Жарнама
Қоғам

СИҚЫРЛЫ СУРЕТ СЫРЫ

Рәш Сүлейменқызы Құлсары қаласының тұрғыны. Сол жерде туып-өскен. Кең Жылыойдың кеңпейіл қызы жасынан сурет салу өнерін бойына сіңірсе де, оған аса мән бере қоймапты. Анасы Рақила заманында алаша тоқудың шебері болыпты. Анадан дарыған шеберлік Рәшті осы суретке алып келгенге ұқсайды. «Орыс мектебінде оқыдым. Зерек едім. Ол кезде еңбек сабағына үлкен мән берілетін. Бізге осы пәннен Александр Завершинский деген ұстаз сабақ берді. Ол кісіні құлсарылықтар ғана емес, өңірдің барлығы біледі. Сол кісі маған алғаш рет суретті күйдіріп салу шеберліктерін үйретті. Бұны пирографика деп атайды. Содан бері бұл өнер менің жаныма сіңіп қалғандай. Бірақ, менің бұл өнерім жөнінде көп ешкім білмейтін. Одан бері талай керуен көшті ғой… Өзіміз оқыдық, өндік. Балалы-шағалы болдық. Оларды өсіріп, жетілдірдік. Жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билеген кездер де болды. Отбасы берекесі, бала тәрбиесі, қызмет тауқыметі, әйтеуір, осындай тіршілік түйткілдері мені сүйікті ісімнен еріксіз алшақтатты. Не керек, мен қолымды суретке тигізбегеніме көп уақыт болды. Содан жүрексіне тұра сүйікті ісіме қарай қайта оралдым. Белгісіз бір күш көңілімді солай қарай тартты да тұрды. Талай жыл қолыма қалам алмай, сурет әлемінен алыстап кетсем де, күн сайын айналысып жүрген ісім сияқты ойым да, қолым да зырлай жөнелгенде қатты толқыдым. Жалпы бойға біткен нәрсе ұмытылмайды екен. Бұл өнерді жанымдай жақсы көремін. Қазір зейнеткермін ғой. Немерелерімді алып, қолым бос болғанда, суретке отыратын болдым. Осылайша сиқырлы сурет әлеміне қайта оралғандаймын» дейді Рәш апа ағынан жарылып.
«Кейде ескі фотоальбомдарды қарап, өткен-кеткендерді есіме түсіретінім бар. Фото деген — тірі тарих. Өкінішке орай, адам өмірі мәңгілік емес. Әркімнің де қимас, сыйлас жандары болады ғой. Сол адамдардың суреттерін қарап отырсаң тура өздерімен кездескендей әсерде боласың. Жақында сол әдетіммен суреттерді ақтарып отырсам, қолыма үшінші облыстық әйелдер съезіне Құлсарыдан қатысқан бір топ делегат әйелдердің фотосы түсті. Көбі арамызда жоқ екен. Толғана келіп, солардың суреттерін сала бастадым. Олардың арасында Сали Шәкірова, Мира Завершинская, Алуа Омарғазиева, Қымбат Есалиева, Күләш Досмұхамбетова, Кенған Ахметова, Нұрбөпе Батырбаева, Фатима Қапашова, Үміт Габдулкаримова сияқты елге елеулі, халыққа қалаулы болған аяулы апаларымыз бар» деп Рәш Сүлейменқызы — өткен өмір белестеріне көз жіберіп, сонау көз ұшында сағымдана түскен асыл бейнелерді сағына түскендей бір сәт үнсіз қалды.
Саналы өмірінің қырық жылын бала тәрбиесіне арнап, ұстаздық еткен Рәш Сүлейменқызы – бүгінгі күні құрметті демалысқа шығып, еңбегінің зейнетін көріп жүрген бақытты ана, асыл әже. Жолдасы Шыңғысхан екеуінің бауырынан тараған бес баладан көріп отырған алты немере – олардың өмірін қуанышқа бөлеп, отбасының сәнін келтірген көз қуаныштары. Барлығының да сурет салуға бейімдері бар. Бүгінгі күні апайдың қоржынында майлы бояумен, әртүрлі қарындаш түрлерімен салынған, күйдіріп салған қырықтан астам еңбектері бар екен. Біршамасы жергілікті мұражайға қойылыпты. Абай, Шоқан, Жамбыл және Саламат Мұқашевтің портреттерін салғандығын апай мақтанышпен айтады. Бір қуанарлығы, Құлсары қаласында Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Рәш апайдың арнайы көрмесін ұйымдастыру жоспарланыпты. Бұл жақсы шараны талантты бағалау және талант иесіне көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Жасы алпыс бестегі Рәш апаймен жүздес болған аз ғана уақыт бізді үлкен әсерге бөледі. Саусағынан өнері тамған шеберлігімен қатар, мейірімді жүзінен шуақ ескен құлсарылық суретші Рәш апайды көктем мерекесі — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, деніне саулық, басына амандық және шығармашылық табыстар тіледік.
«Ел іші – өнер кеніші» деген, өз өнерімен ел еңсесін көтеріп жүрген Рәш апайымыздың өнегелі ісі кейінгі жастарға сабақ болары анық.

А.МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button