САЙЛАУБАЙ АҒАМДЫ САҒЫНАМЫН…

1986 жылдың сәуір айы. Сонау Ресейдің Қиыр Шығысында әскери борышымды өтеп келіп, алтын бесік ауылым Сарайшықтағы ауыл шаруашылығы Тәжірибе станциясында сиыр бақташысы болып еңбек етіп жүргеніме бір жылдай болып қалған еді. Ауылда өскен баламыз ғой, бақташы болуға қиналмадым. Оның үстіне,  әскер өмірінің қиындығын көріп келген жігітке ол не тұрыпты? Бақташылыққа қоса, «штаттан тыс тілші» деген атым да бар. Өйткені, сауыншылар мен бақташылар, механизаторлар өмірінен аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне репортаждар мен очерктер жазып тұратын едім.

Сол бір құбыла беттен сәуірдің жылы лебі ескен шуақты күндердің бірінде біздің үйге Сарайшық селолық кеңесінің сол кездегі хатшысы Ғайнолла Тайыров ағам келді. Ол: «Тарасжан, мен бүгін Махамбеттен аудандық газеттің редакторы Сайлаубай Тәжбентаевты жолықтырдым. Сені сұрады және өзіне «келіп кетсінші» деді. Шамасы, жұмысқа шақырайын деп тұрған сияқты», – деп мен үшін тосын әрі қуанышты хабарды жеткізді. Содан ертесі күні-ақ жұмыстан сұранып, аудан орталығына жетейін. Редактордың алдына барғанша жүрегім аузыма тығылды. Редактор бөлмесінде жалғыз емес екен. Қарсысында отырған сылыңғыр қара жігітті бірден таныдым. Біздің ауылға жиі іссапармен келіп жүретін Қадыржан Сабыров. Ол есіктен менің басымды көрген бойда: «Әй, мынау Наурызалиев қой, осы, Сәке, сізге айтқан жігітім» деді редакторға қарап. Сәкең: «Ә-ә, айналайын, кел, кел!» деп, орындықты нұсқады. Менің жүрегім бекер толқыпты. Редактор сондай бір ақсары жүзінен мейірім шуағы төгілген ғажап адам екен. Аз-кем амандық сұрасқан соң жұмысқа алғылары келетінін айтты.

– Қолымнан келер ме екен, – дедім мен дауысымның дірілін баса алмай.

– Егер анау «Тракторшы қарындас», «Еңбек майданындағы егіз құрбы» секілді очерктеріңді біреуге жазғызбай өзің жазған болсаң, онда қолыңнан келетіні кәміл. Қалғаны өзіңнің арыңа, талантыңа сын, – деп бір-ақ қайырды Сәкең. Бұл сөз маған қанат бітірді де:

– Нартәуекел, аға, істеймін! – дедім.

Сөйтіп, менің ізгі жүректі, дархан көңілді азамат, қарымды қаламгер, қырағы редактор Сайлаубай Тәжбентаевпен танысуым және алғашқы журналистік жолым осылай басталып еді. Оның редакторлық қырағылығы тек қолжазба өңдеумен немесе материал қараумен ғана байланысты емес-тін. Ол кісі таланттарды тануда да қырағы болатын. Журналистік жұмысымның алғашқы үш айы өткен тұста мені шақырып алып: «Саған ризамын. Қиналмай жұмыс жасап кеттің. Өйткені, табиғат берген қабілетің бар. Бірақ, бұл аздық етеді. Диплом міндетті түрде керек. Биыл Алла қаласа, анау Қадыржан ағаң мен Дәулетқали досың ҚазМУ-дың журналистика факультетіне барып, бағын сынағалы отыр. Сен де бірге барсаң қайтеді? Әлде күндізгі бөлімде оқығың келе ме?» деді. Мен о баста күндізгі бөлімде оқу ойымда болғанын, бірақ қазір журналистік жұмысты атқарып жүргеннен кейін жұмыс істеп жүріп сырттай оқыған тиімді болар деген ойымды айттым.

– Дұрыс айтасың, – деді редактор. – Рас, басқа салада істеп жүріп оқысаң қиын болуы мүмкін, бірақ болашақ мамандығыңда жасап жүріп оқу, керісінше, жеңіл дер едім. Журналистикада алып бара жатқан теория да жоқ қой. Сабақтардың көбі тәжірибелік тұрғыда өтеді. Тек жалқау болмаңдар. Мен байқаймын, көбіне бірінші-екінші курстарда студенттер оқудың қадірін білмейді. Ал, нағыз қиын сабақтар сол бастапқы курстарда жүреді. Содан өтіп кетсеңдер, жоғары курстардағы мамандандыру пәндерінен аттай желіп өтесіңдер ғой.

