтатқан Сыпыра жыраудан бастап Әбубәкір Кердеріге дейінгі қырық екі ақын-жыраудың шығармалары жинақталғанын, екінші томында да оқырмандар іздеп жүріп оқитын тамаша өлеңдер жарияланғанынан хабар береді. Редакцияға жолдаған хатын автор: «Аталар айтқан даналық сөздерге толы кітаптың оқыған жанға берері көп» — деп аяқтапты.
Редакциямызға кітапхана, жалпы білім беретін орта мектептер мен оқу орындарында өткен мәдени шаралар хабары көптеп келеді. Сондай шараның бірі – кітапханашылардың шешендік сайысы. Бұл жөнінде бізге Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана әдіскері Гүлжан Ескендір жазады. Автор рухани шараны насихаттаушылар арасында өткен бұл сайыстың барша кітапханашы мерейін өсіріп, тағылымды шара болғанын айтады. Сондай-ақ, Исатай аудандық орталықтандырылған кітапхана библиографы Зәуре Халидуллина ұлы ақын Абайдың 170 жылдығына, жазушы І.Есенберлиннің 100 жылдығына, сазгер Н.Тілендиевтің 90 жылдығына арналған кітап көрмелері ұйымдастырылып, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауға арналған альбом жасақталғаны туралы хабарлайды. Автор: «Кітапханамыз Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығын лайықты қарсылауға арналған үлкен кітап көрмелерін ашты,» — деп жазады.
Газетіміздің байырғы авторларының бірі Жарылған Сәрсен туған тіл туралы толғанса, 82 жастағы Сүйнат Жаңбырбайқызы әкесі жайында дерек берген жергілікті теледидар қызметкерлері мен тарихшыларға көптен-көп алғыс айтады. Қызылқоғадан хат жолдаған Н.Аяшова Гурьев педагогика институтында дәріс берген Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденді ұстаз Сабыр Қазыбаев жайында сыр шертсе, Бірлік ауылының тұрғыны Ә.Исимова Геолог селолық округінің әкімі Нұржан Қалыбайұлының адамгершілік қасиеттерін әңгімелейді. Ал, Бірлік ауылындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп мұғалімі Гүлсім Балмағанбет мектепте өткен мәдени-көпшілік шаралардан, Атырау қаласының жас натуралистер стансасының педагог ұйымдастырушысы Гүлнұр Кішкентаева өздерінде өткен семинардан, Кенбай орта мектебінің мұғалімі Жайық Қобыландыұлы жер атауларынан, №31 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Боранбай Жеңістің 70 жылдығына орай өткен шарадан, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкері Гүлзахира Қаленова өздері ұйымдастырған «дөңгелек үстел» мен семинардан мағлұмат береді.
Редакциямызға хат жолдаған авторларымыздың арасында көкейінде жүрген ойымен бөлісетіндер де аз емес. Айталық, Дамбы селосындағы Амангелді атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Әділ Өтеғали: «Естіп-білуімізше, қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, жоғары марапаттарға ие болған жерлестеріміз баршылық. Сондай-ақ, тағдырдың түрлі сыйымен шет аймақтарда қалып қойған аталарымыз туралы деректер табылып, олар газет беттерінде жарияланса деген тілегіміз бар» десе, сауда саласының үздігі Ғалия Харисова: «Қамза Ғабдолланың «Нарыннан шыққан Нарқыз» мақаласы маған да үлкен ой салды. Өйткені, мен Мария Қисымқызымен ұзақ жыл жұмыстас болған едім. Ол өзі алғыр да білікті, өз қызметіне тиянақты адам», — дейді.
Хат жазып тұрыңыз, қадірлі оқырман!