Ағамыздың айтқаны келді. Үшеуміз де оқуға түсіп кеттік. Және бастапқы курстарда үштен көз ашпаған біздер жоғары курстарға келгенде кілең бестікті қанжығамызға байлап, дипломды да беске қорғап шықтық. Осы ретте Сәкеңнің азаматтық келбетіне қатысты бір эпизодты айту керек. Біздер, бір редакцияның үш жігіті, қаздай тізіліп емтихан сессиясына барғанда өзге курстастарымыз: «Үшеуіңді бірдей қалай жіберді?» деп таңғалатын. Өйткені, бір газеттен жалғыз адам боп келетін жігіттердің өзі басшылары жібермегендіктен сессияға кешігіп келіп жататын. Сонда біз: «Біздің редактор – алтын, сендердің редакторларың – мыс» деп оларды келемеж қылатынбыз. Әй, жастық-ай! Және Сәкең біздің оқуымызға біз емес, өзі оқып жүргендей жауапты қарайтын. Сессияға шақырту келген күні бас есепшіміз Ақлима апайды (ол кісі әлі күнге дейін істейді) шақырып алып: «Ақлимаш, мына балалардың учебный отпускісін есептеп, ақшаларын бер. Сессия басталардан екі күн бұрынғы самолетке билет алып қойсын» дейтін. Иә, ол кезде кәдімгі еңбек демалысынан бөлек оқу демалысы дейтін болатын. Қыруар ақша қолыңа тиеді. Міндетті түрде самолетпен ұшамыз. Қайран заман-ай. Бүгінде ертегі сияқты.

Сөйтіп, біз әуелі Алланың нәсіп етуі, одан соң Сәкеңнің дархан пейілі арқасында Алматыда сайраңдап жүріп, оқу бітірдік. Менің бұл мысалдарды келтіргендегі мақсатым – Сәкеңнің портретін осындай нақты әрекеттер, тебіреністі эпизодтар арқылы ашу. Әйтпесе, құр «жақсы еді, керім еді» деу оқырманды қызықтырмайды ғой. 

Сайлаубай аға редакция қызметкерлерінің демалысын да жақсы ұйымдастыруға көңіл бөлетін. Бір күні «Қызыл бұрыш» деп аталатын бөлменің ішіне дәу биллиард үстелін әкелдіріп қойды. Жігіттер газет шыққан күннің ертесінде сарт-сұрт еткізіп, биллиард ойнайтын болды. Бөлменің тағы бір бұрышындағы үстелде шахмат тақтасы тұратын. Одан бөлек, «Демалыс бөлмесі» деп аталатын тағы бір бөлме болды. Онда күніне кем дегенде бір рет бүкіл ұжым болып шай ішілетін. Сәкеңнің «Әй, қыздар, бестің шайы қайда?» деп тұратыны әлі күнге көз алдымда тұр.

Сайлаубай ағамның жұмысқа шақырып алуы менің жеке өміріме жағымды өзгерістер енгізді. Осы ортадан өмірлік қосағымды таптым, осы жерде жүріп оқу бітірдім. Біз үшеуміз диплом алып келгенде ол кісі балаша қуанды. Одан кейін талапты да қатты қойды. Бір күні мені шақырып алып: «Материалға тақырып қойғанда ассонанс, аллитерация тәсілдерін қолданған жөн. Сонда тақырып әдемі болады. Мәселен, «Алты алаштың ардағы» десек, бұл – ассонанс. Үш сөз де бірыңғай дауысты дыбыстардан басталып тұр. Ал, аллитерация, керісінше,  бірыңғай дауыссыз дыбыстардан басталатын сөздерден тұрады. Мысалы, «Тамыздың тамылжыған түні» деген секілді. Осыны ескергейсің», – деді де, өзінің алдында жатқан менің «Шарбақтың дауы» деп аталатын мақаламның тақырыбын тура көзімше «Шарбақтың шатағы» деп өзгертті. Содан соң маған әдеттегісінше көзәйнектің астынан көзін сығырайта, күлімсірей қарап, «Қалай, әдемі болды ма?» деді. Мен ризашылықпен бас изедім. Міне, Сәкеңнің мектебі, қазіргіше айтқанда мастер класы. Қай жағынан да тамаша адам еді ол…

Тарас НАУРЫЗӘЛІ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз